Қазақстан жеке тұлғаларға берілетін несие бойынша талаптарды неге қатаңдатты?

Қазақстан – жеке тұлғаларға кепілсіз берілетін жедел несие жүйесін жақсы дамытқан елдер қатарына кіреді. Кредитті ортақ нарық деп алатын болсақ, оның ішінде жеке тұлғаларға берілетін кепілсіз несиелердің үлес салмағы тым тез өсті. Оған бір жағынан цифрландыру қатты әсер етті. Бірақ таяқтың екінші ұшы бар. Адамдардың шектен тыс несие алуы бұқаралық дефолт қаупін туғызды және әлеуметтік тұрақтылыққа үлкен қатер әкелді. Сондықтан дәл осы сегментке қатысты мемлекет риторикасы қатаңдап, басқа елдерден өзгеше шектеулер пайда болды.

Елімізде кредитті тек банктер ғана бермейді. Олардан бөлек, заң аясында несиені микроқаржы ұйымдары, кредиттік серіктестіктер мен ломбардтар бере алады. Барлығы бірігіп «кредиттік ұйым» ұғымына кіреді. Биылғы жылдың жартысында кредиттік ұйымдардың несие портфелі 32 триллион теңгеден асты. Портфель дегеніміз қолданыстағы кредиттердің жалпы сомасын білдіреді. Оның ішінде 2,7 триллион теңге микроқаржы ұйымдары, кредиттік серіктестер мен ломбардтарға тиесілі болса, қалған ең қомақты бөлігі екінші деңгейлі банктердің үлесі.

Қазақстанда 21 банк бар. Оның ішінде соңғы 3-4 жылда кемінде 19 банк өзінің несие портфелін өсіре алған. Демек, кредит барлық банк үшін негізгі қызметтің бірі болып саналады.

Басқа елдермен салыстыратын болсақ, жалпы несие, оның тәртібі бәрімізге бірдей болып келеді. Себебі 1990-1996 жылдары біз тәуелсіз банк және қаржы жүйесін қабылдап, оның нормативті-регуляторлы ережелерін жазғанда, дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенген болатынбыз. Сондықтан халықаралық қаржы-несие ұйымдарының қалыптасқан стандартымен жұмыс істейміз.

Кредиттің екі құбылмалы өлшемі бар. Олар: мерзім және сыйақы мөлшерлемесі. Бізде де батыс елдеріндегідей пайызды жылдық мерзіммен өлшеу қабылданған. Яғни кредит пайызы дегенде, біз автоматты түрде оның жылдық пайызын айтамыз.

Қазақстанда несие пайыздары неге қымбат?

Елімізде кредит пайызы бірнеше фактордан құралады. Ең маңыздысыелдегі базалық ставка. Қазір біздің базалық ставка 14,25%, +/- 1 коридорымен тұр. Плюсминус 1% (немесе 100 базисті пункт) коридор деп бекітілсе, демек, кез келген банк Ұлттық банкке жылдық 13,25 пайызбен депозит орналастыра алады. Ал Ұлттық банктен кредит алғысы келсе, онда 15,25 пайызбен алады.

Демек қазіргі жағдайда ешбір банк, тіпті елімізге келген халықаралық банк болса да, теңгемен 13,25 пайыздан төмен кредит бере алмайды. Егер осы мәннен төмен ұсынатын болса, қаржылық есептіліктің халықаралық стандарты (МСФО) бойынша әр берген несиесінен қағаз жүзінде шығын алып отырады. Бірақ біздегі банк проценттері 13,25-тен анағұрлым жоғары ғой. Енді соның себебін қарастырайық.

Кредиттің номиналды пайызы базалық ставка мәні, провизия, тәуекел премиясы, банктің маржасынан (табысы) құралады. Базалық ставканы айттым. Ол 1 коридормен банк үшін 13,55% дейік. Енді біздегі провизиялар құру қағидасы мен МСФО бойынша, кез-келген банк әр берген кредитіне провизия (резерв) жасақтауға міндетті. ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі оны бақылап отырады. Мысалы, банк маған 1 миллион теңге берсе, кем дегенде 0,3%, яғни 30 мың теңгені осы кредиттің провизиясында ешқайда құртпай блоктап ұстап отыруы тиіс. Провизия мөлшері LGD (қарыз алушының дефолты кезіндегі банк шығындары), ОКУ (күтілетін кредиттік шығындар), банк капиталының жеткіліктілігі сынды параметрлерді есепке алып, кредиттің әр санатына бөлек есептеледі. Біз, яғни халық алып жүрген кредиттер «коллективті кредит» категориясына жатады.

