Қазақстанда алғаш рет өтетін Көшпенділер ойыны туралы не білеміз?

Қазақстанда 8 қыркүйекте рухты атойлатар Дүниежүзілік көшпенділер ойындары басталады. ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген спорт жарысы әр екі жыл сайын өтеді. Астанада болатын ойынға 100-ден астам елден төрт мыңға жуық спортшы келеді деп жоспарланып отыр.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының тарихы

Алғаш рет Қырғыз Республикасында өткен халықаралық спорттық шара әлемдік мәртебеге ие болып, барған сайын Еуразия кеңістігін ғана емес, басқа да көптеген елдерді қамтып, кең аудиторияның назарын аударды. Дүниежүзілік ойындарды өткізу құқығының Қазақстанға берілуімен ойындарды өткізетін елдердің тізімі де кеңейді.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – этникалық спорт түрлерінен өткізілетін халықаралық спорт жарыстары. Ойындар Орталық Азияның тарихи көшпелі халықтарының ұлттық ойындарына негізделген.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары адамзат өркениетінің мұрасы ретінде этноспорттық және этномәдени қозғалысты дамытуға бағытталған.

2014, 2016 және 2018 жылдары алғашқы ойындар Қырғызстанның Шолпан Ата қаласында өтті.

Ал 2022 жылы Түркияның Изник шаһарында төртінші Дүниежүзілік ойындар ұйымдастырылды.

Жарысқа 2014 жылы – 19 елден 10 спорт түрінен 583 спортшы, 2016 жылы – 62 елден 26 спорт түрінен 1 200 спортшы, 2018 жылы – 82 елден 37 спорт түрінен 2 000 спортшы, 2022 жылы – 102 елден 13 спорт түрінен 3 000 спортшы қатысты.

Қай елдер қатысады?

Көшпенділер ойындарына бірінші кезекте халқы көшпелілер өркениетінің мұрагерлері саналатын елдер қатысады. Ал Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына әлемнің түкпір-түкпірінен, соның ішінде көшпенді емес елдерден де командалар қатыспақ.

Осыған дейінгі ойындарда кім көшбасшы болды?

Ашық дереккөздерге сүйенсек, 2014-2018 жылдар аралығында алғашқы үштікте Қырғызстан (81 алтын, 77 күміс, 79 қола), Қазақстан (40 алтын, 46 күміс, 52 қола) мен Ресей (29 алтын, 17 күміс, 42 қола) тұр. Сонымен бірге Түрікменстан мен Өзбекстан спортшылары да айтарлықтай нәтиже көрсеткен.

Түркияда өткен ойындарда да көшбасшылар қатары осындай болған. Екінші орында тұрған Қазақстан еншісіне сол жолы жалпы саны 72 медаль бұйырды. Атап айтқанда, 18 алтын, 24 күміс пен 30 қола.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізуге рұқсат берген Қазақстанның өтінімін былтыр қыркүйек айында Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясы бірауыздан қолдады. Түркістанда өткен Құрылтайда Мемлекет басшысы Көшпенділер ойынының маңызын ерекше атап өтті.

Ойындардың өтетін уақыты

ДКО Қазақстан Республикасының Астана қаласында 8-13 қыркүйек аралығында өтеді.

Қыркүйек айы – көшпенділерде жазғы жайлаудан қысқы қонысқа көшудің аяқталуын білдіретін уақыт.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасы

Астананың ең үздік спорт алаңдарында 20-дан аса спорт түрінен жарыстар өтіп, спорттың 10 түрі арнайы дүйім жұртқа таныстырылады. 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Атап айтқанда:

• Көкпар
• Көк бөрү
• Бәйге
• Теңге ілу
• Аударыспақ
• Powerful nomad
• Жамбы ату
• Құсбегілік
• Дәстүрлі садақ ату
• Қазақ күресі
• Алыш
• Кураш
• Арқан тартыс
• Ашыртмалы аба гюреши
• Мас-рестлинг
• Асық ату
• Ордо
• Тоғызқұмалақ
• Овари
• Мангала

Ойындарды Қазақстанда өткізудің маңызы қандай?

Ойындар Қазақстандағы ұлттық спорт түрлерін дамытуға септігін тигізеді. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында шағын және орта бизнестің, оның ішінде туризм, қолөнер, қызмет көрсету салаларының дамуына жол ашылады.

Сонымен қатар Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының мәдени және спорттық бағдарламасы Қазақстандағы этникалық туризмді дамытуға серпін беретіні сөзсіз.

Спорттық жарыстар мен мәдени шараларды тамашалауға 100 мыңнан астам қазақстандық және шетелдік турист келеді деп жоспарланған.

Шетелдік туристер мен жарыс қатысушылары үшін спорт нысандарының жанында орналасқан елорданың үздік 23 қонақ үй кешенінің қызметі ұсынылады.

