Қазақстанның футбол саласы соңғы жылдары қаржылық қолдау көлемімен де, спорттық әділдік пен кадр саясаты төңірегіндегі даулармен де қоғам назарында тұр. 2020-2025 жылдар аралығында мемлекеттік бюджет пен демеушілерден қомақты қаржы бөлінгенімен, ұлттық құраманың халықаралық ареналардағы нәтижелері мардымсыз болып, жанкүйерлер мен депутаттардың сыны күшейді. Казақстан премьер-лигасында (ҚПЛ) келісілген матчтар мен төрешілік даулар туралы ақпарат жиілеп, беделді мамандар мен БАҚ өкілдері футболдағы әділдікке күмән келтірді. Сонымен бірге, Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) шетелдік мамандарды жоғары қызметтерге тартуы мен жергілікті бапкерлердің шетте қалуы да талқыға түсті. Бұл мақаламызда аталған мәселелерге жан-жақты сараптама жасап, қоғамдық резонанс тудырған мәселелерге тоқталып өттік.
Мемлекеттік бюджеттік қолдау есебінен қазақ футболына жыл сайын миллиардтаған теңге бағытталды. Мемлекеттік сатып алу сайтындағы мәліметтер бойынша 2019 жылы кәсіби футбол клубтарына 28,5 млрд теңге бюджет қаржысы жұмсалған. 2020 жылы бұл сома 27,3 млрд теңгені құрады. Алайда 2021 жылы мемлекет спортқа қаржы бөлуді қайта қарап, Мәдениет және спорт министрлігі әр клубқа бөлінетін жылдық субсидияны 1,2 млрд теңгеден асырмау туралы шешім қабылдады. Соның нәтижесінде 2021 жылы клубтардың жиынтық бюджеті 16,9 млрд теңгеге қысқарды.
Төмендегі кестеде 2019-2021 жылдардағы ҚПЛ клубтарына бөлінген мемлекеттік қаражат көрсетілген:

2020 жылғы қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіби спорт клубтарын кезең-кезеңімен бюджет қаржыландыруынан шығарып, жекешелендіру қажеттігін атап өтті. Дегенмен іс жүзінде өңірлік әкімдіктер футбол клубтарын қаржыландыруды жалғастырып келеді.
2025 жылы жергілікті бюджеттерден ҚПЛ клубтарына 23,44 млрд теңге бөлінді. Бұған қоса, елордалық «Астана» клубын қаржыландыру тікелей мемлекеттік қор арқылы жүргізілді: «Sport Qory» қоры 2022 жылы «Астанаға» 4,8 млрд, 2023 жылы 5,3 млрд теңге бөлген.
Жалпы «Астана» клубы 2021-2024 жылдары квазимемлекеттік сектордан 24,6 млрд теңге алған (жылына орта есеппен – 6,15 млрд) және бұл жылдар ішінде ең көп қаржы 2021 жылы – 9,2 млрд теңге бөлінген. Ал алматылық «Қайрат» негізінен жеке меншік қаржыға (клуб иесі Қайрат Боранбаевтың қаражатына) сүйенеді, тек жастар академиясы мен жасөспірімдер командасына қала бюджетінен жыл сайын 0,67 млрд теңге бөлінеді.

2025 жылы мемлекеттік қаржыландыру бойынша ең «бай» клубтар – «Ақтөбе» (4,2 млрд ₸), «Ордабасы» (3,5 млрд ₸) және «Елімай» (2,7 млрд ₸) болды.
