2025 жылдың алғашқы жартыжылдығы Қазақстан аймақтарында демографиялық өзгерістердің әркелкі өрбігенін көрсетті. Ұлттық бірыңғай бюроның соңғы статистикасы халық санының динамикасын ғана емес, ел ішіндегі әлеуметтік-экономикалық ахуалдың қайда бет алғанын да аңғартады. Жалпы көрсеткіштерден бөлек, өңірлік айырмашылықтар ерекше көзге түседі. Бір облыстарда халық саны айтарлықтай өсіп жатса, екінші өңірлерде керісінше, табиғи өсім мен көші-қонның теріс сальдосы байқалады.
Тұрғын саны қарқынды өскен мегаполис – Астана қаласы. 2025 жылдың басынан маусымға дейін елорда халқы 37 863 адамға артқан. Оның 8 257-сі табиғи өсім болса, 29 606-сы көші-қонның оң айырмасынан қалыптасқан. Бұл – республика бойынша ең жоғары көрсеткіш. Астананың демографиялық серпіні ел ішіндегі урбанизация үдерісінің және әлеуметтік тартымдылықтың көрінісі. Елордада тіршілік қарқыны, жұмыс орындарының қолжетімділігі мен өмір сапасының артуы халықты осы қалаға бағыттап отыр.
Астанадан кейінгі орынды Алматы қаласы иеленіп отыр. Мұнда 22 874 адам қосылған, оның ішінде 15 020 адам көші-қон есебінен келген. Табиғи өсім 7 854 адамды құрады. Алматы өзінің экономикалық әлеуетімен, инфрақұрылымдық дамуымен және өмір салтымен еліміздегі ең тартымды мегаполистердің бірі болып қала береді.
Сонымен қатар, ең көп халық тұратын өңірлер қатарында Алматы мен Түркістан облыстары тұр. Алматы қаласының халқы бүгінде 2,3 миллионнан асса, Түркістан облысында 2,15 миллион адам тұрады. Бұл екі өңірдің халық саны елдің басқа аймақтарымен салыстырғанда анағұрлым жоғары.
Алайда Түркістан облысы демографиялық өсім жағынан теріс көрсеткішке тап болды. Жарты жыл ішінде облыс халқы 5 146 адамға кеміген. Табиғи өсімнің оң болғанына қарамастан (11 426 адам), өңірден сыртқа қоныс аударушылар саны тым жоғары – минус 16 572 адам. Бұл көрсеткіш көші-қонның өңір үшін басты проблемаға айналғанын айғақтайды. Инфрақұрылым, жұмысқа орналасу және әлеуметтік қызметтердің жеткіліксіздігі тұрғындарды басқа аймақтарға көшуге итермелеп отырғаны анық.
Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстарында да кері динамика тіркелді. Жамбыл облысында халық саны 3 853 адамға азайса, Солтүстік Қазақстанда бұл көрсеткіш 3 265 адамға жетті. Әсіресе Солтүстік Қазақстанда табиғи өсім теріс мәнге – минус 329-ға тең. Бұл өңірде туу деңгейі аз, ал өлім көрсеткіші жоғары екенін білдіреді. Жастардың жаппай басқа аймақтарға көшуі мен қартаю процесі жағдайды күрделендіріп отыр.
Халық саны ең аз шоғырланған өңірлер қатарында Ұлытау облысы – небары 45 мың адам. Бұл – елдегі ең шағын әкімшілік-аумақтық бірлік. Мұнда да халық саны азайған: көші-қон сальдосы — минус 465, ал жалпы өсім – минус 304 адам. Аймақтың дамуына қосымша инвестиция мен әлеуметтік қолдау қажет екені айқын.
Осы деректерге қарап, Қазақстанда ішкі демографиялық теңгерімсіздік үдеп келе жатқаны байқалады. Урбанизация, өңіраралық көші-қон, еңбек нарығы мен тұрғын үйдің қолжетімділігі – халық санының өзгеруіндегі басты факторлар. Бұл статистика тек сандық қана емес, сапалық өзгерістерді де меңзеп тұр: қай өңірлерде өмір сапасы жоғары, қай облыстарда жұмыс орындары мен әлеуметтік мүмкіндіктер жеткіліксіз – статистикадан ұғынуға болады.
Астана мен Алматы сынды мегаполистер халықты тартып жатқанда, шекаралас және аграрлық өңірлерден халық көшуде. Бұл үдеріс жалғаса берсе, алдағы онжылдықта өңірлік саясат түбегейлі өзгерістерді талап етуі мүмкін. Жергілікті инфрақұрылымды дамыту, жастарды ауылда ұстау, жаңа өндіріс орындарын ашу – бұл статистика ұсынып отырған тікелей міндеттер.
2025 жылдың 1 маусымындағы есеп бойынша Қазақстан халқының саны 20 370 672 адамды құрады.
фото: pexels