Егер әлемдік телекоммуникация желісінен Ресейді ажыратып тастаса, Қазақстан интернетсіз қала ма?
Теориялық тұрғыдан иә. Практикалық тұрғыда жоқ. Алайда, шын мәнісінде, сәл түсініксіздеу.
Неліктен? Себебі, біздің “Қазақтелеком” “Ростелекомның” біздің территориядағы заңды жалғасы.
Екіншіден, “Қазақтелекомнан” да бөлек біздің елде телекоммуникациямен айналысатын компаниялар шлюзге ресейлік нүктелер арқылы қосылған.
Айталық, Майндағы Франкфурт немесе Лондондағы жаһандық интернет жұлынға (worldwide internet backbone) тікелей өз сымымен қосылып елге байланыс тартып отырған ешбір отандық компания жоқ.
Жалпы, біздің елде, интернет жұлынға қосылуға қабілетті tier-1 немесе tier-2 деңгейіндегі телеком компаниялар жоқ. Біздікілер қанша жүрден цифровизацияның көкесі, коммуникацияның атасы ретінде пиарланып жүрсе де tier-3 яғни internet service provider деңгейіндегі шағын компаниялар.
Неліктен Ресейге байланып қалғанбыз?
Себебі, бізді Еуропадағы интернет қосынға төтесінен жалғайтын желі ресейліктердің еншісінде. Оның үстіне, Ресейсіз басқалай қосыла қоятын маршрут та жоқ. Анадай далиған даланы айналып өткенше, солар арқылы қосылған дұрыс та бір жағынан.
Біз біз ғой, анау техникалық тұрғыда tier-2 деңгейіндегі қытайлық China Telecom-ның өзі Еуропадағы халықаралық интернет жұлынға Қытай мен Жапонияны Ресей арқылы жалғап отыр.
J’son & Partners Consulting мәліметі бойынша, 2020 жылы Қытай-Жапония мен Еуропа арасындағы құрлық арқылы өтетін байланыс жалпы трафиктің 20%-ын құрайды. Оның ішінде Қытайдың өзінен Еуропаға ресейлік каналдар (Ростелеком, VEON (бұрынғы Vimpelcom) арқылы өтетін трафик көлемі 1,5 Тбит/с болыпты.