- «Ақтөбе» – 4,2 млрд ₸ (мемлекет қаржысының рекордтық үлесі, оның 1,07 млрд теңгесі 2025/26 маусымдағы еурокубок қатысуына жұмсалмақ) ;
- «Ордабасы» (Шымкент) – 3,5 млрд ₸;
- «Елімай» (Абай обл.) – 2,7 млрд ₸;
- «Қызылжар» (СҚО) – 2,0 млрд ₸;
- «Қайсар» (Қызылорда) – 1,9 млрд ₸;
- «Оқжетпес» (Ақмола обл.) – 1,8 млрд ₸;
- «Жетісу» (Жетісу обл.) – 1,7 млрд ₸ ;
- «Ұлытау» (Ұлытау обл.) – 1,4 млрд ₸ (үш жылдық келісімшартпен, 2025 жылға ~0,5 млрд);
- «Тобыл» (Қостанай) – 1,3 млрд ₸ (маусым басында қаржы бөлінбей, кейін негізгі құрамаға 1,2 млрд, жастар футбол орталығына 447 млн, фарм-клубқа 205 млн тендер жарияланған);
- «Тұран» (Түркістан обл.) – 1,2 млрд ₸;
- «Жеңіс» (Астана қ.) – 1,0 млрд ₸;
- «Қайрат» (Алматы) – 0,75 млрд ₸ (тек жастар құрылымын дамытуға).

Бұл тізімде «Астана» клубы жоқ, себебі бюджеттен тікелей қаржы алмайды, оның орнына ұлттық компаниялар қаражат бөледі («Самұрық-Қазына» қорының Sport Qory бағдарламасы). 2021-2025 жылдары «Астана» клубына осы қордан жылына 4,8-5,3 млрд теңгеден бөлініп, төрт жылдық жалпы сома 24,6 млрд ₸ болды.
Жалпы 2020-2023 жылдар аралығында қазақстандық кәсіпқой футбол клубтарына 111 млрд теңгеден астам мемлекеттік қаржы жұмсалған.
Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса бұл қаражатты «желге ұшқан ақша» деп сынап, «Футболға бөлінген халық қаржысы инфрақұрылымға емес, легионер футболшыларды байытуға жұмсалды» деп мәлімдеді. Расында, 2021 жылы премьер-лига командаларында тіркелген 371 футболшының 150-і (шамамен 40%) шетелдік болған, тағы бірінші лигадағы 16 легионерді қоса есептегенде ел клубтарындағы шетелдік ойыншылар саны 166-ға жеткен. Депутат бұл деректерді келтіре отырып, балалар футболын дамытуға, стадиондар мен алаңдарды жөндеуге жеткілікті көңіл бөлінбей отырғанын сынға алды.
Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) болса, клубтардың бюджет қаржысын қалай жұмсайтынына тікелей ықпал ете алмайтынын алға тартады. ҚФФ өкілдерінің айтуынша, мемлекеттік қаржы жергілікті әкімдіктерден клубтарға бөлінеді, ал федерация тек ойындарды ұйымдастырумен шектеледі.
Дегенмен, ҚФФ өзіне бөлінген аз қаржының өзін тиімді пайдалану жағынан сынға ұшырады. ҚФФ-ның тікелей мемлекеттік қаржыландыруы 2020 және 2021 жылдары жылына 200 млн теңгеден (екі жылда 400 млн) ғана болды. Бұл қаржы ұлттық құраманың және барлық жас деңгейдегі құрама командалардың (U17, U19, U21, әйелдер, жағажай футболы, футзал, мүмкіндігі шектеулі жандар футболы) оқу-жаттығу жиындары мен сайыстарға дайындалуына жұмсалған.
2021 жылдың қарашасында ҚФФ бас хатшысы Азамат Айтқожин федерация келесі жылдан бастап мемлекет пен квазимемлекеттік сектор қаржысынан бас тартатынын, жұмысын УЕФА-ның бағдарламалары мен демеушілердің қолдауына сүйеніп жүргізетінін жариялады. Бұл шешім Франциядан 0:8 есебімен оңбай ұтылған ұлттық құраманың ойынынан кейін қоғам тарапынан қатты сын айтылып, «футболға миллиардтар бөлінгенімен, нәтиже жоқ» деген айыптаулар күшейген тұста қабылданды.
