15 наурызда шамамен кешкі сағат 22:00-де Атырау қаласында болған атыстан (тапаншадан) үш адам қаза тауып, бір адам жарақат алды. Қайғылы оқиғадан кейін күдікті ұсталып, қамауға алынды. Жанжал неден болған? Бұл жайлы Halyq Uni тілшісі анықтап көрді.
Бірнеше жігітті қолындағы қаруымен жайратып салған сәт видеоға түсіп қалған. Кадрдан Авангард ықшам ауданындағы соңғы аялдама жанына ZAZ Chance маркалы автокөліктің келіп тоқтағанын анық көруге болады. Көліктен бір ер адам шығып, ақ түсті Renault Duster көлігіне қарай беттейді. Сосын ол тапаншасын алып жанына келіп тоқтаған көлік салонындағы бірнеше адамды атып тастайды.
Оқ тиген екі жігіт оқиға орнында қаза тапқан. Олар — 22 жастағы Атырау қаласының тұрғыны және 26 жастағы қала іргесіндегі Еркінқала ауылының тұрғыны. Біріншісінің арқа тұсына төрт оқ, ал екіншісіне үш оқ тиген.
Жарақат алып, ауруханаға жеткізілген 26 жастағы жігіт те Еркінқала ауылынан. Ол қазір өте ауыл халде облыстық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Әлі есін жиған жоқ – комада.
Кейінірек жедел-тергеу тобы атыс болған жерге жақын маңдағы мейрамхананың жанынан тағы бір мәйітті тапты. Оның арқасына екі оқ және желкесіне бір оқ тиген. Кейінірек оның үш адамды атып тастаған күдіктіні оқиға орнына жеткізген Chance маркалы автокөліктің 23 жастағы жүргізушісі екені анықталды. Жүргізуші оқ атқанын көрген соң оқиға орнынан қашып, Құрманғазы көшесінің бойымен «Бунгало» мейрамханасына қарай бет алған. Сонда оқ атқан 28 жастағы күдікті оның ізіне түсіп, оны да атып өлтірген.
Тағы бір дерек: қаза тапқан жігіттер де, ауруханада ауыр халде жатқан азамат та үйленбеген, уақытша жұмыссыз.
Үш адамның өліміне қатысты (тағы бірі ес-түссіз жатыр) қылмысқа күдікті ретінде 29 жастағы Маңғыстау облысының тумасы ұсталып, уақытша ұстау изоляторында отыр. Ол былтыр қазан айынан бері Атырауда тұрып жатыр және бүгінге дейін 32 жастағы қызбен бірге тұрып келген. Оны Жылыой ауданы аумағында — «Атырау-Ақтау» тас жолымен Маңғыстауға қашып бара жатқан жерінен ұстаған.
Еске салсақ, Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсталған азаматтың алғашқы жауабына сүйеніп, жанжал «жеке бас араздығы» бойынша туындаған деп хабарлады. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлігімен («Екі немесе одан да көп адамды өлтіру») сотқа дейінгі тергеу басталды.
Тергеу барысында күдіктімен бірге тұратын 32 жастағы қыз куәгер ретінде жауап берді.
Оның айтуынша, 15 наурыз күні шамамен күндіз сағат 14:00-де өздері тұрып жатқан ықшамаудандағы учаскелік полиция бөлімшесіне өзімен бірге тұрып жатқан жігіті — қазіргі күдіктімен бірге келген. Сол жерде 35 жастағы бұрынғы күйеуін кездестірген. Оның қасында туыстары да болған. Олардың арасында күдіктіні атыс оқиғасы болатын жерге Chance маркалы автокөлігімен әкеліп, кейін өзі де оққа ұшып, мәйіті мейрамхана маңында табылған жігіт те болады. Оның және күдіктінің арасында қыздың бұрынғы күйеуіне қатысты жанжал туындаған. Қыздың бұрынғы күйеуі полицияға әлгі күдіктінің үстінен өзінің 4-сыныпта оқитын ұлын 14 наурыз күні ұрып-соқты деп арыз жазған.
Сол кезде Chance көлігінің жүргізушісі күдіктіге жанжалды «шешу үшін» кешке кездесуді ұсынған. Шамамен кешкі сағат 20:00-де күдікті бірге тұрып жатқан қызға хабарлап, қолында тапанша барын айтқан. Куәгер ретінде жауап берген 32 жастағы қыз сол әңгімеден кейін күдіктімен сөйлеспегенін жеткізді.