2025 жылдың шілде айында еліміздің банктері биржадан тыс нарықта 79,5 миллиард рубль сатқан. DataHub талдауына сәйкес бұл маусым айындағы көрсеткішпен салыстырғанда 2,2 есе жоғары.
Ұлттық банк таратқан деректерге сүйенсек, бұл сома теңгемен есептегенде 536,8 миллиардты құрады. 2015-2022 жылдары банктер ай сайын орта есеппен небәрі 1,4 млрд рубль сататын.
2022 жылы ғана бұл көрсеткіш рекордтық деңгейге жеткен: сәуірде – 147,9 млрд, желтоқсанда – 99,7 млрд рубль. Алайда ол кезде банктер арнайы операциялар жүргізіп, еншілес компаниялардан валюта тартқан болатын. Ал биылғы өсім нарықтық жолмен жүзеге асып отыр.
Сонымен қатар шілде айындағы рубльдің 75%-ын резидент емес шетелдік банктер мен қаржы ұйымдары сатып алған.
Экономист Айбар Олжай Sarapshy.Info ақпарат агенттігіне берген сұхбатында рубль саудасына қатысты пікірін білдірді.
«Қазір рубль бағамы көтерілді, бұл – аталған валютаны сату банктер үшін тиімді деген сөз. Бағам жоғары болған сайын, сату арқылы түсетін таза пайда да арта түседі. Сатып алушылардың басым бөлігі шетел азаматтары немесе шетелдік компаниялар болғандықтан, рубль шекара асып кетіп жатыр.
Ұлттық банк әзірге қандай да бір реттеу шараларын қабылдауға міндетті емес. Өйткені бұл – нарықтың қазіргі жағдайына сай қалыптасқан сұраныс. Рубльге деген сұраныс кез келген сәтте динамикалық түрде өзгеруі мүмкін. ҰБ рубльден түскен қаражатты басқа активтерге салуы да мүмкін», – деді сарапшы.
фото: freepik.com

