2025 жылдың жартыжылдығы бойынша Қазақстанда медианалық жалақы мөлшері – 317 512 теңге деп есептелінген.
Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша кәсіпорындарда жұмыс істейтін 3 338 300 адамның бір айдағы жалақы көрсеткіштері есепке алынған.
«2025 жылғы зерттеу нәтижесінде жұмысшылардың медианалық жалақысы 317 512 теңгені құрады. Өткен жылы медиана жалақысы, яғни жалақы мөлшерінің тең жартысынан жоғары және керісінше төмен болатын орталық көрсеткіш 285 677 теңге болған. Осылайша, медиана жалақысының мөлшері бір жыл ішінде 11,1% өскен», – деп хабарлады бюро.
Ресми ақпарат бойынша орта білімді қызметкер 290 000 теңге, жоғары білімді жұмысшы 500 000 теңгеге жуық орта жалақы алады.
Медианалық жалақы — бұл барлық қызметкердің жалақысын ең азынан көбіне дейін есептеген кезде дәл ортасында тұрған жалақы мөлшері. Яғни қызметкерлердің жартысы осы қаражаттан аз, ал екінші жартысы одан көп табыс табады. Бұл көрсеткіш орташа жалақыға қарағанда шынайырақ, себебі өте жоғары немесе өте төмен жалақылар оған әсер етпейді.
Сарапшы Нұрсұлтан Ерболатұлы медианалық жалақы есептелгенде халық табысы толық ескерілмейтінін айтты.
«Елімізде медиандық жалақыны есептеу әдістемесі халықаралық еңбек ұйымы бекіткен әдістеме бойынша жүргізіледі. Қазақстан бұрын тек орташа жалақы бойынша тоқсандық статистика жариялап келген. 2023 жылдан бастап медиандық және модальдық тоқсандық есептер шыға бастады. Орташа және медианалық жалақы есептеу кезінде еңбекке жарамды халықтың барлығын есептемейді. Тек қызметкерлер саны бойынша көрсеткішті алға тартады. Бұл дегеніміз жеке кәсіпкер (ИП), келісім шарт бойынша жұмыс істейтіндер сияқты миллиондаған адам есепке алынбайды деген сөз. Әдістеме сондай. Қазіргі әдістемеде тек 3,3 млн жұмысшы есепке кіреді. Нақты айтқанда, жалақыға қатысты барлық статистика тек 3,3 млн адаммен есептелінеді», — деп түсіндірді Нұрсұлтан Ерболатұлы.
Экономист инфляция табыс өсімін жоққа шығарып жатқанын тілге тиек етті.
«Егер еңбекке қабілетті халықтың барлығын алып қарасақ, орташа жалақы елімізде бұдан әлдеқайда төмен. Сонымен қатар оның өсімі де көңілге толмайды. Жалақының нақты өсімі өте нашар, себебі табыс өсімі инфляциядан ұтылуда», – деді қаржыгер.
Жаңа конвенциядан не күтеміз?
9 қазан күні сенат «Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төмен жалақыны белгілеу туралы конвенцияны (131-конвенция) ратификациялау туралы» заңды мақұлдады.
Оқыңыз:
Қазақстанда ең төменгі жалақыны көтеруді талап ететін петиция жарияланды
Сенат отырысында Мәулен Әшімбаев нақты жағдайды есепке алу керек екенін айтты.
«Әдістемеңізде медианалық жалақы мен еңбек өнімділігіне баса назар аудардыңыз. Бірақ әңгіме нақты өзгеріс жасауда. Өзіңіздің қолыңызбан түзетілетін құрғақ макроэкномикалық көрсеткішітерді ысырып қойып, адамдардың тұтыну қабілеті мен өмірлік стандартын есепке алу керек. Сонда ғана конвенцияның мәнін түсінеміз», – деп ескертті Еңбек министріне сенат спикері Мәулен Әшімбаев.
Еңбекті және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Асқарбек Ертаев жаңа конвенция бойынша ең төменгі жалақы 2030 жылға қарай медианалық жалақы деңгейінен 50% жоғары болатынын хабарлады. Сенат кулуарында Ертаев қазіргі медианалық жалақы бір айда қазақстандықтардың өмір сүруіне жеткілікті деп есептейді.
Экономист Руслан Сұлтанов жалақы өсімі ел экономикасына айтарлық әсер етпейді деп санайды.
«Табыс өсімімен бірге шығын да артты. Бір адамға шаққанда орташа шығын көлемі 311 192 теңгеге, тұтынуға кеткен қаражат 315 252 теңгеге жетті. Орта есеппен табыс көлемінің 98,7%-ы тауар мен қызмет сатып алуға жұмсалады. Ал жинаққа немесе инвестицияға айтарлықтай ештеңе қалмайды», — деп жазды Руслан Сұлтанов.
Айта кетейік, 2025 жылдың алғашқы тоқсанындағы көрсеткіш бойынша Батыс Қазақстан облысы – жалақы өсімі ең төмен өңірлердің бірі.
Оқыңыз:
фото: pexels

