Еліміздің ең ірі өндірістік ошағы орналасқан Теміртау қаласының экологиялық жағдайы жақсармай тұр. Мұны қыста жауған қардың түсі көп ұзамай қарақошқыл болуынан ешқандай сараптамасыз аңғаруға болады. Теміртаудағы металлургиялық комбинат инвесторының ауысқанына тура бір жыл болыпты. Былтырғы желтоқсанда инвестор Лакшми Митталдың орнына Андрей Лаврентьев келген. Жаңа инвестор келген соң қаланың экологиялық жағдайында аз болса да, өзгеріс болар деген жұрттың үміті ақталған жоқ.
– Жалпы акционердің ауысуы қаланың экологиясына айтарлықтай өзгеріс әкеле алған жоқ. Өзгеріс болады деп күтудің өзі әбестік болар. Өйткені бір өзі шағын қалашықтың аумағын алып жатқан комбинат жұмыс істеп тұрғанда, түтін мен зиянды қалдықтар бөліне береді. Дәл қазір қайбір жылдардағыдай қара қар жауып, ушығып тұрған жоқ. Бірақ ауада зиянды қалдықтар көп. Мәселен, түнімен тұрақта тұрған көліктің әйнегіне майлы күйе тұнып қалады. Оған қоса жер үйлер пеш жағатындықтан, жеке секторларды көк түтін басып қалатын сәттер де жиі болып тұрады, – деді қала тұрғыны Нұрлыхан Қалқаманұлы.
Қоғам белсенділері де қаладағы комбинаттың инвесторы ауысқанымен экологиялық ахуалдың өзгермегенін айтып дабыл қағуда. Теміртаулық Станислав Войцеховский қаланың ластану деңгейін үнемі бақылап жүреді. Ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына шаһарады түтін басқан кезде түсірілген фотоларды жүктеп отырады.
– Теміртауда жағдай ушықпаса, жақсарған жоқ. Әсіресе кешке қарай қаланың үстін қалың түтін басып тұрады. Менің де түтінге аллергиям бар, қазіргі жағдай қиын. Бұрын Лакшми болғанда конвертерден осынша түтін шықпайтын еді, қазір бұл жерден түтін көп шығатын болған. Негізінен қалаға қарай жел соққанда кәсіпорын түтін шығаруды азайту керек. Мұның барлығы заң нормасында жазылған, алайда заңға ешкім қарап жатқан жоқ, – деді қоғам белсендісі Станислав Войцеховский.
Экологиялық талаптың сақталатынына тұрғындар күмәнмен қарайды
Қарағанды облысы бойынша Теміртау мен Балқаш ең ластанған аймақ болып саналады. Екі қалада да дәл тұрғын үйлер аумағына жақын жерде ауаға зиянды қалдық тарататын зауыт орналасқан. Қоғам белсенділері кәсіпорындарды салғанда жауапты мекемелер әуелден халықтың жағдайын ойламай, өрескел шешім қабылдаған дейді. Зауыттардың қожайындары зиянды қалдықтарды сүзіп шығарып отырмыз деп үнемі ақталады. Алайда оған сенім жоқ дейді тұрғындар. Өйткені жұрт түнгі уақытта зауыт жақтан қою қара түтіннің көп таралатынын айтады.
Қарағанды облысы экология департаментінің ақпараты бойынша аймақта Қарағанды, Теміртау, Балқаш – ең көп ластанатын қалалар болып саналады. Қарағанды қаласында жылына қоршаған ортаға 18 мың тонна, Теміртау қаласында 112 мың тонна, ал Балқаш қаласында 37 мың тонна зиянды қалдық шығады екен. Қарағандыда ауаның ластануына жер үйлерді мұржасынан шығатын түтін де әсер етуде. Шаһарда кәдуілгі пешпен жылытылатын 25 мыңнан астам жер үй бар. Билік қыс басталған кезде Қарағандыны түтін басып кететін болғанықтан, жеке секторды газдандыру жұмысына кейінгі жылдары кірісіп жатыр. Қазіргі уақытта қалада 300 шақырым жерге газ құбырларының желісі тартылған. 10 мың жер үйге газ тарату құбырларының желісі орнатылыпты. Оның ішінде 90 отбасы газдандыру жүйесіне қосылу үшін мемлекеттен көмек алған. Шенеуніктердің айтуынша, 2025 жылы осындай көмекті 170 отбасы алады.
Ал Теміртау қаласында экологияның мүшкіл халге түсуіне металлургиялық комбинаты бар Qarmet АҚ-ның жұмысы ықпал етуде. Ал Балқаш қаласында тұрғындардың түтіннен көз ашпауына «Қазақмыстың» мыс балқыту зауыты себепкер болып отыр. Экология департаменті мамандарының мәліметі бойынша Теміртау қаласындағы металлургиялық комбинат сыртқа шығып жатқан зиянды қалдықты 60 мың тоннаға дейін азайту үшін газдандыру жобасын қарастырмақшы. Ал биыл аталмыш металлургиялық комбинат ауаға зиянды қалдық шығарып экологиялық норманы бұзғаны үшін екі рет айыппұл арқалаған. Жалпы айыппұл соммасы 1 млн 710 мың теңгені құраған екен. Ал Теміртаудағы металлургиялық комбинаттың баспасөз қызметі бірнеше күн күткенімізге қарамастан экологияны қорғау туралы іс-шаралары жайында мәлімет бермеді.
