Қарағанды қаласының Оңтүстік-шығыс ауданында жаңадан салынған екі тұрғын үй кешенінен пәтер сатып алғандардың басы дауға қалып отыр. Олардың арасында баспананың толық құнын құрылыс мердігеріне төлеп қойғандары да бар. Қонысты заңдастыру ісі созбалаңға салынып отыр. Бұл жөнінде Sarapshy.info порталының аталған облыстағы тілшісі хабарлады.
Кешендердегі пәтер құны шамамен 15-30 млн теңгені құрайды. 2023 жылы пайдалануға берілген 5 қабатты екі үйге орналасқан тұрғындар қоныстойын тойлап, тіпті пәтерлеріне жөндеу жұмысын жүргізген. Олар содан бері бұл үйде алаңсыз тұрып жатқан еді. Алайда жұрт осы уақытқа дейін пәтерлерінің құжатын жасай алмаған. Бастапқыда бұл үйге қоныстанғанда алдын ала жасалған келісімшартты берген, кейін толық заңды түрдегі құжатты жасаймыз деп уәде берген. Тұрғындар құжаттарын заңдастырамыз деп жүргенде, бір жыл бұрын, 2023 жылдың желтоқсан айында мердігер-компания басшысы қамауға алынған.
Содан бері құрылыс мердігерінің мүлкін тәркілеу бойынша сот процесі жалғасып келеді. Енді қараша халықтың өз атына рәсімдеп үлгермеген пәтерлері тәркіленуі мүмкін. Бастапқыда салымшылар бұл тұрғын үй кешендерінің рұқсатсыз салынғанынан бейхабар болған.
«Үйге тыйым салу шарасын алып тастау үшін аудандық сотқа жүгінген едік, олар біздің талап арызды қанағаттандырмады. Қазіргі уақытта бұл іс бойынша облыстық сотқа жүгіндік. Аппеляциялық сот сатысы бұл істі 27 қаңтарда қарайтын болды. Тұрғындардың ішінде баспана құнын 100 пайыз төлеп қойғандар бар. Біз үйді тәркілеуден босату үшін Азаматтық-процестік кодекстің 251-бабына сай жәбірленушілер құқығын қорғауды қолға алдық. Соған сәйкес үйді тәркілеуден босатуды баспананың қожайыны ғана емес, алдын ала жасалған келісімшарттың қатысушылары да талап ете алады. Ал сотта керісінше тұрғындарға пәтерлерді өз аттарыңа аударып алыңдар, сосын талап етіңдер дейді. Егер халыққа қызмет көрсету орталығының базасынан «үйге тыйым салу шарасы қолданылды» деп ақпарат шығып тұрса, біз қалай құжат жасаймыз», — дейді тұрғындардың адвокаты Ирина Маленко.
Облыстық полиция департаментінің мәліметі бойынша құрылыс салушы компанияның директоры уақытша қамау изоляторында отыр. Оған аса ірі көлемде алаяқтық жасау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бүгінде тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Іс әлі сотқа жолданбаған.
«Қайда баратынымызды білмеймін, 20 млн теңге жұмсап алған пәтерімнен айырылып қалайын деп отырмын. Мына мемлекетте заң бар ма өзі? Қайда барамыз, соттан ол пайда болмай тұр. Әділдік деген болу керек қой. Осыдан пәтерді сатып жіберсін, біз соңына дейін барамыз», — деп ашынды үй кешеніндегі тұрғын Әлібек Аманбай.
Айта кетейік, құрылыс салушы компания директорының өзге мердігерлер алдындағы қарызы 110 млн теңгеден асып кеткен.
Арайлым Еркебаева
Сурет: Pixabay.com