15 қыркүйектен бастап Қазақстанда республикалық маңызы бар ақылы автожолдарда төлем ережелері өзгереді. Бұл жөнінде Көлік министрлігі хабарлады.
Қазіргі кезде елде 27 ақылы жол бар. Ендігі жерде ақылы автожолда жол қозғалысына қауіп төндіретін немесе жөндеуді қажет ететін жол учаскесі болса, дәл сол аралықта жөндеу жұмысы толық аяқталғанға дейін төлемақы алынбайды.
«Егер ақылы жол учаскесінің жалпы ұзындығы 100 шақырымды құраса, оның бес шақырымы жөндеуді талап етсе, онда жол бойындағы ақау жойылғанға дейін жүргізушілер тек 95 шақырым жол үшін ғана ақы төлейді. Ұлттық оператор жолдардың жағдайын үнемі бақылайды. Әр жүргізуші ақау туралы тәулік бойы жұмыс істейтін 1403 нөміріне қоңырау шалып, хабарлай алады», – делінген министрлік хабарламасында.
Жаңа ереже республикалық және халықаралық маңызы бар барлық ақылы жолға қолданылады.
Осыған дейін биыл Көлік министрлігінің ақылы жолдардан түсетін табысты 60 млрд теңгеге жеткізуді жоспарлап отырғанын жазған едік.
2024 жылы түсім сомасы 48 млрд теңгеге жетті. 2026 жылы бұл көрсеткіш 100 млрд теңгеге дейін өсуі мүмкін.
Фото: Freepik.com

