2025 жылы Қазақстанда 888,8 мың тонна өсімдік майы өндірілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 17,4%-ға жоғары. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.
Қазақстан күнбағыс майын экспорттаушы әлемдік ТОП-10 елдің ішінде 8-орында тұр. Өткен жылдың 11 айында өсімдік майының экспорты 34,6%-ға артқан. Өнім Өзбекстан, Қытай, Тәжікстан, Ауғанстан және Түрікменстанға жөнелтілді.
Былтыр майлы дақылдар егілген жер көлемі 3,9 млн гектарды құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 37,7%-ға артқан. Оның ішінде күнбағыс алқабы 491,1 мың гектарға немесе 38,4%-ға кеңейтілді.
Егіс алқаптары негізінен Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Ақмола, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында орналасқан.
2025 жылы 4,8 млн тонна майлы дақыл жиналды: оның 2,3 млн тоннасы күнбағыс өсімдігіне тиесілі. Күнбағыс майының өндірісі 757,2 мың тоннаға жетті.
фото: freepik.com