«Көшпенділер ғаламы» этноауылы

Ойындар басталмастан бір күн бұрын «этноауылдың» ашылуы өтеді. Ауыл «Қазанат» ипподромына іргелес аумақта, шамамен 10 гектар жерде орналасқан.

Этноауылдың бірегей концерттік алаңында күн сайын мәдени шаралар өткізіледі. Соның ішінде Қазақстанның үздік қолөнершілерінің ең ірі көрме-жәрмеңкесі және шеберлер өз қолөнерінің қыр-сырымен бөлісетін шеберлік сабақтары болады.

Еліміздің айтыскерлері қатысатын дәстүрлі «Айтыс» ақындар мүшәйрасы этноауылдағы мәдени бағдарламаның ажырамайтын құрамдас бөлігі болмақ.

«Көшпенділер ғаламы» фестивалі мәдениет әлеміндегі заманауи үрдістерді көрсетеді.

Іс-шаралар бағдарламасында этноауылдың кішкентай қонақтарына көп көңіл бөлінеді. Олар ойын-сауық және танымдық ойын алаңдары мен этникалық стильдегі аттракциондарды тамашалайды.

Этноауылда жыртқыш құстарды салудан жарыстар және ұлттық күрес түрлерінен көрнекі қойылымдар өткізіледі. Ұлттық тағамдар фестивалі қазақ халқының қонақжайлылығы мен ақкөңілдігін көрсетеді.

Басты қасиетті нышан – су

Дәстүр бойынша Олимпиада, Азия және Дүниежүзілік универсиада сияқты заманауи ірі спорттық жарыстардың нышаны – алау эстафетасы саналады.

Көшпенділер ойындарында басты қасиетті нышан және негізгі элемент – су болмақ.

Ойындар қарсаңында Қазақстанның барлық аймағындағы бұлақтардан су жеткізіледі.

Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналатын су Астанадағы тайқазанда ойындардың ашылу күні қосылып, бірліктің басты символына айналады.

Ойындардың айшықты бейнелері қандай?

Астанадағы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары «Ұлы дала дүбірі» ұранымен өтеді.

Ресми логотипке айдентиканың маңызды элементі – күншуақты шабандоз кіреді. Ол Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы барлық логотипте болған. Сонымен қатар қою қызыл түсті элементтер қолданылады. Бұл түс «ақық» дейтін жартылай асыл тастың қарапайымдылығы мен әсемдігін бейнелейді. «Ақық» өзінің қызыл реңкімен қан мен отқа ұқсайды және өмірлік энергиямен, жүрекпен және күнмен ассоциацияланады.

Қамшы, белбеу және дәстүрлі зергерлік бұйымдар сияқты тұрмыстық заттар ақықтың күңгірт түстерімен безендірілген.

Логотиптің мәтіндік бөлігі VIII-X ғасырлардағы руникалық түркі жазуына стильденген қаріппен жасалған.

Ойындар қандай нысандарда өтеді?

Астанада ойындарды өткізуге арнайы жаңадан ғимараттар салынбады. «Астана Арена» стадионында бәсекенің ашылу салтанаты өтеді. Ал Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы мен «Алау» мұз сарайында ұлттық күрес түрлерінен жарыстар, этноауыл аумағында – ат жарысы, дәстүрлі садақ ату және саятшылық өнер жарыстары, «Думан» кешенінде дәстүрлі интеллектуалды ойындар өтеді деп жоспарланған.

Қайта жаңартудан кейін «Қазанат» ипподромы бір уақытта 10 мың көрерменді қабылдай алады. Этноауыл кешені күніне 30 мыңға дейін келушіні қабылдайды.

«Думан» кешенінде дәстүрлі зияткерлік ойындарынан жарыстар өткізіледі. «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешенінде ойынның аккредиттеу және жабдықтау орталықтары орналасады.

Ойынның жабылу салтанаты 13 қыркүйекте «Қазанат» ипподромында өтеді.

«Астана-2024 ДКО» инфрақұрылымын қалыптастыру үшін oйындарға қатысатын нысандар бір сызық бойымен орналасқан «сызықтық» құрылғының ең қолайлы қағидаты бойынша қолданылды.

Ойындардың ғылыми бағдарламасының іс-шаралары Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайында өткізіледі.

Көшпенділер ойындарын кімдер ұйымдастырады?

ДКО ұйымдастырушысы – Қазақстан Республикасының Үкіметі. Ойындарға дайындалу және өткізу мақсатында ДКО ұйымдастыру комитеті құрылды.

Ұйымдастыру комитетінің құрамына мемлекеттік өкілетті органдардың басшылары, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдіктерінің басшылары, ұлттық компаниялардың, кәсіпорындардың, қоғамдық ұйымдардың басшылары кірді.

Ұйымдастыру жұмысын жүргізу мақсатында ДКО-ны дайындау және өткізу жөніндегі дирекция құрылды.

Суреттер Ұлттық спорт қауымдастығы / V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясынан алынды

Гүлмира Сарсенғали

Әлеуметтік желілер арқылы бөлісуді ұмытпаңыз

Добавить комментарий