2025 жылы Enbek.kz Электронды еңбек биржасында жарияланған түйіндемелер саны бос жұмыс орындарынан 125,8 мыңға артық болып шықты. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді.
Жыл қорытындысы бойынша порталда 1 млн 328 мың бос жұмыс орны және 1 млн 453,8 мың түйіндеме тіркелді.
Жұмыс іздегендер шілде айында аса белсенді болды, ал жұмыс берушілер сұранысы тамыз-қазан айларында көбейді.
Салалар бойынша сұраныс негізінен әлеуметтік бағыттарға шоғырланды. Білім беру саласында 380,6 мың вакансия, денсаулық сақтау саласында 117,4 мың бос орын жарияланған.
Өңірлер арасында солтүстік және шығыс өңірлерде түйіндемелер тапшылығы байқалса, оңтүстік өңірлерде, керісінше, жұмыс іздеушілер саны бос жұмыс орындарынан айтарлықтай көп болды.
Былтыр сұранысқа ие мамандар қатарында медбикелер, тәрбиешілер, жүргізушілер мен санитарлар болды.
Ең жоғары жалақы флоттағы штурман, тау-кен саласындағы басшы орынбасарлары және бұрғылау қондырғыларының машинистеріне ұсынылған.
2025 жылдың қорытындысы бойынша елде 629 кәсіпорын өз жұмысшыларына 3,1 млрд теңге жалақы қарыз екені анықталды.
фото: freepik.com