Халықаралық ұйымдардың қаржысы – қазір ҚФФ қызметінің негізгі көзі. 2022 жылғы ресми мәліметке сәйкес, УЕФА жыл сайын ҚФФ-ға 800 мың еуро көлемінде операциондық шығындарға грант, және 1,6 млн еуро көлемінде мақсатты жобаларға (жастар, әйелдер, футзал, әуесқой футбол жарыстары мен жаттықтырушылар біліктілігін арттыру, т. б.) қаржы бөледі. FIFA тарапынан да жыл сайын 500 мың АҚШ доллары мөлшерінде тікелей қолдау (ФИФА-ның Forward бағдарламасы аясында – федерацияның жалақы қоры, кеңсе шығындары үшін) және қосымша 500 мың доллар (белгілі критерийлерге сай келсе) беріледі. Сонымен қатар, 2021-2022 жылдары FIFA ҚФФ-ға ұлттық құрамалардың жаттығу базасында қосымша футбол алаңдарын салу жобасы үшін $2,35 млн (1 млрд теңге) қаржы бөлген. УЕФА «HatTrick» бағдарламасы аясында 2010 жылдан 2022 жылға дейін Қазақстан футболының дамуына жалпы 48,3 млн еуро (оның ішінде пандемия кезінде берілген қосымша көмек бар) қаражат бөлгені хабарланды, бұл қазіргі бағаммен 23,66 млрд теңгеге тең.
Орта есеппен алғанда, тек УЕФА-ның өзінен жыл сайын қазақстандық футбол (ҚФФ + клубтар) шамамен 2 млрд теңге алады екен. Яғни ҚФФ мемлекеттен тікелей дотация алуды доғарса да, УЕФА мен ФИФАның гранттық қаржысы және лиганың коммерциялық түсімдері (демеушілер, телехақы) федерацияның күнделікті қызметіне жеткілікті деңгейде болуы тиіс.

Танымал футбол комментаторы Есей Жеңісұлының айтуынша, қазақ футболында қыруар ақша ауаға кетіп жатыр:
«Иә, бұл 30 жылдан бері ел болғаннан бері футболдың басты проблемасы — қаражаттың дұрыс игерілмеуі. Жыл сайын бюджеттен қыруар ақша бөлінеді. Олар қайда кетіп жатыр? Шетелден келген легионерлерге кетіп жатыр. Сол ақшаны балалар футболына бөлсе ғой, ауыл футболына бөлсе ғой, ауылда қаншама таланттар тұншығып жатыр. «Қайрат» футбол клубын мысалға алсақ, қаншама жылдар бойы балалар футболына ақша құйды, академия салды. Енді міне, соның жемісін көріп жатыр. Осындай академия еліміздің әр облысында болса, Сәтпаевтар сияқты ойыншылар жыл сайын шығып тұратын еді».
Қорытындылай келгенде, қазақстандық футболға мемлекеттің жыл сайын қыруар қаржы бөлуі қоғамдағы жауапкершілік сұрауын күшейтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы да жолдауында футбол клубтарын жекешелендіруді және спортты коммерцияландыруды жеделдетуді тапсырды. Бұл бағытта кейбір қадамдар бар: Биыл бірнеше клуб жеке инвесторлардың қолына өтетіні хабарланды, ал ҚФФ техникалық дамытудың 2026 жылға дейінгі жаңа стратегиясын әзірлеуде.
«Қайраттың» жеңісі Боранбаевтың саяси амбициясын ақтай ма?
«Қайраттың» Чемпиондар лигасындағы соңғы жетістігі тек клубтың ғана емес, қазақстандық футболдың абыройын да көтерді. 2025 жылы алматылық «Қайрат» өз тарихында алғаш рет чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне өтті. Бұл жеңіс Қайрат Боранбаев үшін де ерекше мәнге ие: бизнесмен әрі клуб иесі 2022 жылдың наурыз айында «QazaqGaz» компаниясымен байланысты қаржы жымқыру ісі бойынша сотқа тартылған еді.

2023 жылы ол кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылған. Бұл іс қоғамда «Жаңа Қазақстандағы» саяси және экономикалық өзгерістердің бір бөлігі ретінде қабылданды. Алайда сол жылдың қарашасында кәсіпкердің бостандыққа шыққаны белгілі болды. Жазаның өтелмеген бөлігі бас бостандығын шектеу түріне ауыстырылған. Ал «АзияГаз Шонжы» ЖШС, Comfort Hotel Astana, FitNation фитнес-клубтар желісі, «ҚазТурбоРемонт» зауыты, «Алмалы» сауда-ойын-сауық кешені сынды бірқатар активтері мемлекет меншігіне қайтарылды.