Провизиядан бөлек, тәуекел премиясы деген дүние бар. Мысалы, банк таңдау алдында дейік. Еш тәуекелсіз, 100% гарантиямен облигация бар және тәуекелі жоғары (рискованный) клиент сіз барсыз. Банк облигация сатып алмай, сол ақшаны сізге беру үшін үстінен 2-3% тәуекел премиясын қосады. Шын айтқанда кредитін уақытылы төлейтін сіз сияқты 20 адам осылайша несиесін төлемей қойған бір адамның шығынын толтырады.

Оған қоса банк пайдасы бар. Біздегі коммерциялық банктердің теңгелей кредиттегі ең аз маржасы 4%. Кей банктер одан да жоғары 5-7% алады. Мықты шетелдік банк 3% қоюы мүмкін. Бірақ банктердің ойынша теңгедегі мерзімі 5 жылдан асатын кредиттердің тәуекелі жоғары. Теңгеге әлі толық сенім қалыптаспады. Сондықтан 5 жылдан артық несиені олар тек құнын жоғалтпайтын кепілзат арқылы бере алады.

Сонымен, номиналды банк ставкасын есептейік: банк үшін (-1 коридор) база 13,25%, провизия 0,3%, тәуекел премиясы 3%, маржа 4% = 20,55%. Яғни біздегі стандартты номиналды ставка осы – 20,55%.

Ал көршілерімізде қалай?

Біздегі теңгелей кепілсіз несиенің номиналды ставкасын 20-22% коридорында деп алсақ, Орталық Азия бойынша көршілерімізде қалай болып жатыр? Оларда несие бізден қымбат па, әлде арзан ба? Жалпы әр елдің несиесі негізінен өз валютасында беріледі. Сондықтан Орталық Азия елдері дегенде, олардың ұлттық валютасымен берілетін кепілсіз несие нарығын шолып шықтық.

Көрші Өзбекстанда жылдық номиналды мөлшерлеме 25-28% аясында. Көбіне ол сомның инфляциясы мен әлі де банк өнімдеріндегі бәсекелестіктің артпауынан және цифрландыру үрдісінің кредиттеу саласына келмеуімен байланысты.

Қырғызстанда кредит проценттері 23-25% аралығында. Пандемиядан кейін оңтүстік көршімізде инфляция сәл артып, банк проценттері қымбаттады. Болашақта Қырғызстанда банк пайыздары төмен түседі деп күтіліп отыр.

Тәжікстанда коммерциалық банктердің жылдық сыйақы мөлшерлемелері 26-29% аралығыда. Бұл елде кредит әу бастан қымбат болып келеді. Халық тек соңғы жылдары ғана несие нарығынан дәм татып, кредит алуға бой үйрете бастады.

Түркіменстанда коммерциялық банктердің болмауы себепті, салыстырмалы түрде орташа мөлшерлемені айқындау оңай емес. Біз тек мемлекеттік Халк банкі ақпаратына сүйендік. Бірақ шын мәнінде ол ақпарат тек сырт көзге арналған, ал өзара мүлде қолданылмайтын несие ставкасы болуы мүмкін. Қазір біз тапқан жалғыз несие мөлшерлемесі 12-15%. Бірақ шынымен де осындай пайызбен адамдар кредит алып жатыр ма, ол жағын айта алмаймыз.

Номиналды және жылдық тиімді сыйақы мөлшерлеменің (ЖТСМ) айырмашылығы неде?

Номиналды ставка бөлек, тиімді ставка бөлек. Себебі сіздің кредит бойынша шығындарыңыз тек процентпен шектелмейді. Түрлі комиссиялар, сақтандыру ақысы бар. Осының барлығы қордаланып, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлеме деген ұғымға енеді. Орысшасы ГЭСВ. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің талабы бойынша банктер өз жарнамасында осы ЖТСМ-ді ашық көрсетуі шарт. ЖТСМ номиналды ставкадан кем дегенде 3% жоғары болады. Сонда біздің банктер беретін кредиттің тиімді, яғни біз үшін ақырғы ставкалары шамамен 23,55% болуы тиіс.

Мемлекет неге кредиттермен күресіп жатыр?

