Қазақстан ұлттық банкі жылдық базалық ставканы 16,5%-дан 18% деңгейінде бекітті. Бұған дейін елде мұндай көрсеткіш тіркелмеген.
Реттеуші бұған инфляцияның күшейгені себеп болғанын атап өтті. Жылдық инфляция тамыз айынан қыркүйек айына дейін 12,2%-дан 12,9%-ға өскен.
Бірақ Қазақстандағы базалық мөлшерлеме соғыс болып жатқан елдердікінен жоғары болып шықты.
«Азық-түліктің жекелеген санаттары қарқынды түрде қымбаттап келеді. Бұл өндіріс шығындарымен және импорт құнының өсуімен байланысты. Сонымен қатар сервистік инфляция да (15,3%) реттелетін қызметтердің (30,4%), сондай-ақ бірқатар нарықтық қызметтердің қымбаттауы есебінен айтарлықтай үлес қосты. Жанар-жағармай нарығын ырықтандыру шараларын жалғастыру аясында азық-түлікке жатпайтын инфляция қарқын ала бастады (10,8%) – отын бағасы бір жылда 11,9%-ға қымбаттап, қыркүйекте 3,4%-ға өсті», — деп хабарлады ұлттық банк.
Базалық ставка — бұл елдің орталық белгілейтін негізгі пайыздық мөлшерлеме. Ол экономиканың жалпы ақша айналымына, несие беру мен алу бағасына және инфляция деңгейіне тікелей әсер етеді.
Несие нарығы өзгереді
Сарапшылар осыған байланысты екінші деңгейлі банктер кредиттердің пайызын өсіретінін болжап отыр.
– Алдымен ұлттық банк базалық ставканы көтеруге мәжбүр екенін түсініп алуымыз керек. Бұл ұлттық банк саясатына емес, инфляция қысымына байланысты. Себебі елде инфляция күшейіп келеді. Жылдың соңында инфляция 14-15% деңгейінде болуы ғажап емес. Енді несие де қымбаттайды. Екінші деңгейлі банктер кредит саясатын қайта қарастырады. Соның салдарынан халық кредит алуды қойып, депозитке ақша жинауға көшеді. Бір жағынан нарықта тауар мен қызметке сұраныс азаяды.
Әрине, бизнеске де оңай болмайды. Кәсіпкерлер де несие алудан тартына бастайды. Бірақ маржасы көп салада жүргендер кредит алуды тоқтатпайды. Несиенің пайызының көтерілуі тауар мен қызмет бағасын өсіретіні анық. Әрине, кәсіпкерлердің бәрі тауарларын күрт қымбаттата алмайды. Себебі бағаны тым шарықтатып жіберсе, бәсекелестері ұтып кетуі мүмкін. Дегенмен бизнес иелері халыққа ең қажет тауардың, мәселен, күнделікті тұтынатын азық-түлік бағасын өсіре алады. Өйткені тұтынушылар мұқтаж затты қанша қымбат болса да, сатып алуға мәжбүр болады, – деді экономист Арман Бейсембаев.
Оқыңыз:
Банктер кірісінің бір бөлігін жоғалтады
Брифингте ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов банктер үшін ең төменгі резервтік талаптарды (МРР) арттыру арқылы экономикадағы артық өтімділік көлемін 3,7 трлн теңгеге қысқартуды көздеп отырғанын мәлімдеді.
Төраға осы шешім банктер үшін қолайсыз болатынын жасырмады.
«Ең төменгі резервтік мөлшерлеменің ұлғаюы банктерге олардың шотымызда сақтаған резервтері бойынша пайыздарды төлемейтінімізді білдіреді. Әлбетте, бұл банктерге ұнамайды. Бұл банк секторының кірістерін, біздің бағалауымызша, 450-500 миллиард теңгеге азайтады», – деп түсіндірді ол.
Артық өтімділік — банктер жүйесінде шамадан тыс көп ақшаның айналымда болуы.
Банк секторындағы меншікті капиталдың рентабельділік деңгейі – 30,9%. Сүлейменов бұл көрсеткішті өте жоғары деп бағалады. Сондықтан банктерге бұл үшін дау көтерудің қажеті жоқ. Оған қоса ең төменгі резервтік талаптар 0 де 2% деңгейінде қалып келеді. Ал басқа елдерде 15% шамасында болады екен.
Украина мен Ресейде базалық ставка төмен
Ақпарат құралдары Қазақстанның базалық ставкасы соғыс болып жатқан аймақтар – Ресей мен Украинаның базалық мөлшерлемесінен жоғары болып жатқанын жазып жатыр. Қыркүйек айында Ресей орталық банкі базалық мөлшерлемені 17%, ал Украина ұлттық банкі 16,5% деңгейінде бекітті.
- Қазақстан – 18%;
- Ресей – 17%;
- Украина – 16,5%.
«Ресейде инфляция қарқыны біртіндеп тұрақталып келеді. Жылдық инфляция – 8,2%. Осыған қарап орталық банк базалық ставканы 17%-ға түсірді және қатаң ақша-кредиті саясатын жалғастыратынын мәлімдеді», — деді брифингте Тимур Сүлейменов.
Оқыңыз:
Депозит сыйақысының тиімді мөлшерлемесін инфляция құнсыздандырады
Қарашада не күтеміз?
Шетелдік сарапшылар да ҚР ҰБ мұншалықты ставканы көтеретінін тап басып айта алмаған. Рейтер жүргізген сауалнамада 17,00-17,50% деңгейінде болады деген болжам айтылған.
Қаңтар-тамыз айларының қорытындысы бойынша жылдан жылға экономикалық өсім 6,5%-ды құраған. Бірақ өсім көрсетіп жатқан салалар бюджет қаражатына тәуелді болып шықты.
Ұлттық банк төрағасы инфляция болжам деңгейінен жоғары болып отырғанын, базалық ставканы ұстап тұру туралы нақты шешім 28 қарашаға дейін қабылданатынын мәлімдеді.
«Бұл шешім экономиканы тұрақтандыруға тікелей бағытталған. Несиелер, әсіресе тұтынушылық несиелер қымбаттап, оларды рәсімдеу азаяды. Бұл ретте теңгедегі депозиттер бойынша пайыздық мөлшерлемелердің өсетіні, ақша жинауға көңіл бөлінетіні анық», — деп жазды экономист Руслан Сұлтанов.
Оқыңыз:
Қазақстанда медианалық жалақы – 317 000 теңге. Нақты статистика осы ма?
фото: pixabay

