Қазақстандағы Қашаған мұнай кен орнын игеріп жатқан компаниялар экологияға тигізген зиянына қатысты дау бойынша Астананың апелляциялық сотында жеңіске жетті. Бұл туралы Bloomberg агенттігі хабарлады.
Сот ісі Солтүстік Каспий жобасының операторы – NCOC серіктестігіне қатысты өтті. Қазақстан үкіметі 2022 жылы компанияға қоршаған ортаға келтірілген залалы үшін 2,3 трлн теңге (сол кездегі бағаммен $5,1 млрд, қазіргі бағаммен $4,2 млрд) көлемінде айыппұл салуға талпынған.
North Caspian Operating Company (NCOC) – Солтүстік Каспий бойынша өнім бөлісу туралы келісімнің (СКӨБК) негізінде пайда болған операциялық компания. Келісімде ҚазМұнайГаз,Eni, ExxonMobil, Shell, Total S.A, Қытай ұлттық мұнай корпорациясы және Inpex компанияларының үлесі бар.
Айыппұлға кен орнында жиналған күкірттің көлемі мен оны сақтаудағы қателіктер себеп болды.
NCOC пен оның серіктестері сот шешімін құптады. Компанияның мәлімдеуінше, күкіртті сақтау Қазақстан заңдарына және халықаралық стандарттарға сәйкес орындалған.
Дегенмен Атырау облыстық прокуратурасы NCOC 3,6 млрд теңге экологиялық залал төлегенін хабарлаған еді.
Естеріңізге сала кетейік, 15 шілдеде өткен Үкіметтің баспасөз конференциясында премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстан мұнай өндіру көлемі квотадан асса да, еліміз ОПЕК+ құрамынан шығуды жоспарламайтынын мәлімдеді.
фото: freepik.com