Енді «Реалмен» айқас Боранбаев үшін беделін қалпына келтіре ме? Бұл сұрақ басы ашық күйінде қалады.
Төрешілер дауы мен келісілген матчтар тарихы
Қазақстан Премьер-лигасында келісілген матчтар (договорной матч) проблемасы соңғы жылдары жиі сөз болып жүр. Футбол матчтарының адалдығын бақылайтын Sport Radar ұйымының статистикасына сүйенсек, Қазақстан келісілген ойындар саны бойынша әлемде төртінші орында тұр. Бұл – дабыл қағарлық көрсеткіш.
Мысалы 2025 жылғы 12 шілдеде Түркістанда өткен «Тұран» – «Қызылжар» матчындағы пенальти эпизоды дауға қалған еді. Ойынның 84-минутында алаң иелері қорғаушысы мен шабуылшы әуеде допқа таласқанда, төреші Тимур Құмашев күтпеген жерден «Тұран» ойыншысына ереже бұзды деп сары қағаз көрсетіп, оның команда қақпасына пенальти белгіледі. VAR бригадасы (жетекшісі Георгий Чеховский) бұл шешімге араласпай, пенальти орындалып кетті – соның нәтижесінде «Қызылжар» 2:1 есебімен жеңіске жетті. Алайда ойыннан кейін бұл шешім жанкүйерлер мен сарапшылар тарапынан жаппай наразылық туғызып, «келісілген матч болуы мүмкін» деген күдік айтылды. ҚФФ Төрешілер департаментінің директоры, португалиялық маман Нуну Алешандре Паррейра де Каштру жедел тексеріс жүргізіп, аталған эпизодтың қате бағаланғанын ресми мойындады. ҚФФ интегрити-офицері (адалдық бақылаушысы) Құмашев пен Чеховскийдің бұған дейін де күмәнді ойындарға қатысы барын ескеріп, оларды 2025 маусымының соңына дейін барлық матчтарға төрелік етуден шеттету туралы шешім шығарылды. ҚФФ-ның ресми хабарламасында: «84-минуттағы эпизод жан-жақты талданып, басты төреші мен VAR тарапынан кәсіби бағалау жеткіліксіз болғаны анықталды… Сонымен қатар, бұл екі тұлға қазіргі уақытта келісілген матчтарға қатысы бар деген күдікпен тергеліп жатыр» делінген. Осылайша, Қазақстан футболында тұңғыш рет төрешілердің мүмкін мәмілелі матчтарға қатысы тергеліп, тергеу аяғына дейін олардың лицензиясы тоқтатылды.
Бұған ұқсас даулар бұған дейін де болған. 2020-2021 жылдары Бірінші лигадағы бірнеше ойынның келісілгені әшкереленіп, кейбір ойыншыларға 2 жылға дейін спорттан шеттету жазасы берілгені бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрді. Алайда көп жағдайда мұндай істер жабық қаралып, жанкүйерлерге толық ақпарат жарияланбайтын. 2023 жылы спорт журналисі Ермұхамед Мәулен атышулы мәлімдеме жасады: ол әр тур сайын кейбір клубтардың басшылары мен бапкерлері төрешілерге телефон шалып, келесі ойында нәтижені «келісіп алатынын» айтты.
«Бүгін төрешіні сынап, әділетсіздікке күйінген кейбір бапкерлер ертесіне өздері сол төрешілерге қоңырау шалып, договорняк өткізуге дайын жүреді. Қазақстанда барлық клуб осылай істейді» деп, тіпті ешбір команданы ерекшелеуге болмайтынын мәлімдеді.