Терең зерттеу мен тиімді технология қажет
Сарапшылардың пайымдауынша, ауасы ластанған қалаларда өнеркәсіптік кәсіпорындардың басым бөлігі көмір отынымен жұмыс істейді және ірі кәсіпорындардың құрылғыларының тозығы жеткен, бұл атмосфераға шығатын зиянды қалдықтардың мөлшеріне тікелей әсер етеді. Сонымен қатар ескірген автокөліктердің саны жаңа экологиялық таза көліктерге қарағанда көбейіп барады. Бұл да ауа сапасының нашарлауына теріс әсерін тигізеді. Мысалы, Қарағанды облысында бес жыл бұрын шамамен 320 мың автокөлік болса, қазір бұл көрсеткіш 350 мыңға жетті.
– Табиғи газбен қамтамасыз ету жұмысы жүріп жатқанымен, жеке сектордың басым бөлігі әлі күнге дейін көмірмен үйлерін жылытады. Сапасы төмен көмірдің арзан болуына байланысты жеке сектор өкілдері көбінесе қолжетімді әрі бағасы төмен көмірді таңдауға бейім. Бұл көмірді жаққанда сапасы жақсырақ қатты отынға қарағанда ауаға көбірек зиянды шығарындылар бөлінеді. Қарағанды мен Теміртау қалаларында газдандыру 2020 жылы басталды және жоспар бойынша 2036 жылы аяқталады. Қазіргі уақытта Қарағандыда әлі де 20 мыңға жуық жеке үй көмірмен жылытылады. Газдандыруды жылдамдатудың жолдарын қарастырған жөн. Әрине, бұл мәселеге бірнеше фактор әсер етеді. Мысалы, қазіргі таңда Қарағандыға жеткізілген көгілдір отын барлық ауданға жете бермеуі мүмкін. Сол себепті ірі кәсіпорындарға газ жеткізуден бұрын, жеке үйлерді газдандыруды жеделдеткен дұрыс. Сонымен қатар, ірі кәсіпорындарға шығарынды мөлшерін төмендету жолдарын іздеуге ынталандыру механизмдерін қарастыру қажет, – дейді жасыл энергетика және климаттың өзгеруін зерттеп жүрген сарапшы Бауыржан Биахметов.
Сарапшы маман кәсіпорындар ауаға шығатын зиянды заттарды азайту мақсатында тозығы жеткен қондырғыларды жеделдетіп модернизациялауы тиіс және ластаушы заттарды ұстап қалатын озық әрі тиімді технологияларды енгізу қажет деп есептейді. Бірнеше халықаралық жобаларға қатысқан маман өзіндік ұсыныс-пікірін айтты.
– Біздің мемлекетте әр ірі кәсіпорын үшін жеке шығарындыларды төмендету жоспары жасалып, қабылданады. Бұл процесс құзырлы органдар мен кәсіпорын арасындағы келісімге байланысты. Кейбір кәсіпорынға қатал талаптар қойылып, басқаларына жеңілдіктер берілуі мүмкін. Ал біздің мемлекеттегі жемқорлық деңгейін ескерсек, бұл көптеген сын-қатерді тудыруы мүмкін. Көптеген елде ірі кәсіпорындар үшін жеке жоспар жоқ, барлық мәселе ашық экономикалық тетіктер арқылы шешіледі. Мысалы, Еуропаның көптеген елінде жыл сайын рұқсат етілген ауа шығарындыларының мөлшері мемлекет тарапынан белгіленіп, жыл сайын азайтылып отырады. Рұқсат етілген ауа шығарындыларын ірі кәсіпорындар ашық аукцион арқылы сатып алады. Әр жыл сайын атмосфераға жіберуге рұқсат етілген шығарындылар көлемі азайған сайын, оның бағасы қымбаттайды, осылайша әр кәсіпорын шығарындыларды азайтудың тиімді жолдарын іздейді, — дейді ғалым.
— Еліміздегі қалалардың ауа сапасы мен зиянды заттардың адам мен қоршаған ортаға әсерін бағалауға қатысты зерттеу жұмыстарын үнемі қарап отыруға тырысамын. Маған қатты байқалатыны, Қазақстандағы зерттеу жұмыстарында озық әдіснама жеткіліксіз. Менің пайымдауымша, ауа сапасын және оның адам мен қоршаған ортаға әсерін терең әрі сапалы зерттеу жұмысы көбейген сайын, біз әлі білмейтін көптеген жаңалық ашылатынына сенемін, – деді сарапшы Бауыржан Биахметов.
Арайлым Еркебаева
Сурет: Мақала авторынан