Ғаламторда жасөспірімдерді деструктивті контенттерден қалай қорғауға болады?

Әлеуметтік желілер қазіргі қоғамның ажырамас бөлігіне айналды. Бұл платформаларда жасөспірімдер күнделікті өмірдің бір бөлігі ретінде ақпарат алып, өзгелермен қарым-қатынас жасайды. Алайда виртуалды кеңістікте дұрыс емес, деструктивті діни контенттер де кең таралуда. Бұл контенттер жасөспірімдерге кері әсерін тигізіп, олардың жеке өмірі мен болашағына қауіп төндіруде. Осы мақалада деструктивті діни контенттің жасөспірімдерге ықпалының себеп-салдары, оларды қорғаудың маңызы және шешу жолдарын жан-жақты қарастырамыз.

Желілерде деструктивті контенттің таралуы

Қазіргі уақытта әлеуметтік желілер бас бермейтін асау іспеттес. Руханият әлемі өте нәзік, оның астарын түсіну қиын. Сондықтан бұл жерде балаң психология тез күйрейтінін, оның иммунитеті жоқ екенін ескеру керек. Деструктивті контенттер тез таралуға неге икемді? Таразылап көрейік.

Ақпараттың еркін қолжетімділігі: Әлеуметтік желілерде кез келген адам өз көзқарасын білдіре алады, тіпті қай қиырда болса да, үгіт-насихат жұмысын жүргізеді. Мұндай еркіндік жалған ақпараттардың, соның ішінде деструктивті діни мәліметтің таралуына мүмкіндік береді.

Цифрлық сауаттың төмендігі: Жасөспірімдер интернеттегі ақпараттың қаншалықты шынайы екенін бағалауға, ақ пен қараны ажыратуға дайын емес.

Эмоционалдық осалдық: Өтпелі кезеңдегі жасөспірімдер өзін-өзі табу, қоғамда өз орнын анықтау секілді аласапыранды басынан өткереді. Осы сәтте олар өзіне «дұрыс жауап» іздеп, радикалды топтардың ықпалына түсуі мүмкін.

Мақсатты аудиторияны іздеу: Радикалды ұйымдар жасөспірімдерді мақсатты аудитория ретінде қарастырады, себебі оларды манипуляциялау оңай.

Зиянды контенттің әсері

Жалпы оқырманын жедел баурап алатын улы уағыз, адастырушы ақпараттар адам психологиясына байқатпай соққы жасайды. Түптеп келгенде, оның зияны орасан. Әсіресе, жасөспірімдер зиянды контенттің әсерінен агрессияға, депрессияға душар болуы мүмкін.

Манипуляцияның қыр-сырын білетін радикалды идеологиялар жасөспірімдерді қоғамнан шеттетіп, жалғыздық сезімін тудырады. Әлеуметтік тұрғыда оқшаулану салдары күйзеліске алып келуі ғажап емес. Деструктивті діни топтар жасөспірімдерді ата-аналары мен жақындарынан алыстатып, тек «топ мүддесіне» қызмет етуге итермелейді. Осыдан құқық мәселесі туындайды. Радикалды топтарға қосылған жастар заңсыз іс-шараларға қатысуы мүмкін. Содырлар жетегіне ілескенін құқық қорғау органдары анқытаса, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Экстремизм, терроризм баптары бойынша түзету мекемелерінде жазасын өтеп жатқан жастар да бар. Сондықтан қауіпті діни контент жастардың болашағына балта шауып, күйретіп жіберуіне себеп болады.

Жастарды қорғаудың маңызы

Жастардың өміріне теріс әсер ететін деструктивті контенттің алдын алу – ұлттық қауіпсіздік пен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етудің басты бағыттардың бірі. Алдымен, жас буынның үлкендерден оң тәлім-тәрбие алып, елін, жерін сүйетін азамат болып қалыптасып, алға басуы ел болашағы үшін маңызды.

Балалардың радикализмнен аулақ болуы отбасындағы қарым-қатынастарды сақтауға көмектеседі. Діни танымның бұрмалануы өрендердің дәстүрлі құндылықтарға деген көзқарасын өзгертеді. Ата-анасына құлақ аспау, ата-баба жолын менсінбеу біртіндеп оның қазіргі қоғамды түгелімен қаралауға дайын тұратындардың қатарынан табылуына себеп болуы мүмкін.

Жастар арасында радикализмнің таралуы елдің ішкі тұрақтылығына қатер төндіреді. Сондықтан санаға сыналай енетін қауіпті ақпараттардан аулақ болу керек. Бала күнінен игі істерге баулу, ізгі іліммен сусындауы, ата-ана тәрбиесі жастардың сыни ойлау қабілетін және әлеуметтік дағдыларын дамытуға ықпал етеді.

Жасөспірімдер психологиясын тану жүйелі де өнімді зерттеу жұмысын қажет етеді. Балалар әр нәрсеге қызығушылық танытып, өмірдегі орнын іздеумен болады. Деструктивті топтар олардың жан-дүниесіндегі осал тұсын пайдаланады. Сондықтан психологтар мен педагогтар жасөспірімдерге жеке қолдау көрсетіп, олардың өзін-өзі бағалауын арттыруы қажет. Сыни ойлау қабілетін дамыту жастарды кез келген ақпаратты мұқият талдауға үйретеді.