Бұл жерде түсініспеушілік болмау үшін бірден анықтап алу керек. Мемлекет кредитке қарсы емес. Мысалы ол экономикаға (кәсіпкерлік, өндіріс) кредиттің барынша көп берілгенін қалайды. Оған қоса, отандық автокөліктерге жеңілдетілген несие беруді қолдайды. Ипотека нарығына көзқарасы оңды. Үкімет тек тұтынушылық, яғни халыққа, жеке тұлғаларға кепілсіз берілетін ақшалай кредиттің көбейіп кетуіне алаңдаулы. Бұл әлеуметтік бомба. Ертең үлкен әлеуметтік жарылыстарға алып келуі мүмкін.

Осы ретте еліміз тұтынушылық несиелермен күрес бойынша басқа елдерден бөлек өз жолын таңдады. Тұтынушылық несиелерді реттеу логикасын бірнеше бапқа бөліп қарастыруымыз керек.

1. Мөлшерлемелер мен айыппұлдарды шектеу. Қазір, қиын жағдайға түскен борышкер үшін қарыз қамыты ұлғайып кетпес үшін 90 күннен астам мерзімі өткен несиелер бойынша айыппұлдар мен өсімпұлдар есептеуге тыйым салынды.

2. Микроқаржы болсын, банк болсын, несие ЖТСМ-інің мәні шектелді. Яғни, кредит пайызы бекітілген шектен асып кетпеуі керек.

3. Жұбайының келісімі. Осы айда өз күшіне енген жаңа өзгертулерге сәйкес, егер қарыз алушы заңдық некеде болса, сомасы 3,6 миллион теңгеден көп несие алу үшін оған жұбайының келісімі қажет. Бұл қадам отбасы мүшелерінің қаржылық жауапкершілігін теңдей бөлісіп, отбасылық бюджетке келетін қауіптерді азайтуға бағытталған.

4. Қарызы өтелмеген адамға несие беруді шектеу. Бұрынғы несиелері өтелмеген адам жаңа кредит ала алмайды. Бұл шара банктердің және қаржы ұйымдарының қарыз алушыларды мұқият тексеруін және олардың төлем қабілеттілігін бағалауды қамтамасыз етеді.

5. Қарыз жүктемесін есептеу

2021 жылдан бастап мемлекет барлық жаңа несие үшін қарыз жүктемесінің коэффициентін енгізді. Егер адамның кірісі оның ағымдағы қарыздарымен сәйкес келмесе және коэффицент белгілі бір деңгейден асып кетсе, несие берілмейді. Бұл табысы төмен азаматтардың шектен тыс қарызға батуына тосқауыл болады.

6. Жеке атынан несие алуды шектеу

Алаяқтықтан қорғану мақсатында мемлекет азаматтарға өздерін несие алудан шектеу қызметін енгізді. Бұл қызмет арқылы азаматтар өздері үшін қаржы ұйымдарына несие беруге тыйым сала алады. Осылайша, адамның атына жалған несие ресімдеуге тосқауыл қойылады.

7. Әлеуметтік осал топтарға кредиттік амнистия

Әлеуметтік осал топтарға ерекше қолдау көрсетілді. Мысалы, 2019 жылы көпбалалы отбасылар, мүгедектер және әлеуметтік әлсіз топтар үшін белгілі бір қарыздар кешірілді.

8. Жеке тұлғалардың банкроттығы

2023 жылы қабылданған «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң қарызға белшесінен батқан адамдарға банкроттық рәсімдерін өтуге мүмкіндік береді. Бұл заң қарыздарды кешіруді немесе бөліп төлеуді қамтамасыз етіп, азаматтарға қаржылық қиындықтардан шығуға көмектеседі.

9. Қаржылық сауаттылықты арттыру

Тек қана шектеу немесе қолдау ғана емес, сонымен қатар азаматтардың сауатын ашу өте маңызды. Тіпті ең маңызды іс десе болады. Қазір «Қарызсыз қоғам» сынды қаржылық сауатты арттырудың бірнеше кешенді шаралары қолға алынды. Тренингтер мен семинарлар азаматтарға қаржы құралдарын дұрыс пайдалану, несие алудың тәуекелдерін бағалау және жеке бюджеттерін тиімді басқару туралы білім береді.

Осы картинаға қарап, Қазақстандағы несие нарығы өзінің дербес даму жолында деп айтуға болады. Бұл – тез өсіп келе жатқан, өзінің ережелері мен шекаралары енді орнығып жатқан жас нарық. Бірақ аз уақыттың ішінде көптеген белестерді бағындырып үлгерді.

Айбар Олжай

Сурет: freepik.com

Әлеуметтік желілер арқылы бөлісуді ұмытпаңыз

Добавить комментарий