Қазақстанда долларға сұраныс артып, жалпы баға өсіп жатыр

Ұлттық Банк әлемдегі экономикалық жағдайдың  тұрақсыздығын, әсіресе АҚШ долларының күшейіп, басқа елдердің валюталары әлсіреп жатқанын мәлімдеді. Атап айтқанда, DXY индексі қыркүйек айынан бері 5,5%-ға артып, ЕМ валюталарының индексі қыркүйек айының соңынан 4,1%-ға төмендеді.

Мұнай нарығында да жағдай қуанарлық емес. Бұл жаһандық деңгейде мұнайға сұраныстың баяу өсуімен байланысты. Сонымен қатар, мұнай экспорттаушы елдер ұйымы (ОПЕК+) мұнай өндірісін көбейтуге дайындық жасап жатыр. Қазіргі уақытта бір баррель мұнайдың бағасы 71-72 АҚШ долларға төмендеді.

Ішкі валюта нарығында экономикалық агенттер тарапынан шетел валютасына сұраныстың артуы және валюта нарығында, оның ішінде квазимемлекеттік сектор тарапынан ұсыныстың шектелуі байқалады.

Валюта нарығында тепе-теңдік бұзылып, шетел валютасына деген сұраныс күрт өсіп кетті. Бұл жағдай инвестициялардың қымбаттауына және жалпы бағаның өсуіне әкеліп соқтырды. Осыған байланысты үкімет шетел валютасын сатуға міндеттеу арқылы нарықты тұрақтандыруға шешім қабылдады. Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімдерінің 50%-ын міндетті түрде сату талабы қайта енгізіледі. Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиісті қаулысы мен Ұлттық Банктің бұйрығы әзірленіп, жақын күндері қабылданады.

Бұған дейін бұл талап 2023 жылдың тамызына дейін қолданыста болған, алайда макроэкономикалық жағдайдың өзгеруіне байланысты уақытша тоқтатылған еді.

DXY индексінің өсуі: DXY индексі дегеніміз – АҚШ долларының басқа бірнеше ірі валюталарға қатысты ықпалын көрсететін көрсеткіш. Осы индекстің өсуі АҚШ долларының күшейіп жатқанын білдіреді.

ЕМ валюталарының индексінің төмендеуі: ЕМ валюталары дегеніміз – әдетте дамушы елдердің валюталары. Олардың индексінің төмендеуі осы елдердің валюталарының құнының түсіп жатқанын аңғартады.

Сурет: Pixabay

Әлеуметтік желілер арқылы бөлісуді ұмытпаңыз