Оның сөзінше, тек «Тобыл» мен «Қайрат» клубтарын әзірше бұған қоспауға болады: «Тобыл» биыл әлі «договорняк» ойнаған жоқ (бірақ «қыркүйекте ойнайды» деп кекетті), ал «Қайрат» ешқашан келісілген матчтарға бармайды» деп атап өтті. Мәуленнің бұл мәлімдемесі қоғамды дүр сілкіндіріп, бірнеше клуб жетекшілері оны дәлелсіз сөйледі деп айыптады. Кейін ҚФФ басшылығы бұл жеке пікір екенін, ресми тексеріс жүргізілмегенін алға тартып, жағдайды жұмсартуға тырысты. Десе де, федерация өкілі болғана адамның өзі бүкіл лигада келісілген ойындар бар деуі – отандық футбол беделіне соққы екені сөзсіз.
Матчтарға сыртқы ықпал мен бәс тігу мәселесі де бөлек айтып өтуге тұрарлық. Бүкіл әлемде футбол матчтарына байланысты букмекерлік ставкалар нарығы өсіп тұрған шақта, Қазақстан лигасы да бұдан тыс қалмайды. SportRadar компаниясы 2020-2022 жылдары Қазақстан чемпионатындағы бірқатар ойынды күмәнді әрекеттер (күмәнді коэффицент өзгерістері) санатына кіргізгені белгілі болды. Мұндай деректер негізсіз емес: 2020 жылы Беларусь біріншілігінде келісілген матч ұйымдастырғаны үшін қазақстандық бұрынғы футболшы Александр Порываев өмір бойына спорттан шеттетілді, ал 2021 жылы ресейлік чемпионаттың «Торпедо» клубымен байланысты ставкалық дауға қазақстандық төрешінің есімі іліккені хабарланды. Осындай жайттар отандық футболды таза ұстау үшін халықаралық органдармен үйлесе әрекет етудің маңызды екенін көрсетеді.
Анықтама: Sport Radar — Швейцарияда орналасқан халықаралық компания. Негізгі қызметі — спорттық іс-шараларды бақылап, деректер жинау және спорттағы адалдықты қадағалау. Компания бүкіл әлем бойынша букмекерлік коэффициенттерді, матч динамикасын және күмәнді әрекеттерді талдайды. Осы арқылы келісілген ойындарды әшкерелеуге көмектеседі. FIFA мен UEFA сияқты ұйымдар ресми серіктес ретінде Sport Radar деректеріне сүйенеді.
Шетелдік мамандар: жалақы және сын-пікірлер
Қазақстан футбол федерациясы соңғы жылдары бірқатар шетелдік мамандарды жауапты қызметтерге тағайындады. Бұл қадамдар бастапқыда футболды дамыту үшін халықаралық тәжірибені тарту деп түсіндірілгенімен, уақыт өте келе олардың тиімділігі мен қомақты жалақылары қоғамда қызу талқыға түсті. Солардың ішінде Геннадий Скуртулға тоқталып өтсек.
Геннадий Скуртул – Молдова елінің маманы, 2025 жылы сәуірде ҚФФ-ның техникалық директоры қызметіне кірісті. Қазақстандағы балалар-жасөспірімдер футболын, әйелдер футболы мен бұқаралық футболды дамытуға, сондай-ақ жасөспірімдер құрамаларын үйлестіруге жауапты тұлға ретінде шақырылды. ҚФФ Скуртулдың міндеттері ретінде элиталық жасөспірімдер бағдарламасын жетілдіру, бапкерлерді оқыту жүйесін UEFA-ның 2025 жылғы Бапкерлер конвенциясына сай жолға қою, дарынды ойыншыларды анықтау мен дайындаудың тұрақты жүйесін құруды атады.

Алайда Скуртулдың келуімен бірге оның алатын еңбекақысы да назарға ілікті. 2025 жылы тамызда спорт журналисі Ермұхамед Мәулен: «Менің дерегімше, ҚФФ техникалық директоры Геннадий Скуртул айына 10 млн теңге жалақы алады. Осы қызметті атқара алатын өзіміздің мамандар жоқ па? Әрине бар» деп, бұл шешімді сынға алды. Расында, шамамен $20 мыңға жуық айлық – Қазақстан спорт саласы үшін өте жоғары көрсеткіш. Скуртулдың өзі бұл санды растамады: сұхбатында құпия келісімшарт талабына сай жалақысын жария ете алмайтынын, бірақ «10 млн» деген сома шындыққа сай еместігін, тым өсіріліп айтылғанын жеткізді.
