Енді Қазақстан банктері азаматтардың шетелдік интернет-компанияларға жасаған төлемдері туралы ақпаратты мемлекеттік кірістер комитетіне жолдауға тиіс. Бұл талап Қаржы министрінің 3 қарашада қол қойған бұйрығында көрсетілген.
Жаңа тәртіпке сәйкес банктер мен төлем ұйымдары шетелдік компаниялардың пайдасына жасалған төлемдер мен аударымдардың жиынтық сомасы туралы мәліметті әр тоқсан сайын салық органдарына жолдап отырады.
Қазір елде 118 шетелдік цифрлық компания жұмыс істейді. 2025 жылы олар Қазақстанға 50 млрд теңге көлемінде салық төледі.
Комитет өз кезегінде Қазақстан аумағында интернет арқылы қызмет көрсететін шетелдік компаниялардың тізімін «Smart Data Finance» ақпараттық жүйесінде әр тоқсаннан кейін айдың 5-і күніне дейін жариялап отырады.
Айта кетейік, салық органдары азаматтардың микроқаржылық ұйымдардағы қарыздарын анықтау үшін 24 қазаннан бастап аталмыш компанияларды ақпарат жолдауға міндеттеді.
фото: freepik.com

