Қазақстанда қыркүйек айында мемлекеттік шекара арқылы тауарлар мен жүктерді заңсыз өткізуге қатысты 1 349 факт анықталды. Бұл жөнінде ҰҚК баспасөз қызметі хабарлады.
– ҰҚК Шекара қызметі Мемлекеттік шекараны күзету мен қорғауды қамтамасыз ету аясында қыркүйек айында құзырлы органдармен өзара әрекеттесе отырып, шекара кеңістігінде ел заңнамаларын бұзған 4 634 адамды ұстады, соның ішінде 3 954-і шетел азаматы, – делінген хабарламада.
Мемлекеттік шекара арқылы тауарлар мен жүктерді заңсыз өткізудің 1 349 фактісінің алды алынды. Соның ішінде:
- 45 факті – қарулар мен оқ-дәрілер (1 дана жарақат, 2 дана пневматикалық, 54 дана суық қару,12 дана «АК-74» шолақ автоматтары, 101 дана оқ-дәрі);
- 478 факті – сомасы 25 млн теңгеден асатын жанар-жағармай материалдары;
- 657 факті – сомасы 1,6 млрд теңгеден астам халық тұтыну тауарлары;
- 180 факті – сомасы 1,9 млрд теңгеден астам шетел валютасы.
Сондай-ақ Каспий акваториясында 103 браконьерлік фактісі анықталды. Қазіргі уақытта аталған фактілер бойынша материалдар заң бұзушыларды жауапкершілікке тарту үшін құқық қорғау және сот органдарына жіберілген.
Осыған дейін жазғанымыздай, 2024 жылы ҰҚК аса қауіпті 19 қылмыстық топты ұстады. Сондай-ақ былтыр 4 террористік акт тоқтатылып, 84 адам сотталған, 44 адам ұсталған.
Фото: matritca.kz