«Мен Қазақстанға ақша табу үшін келгенім жоқ» деген Скуртул өзінің басты мақсаты – футбол жүйесін жетілдіруге үлес қосу екенін айтты. Дегенмен, қоғамда «10 млн болмаса да, бірнеше миллион алады, алайда нәтиже қандай?» деген сұрақ туындады.
Руслан Балтиев – Қазақстан футболының аңызы (ұлттық құраманың бұрынғы капитаны), 2025 жылы ҚФФ Ұлттық құрамалар департаментінің директоры қызметіне тағайындалды. Негізгі құрама мен жастар-жасөспірім құрамалардың жұмыстарын үйлестіруге жауапты жетекші ретінде бекітілді.
Балтиев – Қазақстан азаматы, алайда бұл қызметке келуі де кейбір даулы пікірлерге себеп болды. Белгілі спорт журналисі Ербол Қайыров Балтиевтің жалақысы мен жұмыс орнына қатыстысын сынға алды. Оның айтуынша, «Руслан Балтиевтің айлық еңбекақысы 5 млн теңге. Бұған қоса оған қызметтік автокөлік үшін 500 мың, Астанадағы Rixos қонақүйінде тұруы үшін тағы 500 мың теңге бөлінеді. Сонда айына 6 миллионнан аса қаржы тек бір адамға кетеді. Ол не күрделі жұмыс атқарып жатыр сонша?» – деп Қайыров наразылық білдірді.
«Балтиев – ұлттық құраманың аңызы, бірақ өзі Ресейдің Сочиінде тұрады. Бұған дейін «Жетісу» мен «Шахтер» клубтарында менеджерлік қызметте жұмыс істеп көрді. Сол істерден жеткілікті табыс таппағаны ма, енді федерацияны «саууға» көшкені?» деп өткір сұрақ қойды журналист. Бұл сөздер көптің көңілінде жүрген күдікті дөп басты: расында, жергілікті мамандар ішінен неге дәл Балтиев таңдалды, оның басқарушылық тәжірибесі жеткілікті ме, әлде жеке таныстық рөлі басты болды ма – осы сауалдар талқыланды. ҚФФ бұл сынға ресми жауап бермегенімен, жанама түрде Балтиевтің футболшы ретіндегі зор тәжірибесі мен беделіне сенім артылатынын білдірген.
Тағы бір шетелдік маман – жоғарыда аталған португалиялық Нуну Алешандре Паррейра де Каштру, 2025 жылы ҚФФ төрешілер департаментінің басшысы болып шақырылды. Оның айлығы ресми айтылмағанмен, шетелдік төрешілер инструкторы ретінде еңбек өтіліне сай жоғары еңбекақы алатыны түсінікті. Нуну Каштрудың жетекшілігімен биыл төрешілер жұмысына алғаш рет жүйелі талдау жасалып, даулы матчтар бойынша жедел шешімдер қабылданды (Түркістандағы жағдай – соның мысалы).
Жалпы, ҚФФ басшылығы шетелдік мамандарды тартуын отандық кадрлардың тәжірибесі мен біліктілігін көтеру амалы деп түсіндіруге тырысады. Мысалы, Скуртул өз сұхбатында:
«Қазақстанда талантты бапкерлер бар, бірақ заманауи методология мен жоспарлау жағынан көмегім тиеді деп ойлаймын» деген сыңайда пікір білдірді. Дегенмен, қоғам тарапынан: «неге жергілікті мамандарды өсірмейміз, дайын басшыларды шетелден әкелгеннен гөрі, өзіміздің кадрларды неге сол деңгейге шығармаймыз?» деген сын жиі айтылады. Бұл сын-пікірді тек жанкүйерлер емес, сала мамандары да қолдайды. Мәселен, белгілі бапкер Дмитрий Оғай жасөспірімдер құрамаларының бапкерлер құрамы шетелдіктер мен өзге ұлт өкілдерінен тұратынына наразылығын білдіріп: «Екі жылда қымбатқа түсетін Pro лицензиясын алған өзіміздің бапкерлер неге үйде бос отыр? ҚФФ бізді оқытып алып, сосын шеттеткені несі? Клубтарда бапкер тағайындау көбіне таныстықпен, агенттердің ықпалымен шешіледі. Жас жаттықтырушыларға мүмкіндік бермесе, футбол қалай өседі?» – деп ашынды.
Расында, Қазақстан U-15, U-17, U-19, U-21 құрамаларының бас бапкерлері арасында бірде-бір этникалық қазақ маманы болған жоқ – көбісі орыс тілді немесе шетелдік мамандар еді.
Ермұхамед Мәулен осы фактіге ерекше тоқталып: «Барлық құрама бойынша қараңызшы: U-15, U-16, U-17, U-19, U-21 – осы бес команданың бірде-бірінде қазақ бапкері жоқ. Бұл – нағыз шовинизм» деп кесіп айтты. Бұл мәлімдеме қоғамда екіұдай пікір туғызды: бір жағынан, спорт саласында ұлтқа бөліну орынсыз десек, екінші жағынан жергілікті (қазақ) мамандарды жұмысқа алмау үрдісі барын кейбір сарапшылар да мойындайды. ҚФФ құрылымындағы кадр саясатына көз жүгіртсек, жетекші лауазымдардың көбінде бұрынғы футболшылар немесе әкімшілік қызметкерлер отыр. Мұны ашық айтып жүргендердің бірі – футбол комментаторы Есей Жеңісұлы: «Кейбір клубтар мен құрама командаларындағы шешімдерде ұлттық көзқарас емес, ескі таптаурын түсінік басым. Жергілікті білікті қазақ бапкерлері шетте қалып жатады» дейді. Бірақ федерация тарапынан «Кім мықты – сол істейді, ал ұлты маңызды емес» деген уәж естіледі.
Отандық бапкерлердің жетіспеуі тек құрама емес, клуб деңгейінде де байқалады. ҚПЛ-дағы командалардың жартысынан көбін жиі шетелдік не өзге елден келген мамандар жаттықтырады. 2025 жылдың маусымында лигадағы 14 клубтың 8-ін легионер бапкерлер бастады. Маусым ортасында кейбірі отандық кадрларға ауысты. Клуб басшылығының шетелге сенімі түсініксіз емес: олар Еуропа тәжірибесі бар маманнан нәтиже күтеді. Бірақ бұл жергілікті жаттықтырушылардың өсуіне кедергі келтіреді. Дмитрий Оғай секілді тәлімгерлер «Бірінші лигада болсын, басты бапкер қызметінде қазақстандықтар жұмыс істеуі керек. Егер біз өзіміз тәрбиелеген мамандарға сенім артпасақ, Pro лицензиясын не үшін бердік?» деп ашынады. Оның айтуынша, кейбір агенттер өздері өкілдік ететін жаттықтырушыларды қызметке қойып, ол жаттықтырушы сол агент ұсынған ойыншыларды клубқа тартып, тұйық шеңбер жасайды – яғни клуб мүддесінен гөрі делдалдардың қалтасының қамы шешуші рөл ойнайды.
«Көбіне клубтарда бапкер мен ойыншы таңдау тамыр-таныстықпен шешіледі. Егер жас маман сондай «жүйеге» қарсы шықса, кейін жұмыс таба алмай қалады» дейді Огай. Бұл сөздер, өкінішке қарай, шындықтан алыс емес екенін футбол қауымдастығы мойындайды.
Жалпы алғанда, Қазақстан футболында кадр даярлау мен тағайындау жүйесін түбегейлі жетілдіру қажеттігі айқын көрінді. 2025 жылы ҚФФ жаңа басшысы Марат Омаров «жергілікті бапкерлердің біліктілігін көтеру – басты назарымызда болады» деп мәлімдеді. Сол мақсатта UEFA-мен бірлесіп жаттықтырушыларға арналған оқу бағдарламалары жаңартылмақ, өңірлік федерациялардың рөлі күшейтілмек. 2026 жылдан бастап Pro лицензиясына ие қазақстандық мамандарды шетел клубтарында тағылымдамадан өткізу жоспары сөз болды (олардың шығынын УЕФА HatTrick қаржысы есебінен ҚФФ көтеруі мүмкін екені айтылды). Егер осы қадамдар жүзеге асса, алдағы 5-6 жылда Қазақстан футболында өзіміздің білікті менеджерлер мен бапкерлер буыны қалыптасуы ықтимал. Бұл шетелден қымбат маман тарту тәжірибесін біртіндеп азайтып, футболды ұлттық ерекшелікке сай дамытуға жол ашар еді.
Қандай стратегия қажет?
2020-2025 жылдардағы Қазақстан футболындағы жағдайды талдау ел футболының бетпе-бет келген негізгі түйткілдерін айқын көрсетті. Қаржы мəселесінде мемлекет мол қаражат бөліп келгенімен, оның қайтарымы мардымсыз болып, жүйелі тиімділікке қол жеткізу қиынға соғуда. Бюджеттік миллиардтардың елеулі бөлігі инфрақұрылым мен жас ұрпақты дамытуға емес, қазіргі нәтиже бермейтін қысқа мерзімді міндеттерге және кей жағдайда тиімсіз келісімшарттарға жұмсалып кеткені анықталды. Мұны тоқтатудың жолы – спорттық қаржыны бақылау мен ашықтықты күшейту, клубтарды жекешелендіріп, басшыларынан нақты есеп талап ету. Президент Тоқаевтың клубтарды жекешелендіруді жеделдету жөніндегі тапсырмасы осы бағытта жасалған маңызды қадам. Егер клубтар жеке инвестордың қаражатына көшсе, қаржыны оңды-солды шашу тыйылып, тиімділік артуы мүмкін.
Кадр саясатына келсек, футболды дамыту тек қаржымен өлшенбейді – адами капитал шешуші рөл атқарады. Қазақстан футболында ұзақ жылдар бойы жергілікті мамандар көлеңкеде қалып, сырттан маман шақыру сәнге айналды. Алайда сырттан келгеннің бәрі сиқыршы емес екенін өмір көрсетті: ұлттық құраманы жаттықтырған шетелдік бапкерлер де сәтсіздіктерге ұшырады, қымбатқа түскен легионерлер де клубтардың деңгейін күрт көтеріп жіберген жоқ. Есесіне, өзіміздің талантты жаттықтырушылар буынының өсуіне кедергі келді.
ҚФФ 2026 жылға арналған жаңа техникалық даму стратегиясында бапкерлерді дайындау, балалар футболын өркендету және бірыңғай футбол вертикалін құруды басты бағыт етіп отыр. Бұл жоспар іске асса, алдағы жылдары ұлттық құрамаларда да, клубтарда да қазақстандалық білікті мамандар көбейіп, сыртқы кеңесшілерге мұқтаждық азая түсері анық.
Түйіндеп айтқанда, Қазақстан футболы өтпелі кезеңде тұр: бір жағынан қаржы құюмен нәтижеге жету мүмкін болмайтынын түсінді, екінші жағынан түбегейлі реформаларға батыл қадамдар жасауға мәжбүр. Жоғарыда аталған проблемаларды шешу жолында жүйелі реформалар мен ұзақмерзімді стратегия қажет.
Мемлекеттік органдар, ҚФФ және футбол қауымдастығы күш біріктіре отырып, қаржының ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз етсе, әдепсіз әрекеттерге нөлдік төзімділік танытса, өз мамандарымызды тәрбиелеп, олардың біліктілігін үздіксіз көтерсе – сонда ғана қазақ футболы жаңа деңгейге көтеріліп, жанкүйерлер сенімін қайта оралта алады.
Бұл жолда сыни пікірлер де, сарапшылар кеңесі де ескерілуі тиіс, ең бастысы – футболды дамыту ісінде адалдық, кәсібилік және жауапкершілік қағидаттары салтанат құруы қажет. Сонда ғана бөлінген әр теңге өз жемісін беріп, Қазақстан футболы халықаралық аренада ел абыройын ақтайтын деңгейге жете алады деп үміттенеміз.
басты сурет: pexels
Арман Жанбосынов