Мемлекет қабылдаған құжаттар

Мемлекет жастар танымына оң әсер ететін шараларға ден қоюда. Қазақстанда радикалды топтармен және жат діни ағымдармен күресу үшін бірнеше құжат қабылдаған:

  • 2023-2025 жылдарға арналған діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жүйесін дамытудың кешенді жоспары;
  • 2024-2026 жылдарға арналған кәмелет жасына толмағандар арасындағы діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жөніндегі жол картасы;
  • 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы.

Интернет кеңістігінде дін тұрғысынан дүдамал әрекеттерге тосқауыл болуға арналған шаралар қолға алынған. Оның негізгі компоненттерін осылай жүйелеп көрсетуге болады.

Заң жолымен реттеу: Интернеттегі деструктивті контентті бақылау және оны таратушыларға қарсы қатаң шаралар қолдану.

Ақпараттық кампаниялар: мамандар мақұлдаған дұрыс діни танымды насихаттау үшін медиа және әлеуметтік желілерде кең ауқымды кампаниялар ұйымдастыру, қызықты әрі пайдалы ақпарат ұсынатын платформалар құру, жастар арасында трендке айналатын контентті дамыту.

Құқық қорғау органдарының жұмысы: Деструктивті діни топтардың интернеттегі әрекетін қадағалау, үгіт-насихат жұмысын жүргізетін миссионерлерді анықтау, олардың ақпарат тарататын арналарын жою.

«Кибернадзор» 1520 күмәнді сілтемені бұғаттады 

Батыс Қазақстан облыстық дін істері басқармасының мәліметі бойынша 2024 жылдың 10 айында ақпарат құралдарында және интернет кеңістігінде жалпы саны 2062 материал жарық көрді. Оның 300-і – мақала, 74-і – телерадио бағдарламалар, бейнесюжеттер, 1688-і – интернет ресурстарында орналастырылған ақпараттар.

Қоғамда діни сауаттылықты арттыру және радикалды идеологиялардың алдын алу, заманауи технологияларды пайдалана отырып, сапалы медиа өнімдер дайындау мақсатында «Орал дін» медиа студиясы ашылды. Инстаграм әлеуметтік желісінде @oral.din парақшасында радикалды идеологияларға тосқауыл қою, діни мерекелер, құндылықтар, қоғамдық келісімді нығайту бағытында ақпараттар жарияланып отырады.

Басқарманың қолдауымен жергілікті өлкетанушы, шежіреші Мұратбек Жахатовтың @shejire.media  парақшасы ашылды. Мұратбек Каспийұлы қазақ шежіресі мен діни дәлелді ұштастыра отырып, салт-дәстүріміздің ислам құндылықтарымен қабысатынын танымдық, ғылыми айғақтармен түсіндіреді.

«Талдамалық интернет-карта» ақпараттық жүйесі арқылы деструктивті діни бағыттағы әлеуметтік парақшаларға тіркелушілер саны 27 205 екені анықталды. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш 5422-ге азайды.

«Контр» – республика көлемінде интернет кеңістікте діни экстремизмнің алдын алу және оған қарсы насихат жұмыстарын жүргізу үшін дайындалған материалдарды (қысқаметражды бейнеролик, Reels, фото, пост) жүктеу арқылы бір орында жинақтау және қажетті материалдарды алып, әлеуметтік желілерде бөлісу жүйесі. Жыл басынан бері жүйеге 442 материал енгізіліп, оның 324-і мақұлданды. «Кибернадзор» бағдарламасы бойынша 19 942 күмәнді сілтеме (2023 жылы – 524 сілтеме) жолданып, оның 1520-сы бұғатталды. 

Қорытынды

Жастар жаңа идеяларды қабылдауға құштар және өте бейім. Жас ерекшелігі бойынша тұлға ретінде қалыптасу жолында «өтпелі кезеңдегі» эмоционалды тұрақсыздық, өзіндік болмысын зерттеуге ұмтылысы оларды деструктивті топтардың оңай нысанасына айналдырады.

Ата-аналар балалардың интернеттегі әрекеттеріне назар аударып, олардың қандай ақпаратты тұтынатынын бақылауы қажет. Қауіпті контенттерді дер кезінде бұғаттауы керек. Отбасында ұл-қызымен ашық әңгімелесіп, діни тақырып бойынша қойған сауалдарына толық жауап бергені абзал. Сонымен қатар ата-аналардың өздері де діни сауатын арттырып, балаларға дұрыс бағыт-бағдар көрсетуі маңызды. Отбасында жасөспірім қозғап отырған тақырып күрделі болса, мемлекет қарамағындағы мекемелерде қызмет ететін теологтардан кеңес алғаны жөн.

Осы орайда білім беру мекемелерінің рөлі зор. Зайырлылық принциптерін түсіндіре отырып, дінтану және медиасауат бағытында пән мұғалімдері ұтымды сабақ бере білуге тиіс. Оқушылар бос уақытын тиімді өткізу үшін мәдени және спорттық іс-шаралар легі толастамағаны жөн. Мектептерде психологтар арқылы балалардың әлеуметтік, психологиялық портретін анықтап, дүдәмал жолға түскендерді ерте аңғарып, балаға және ата-анасына тұрақты түрде кеңес беруі, психологиялық жаттығулар өткізуі керек.

Әлеуметтік желілердегі деструктивті діни контенттің таралуы – жастардың қауіпсіздігі мен қоғам тұрақтылығына елеулі қатер. Мемлекет, ата-аналар, білім беру мекемелері, жастар ұйымдары мен қоғам белсенділері бірлесе әрекет етіп, жасөспірімдерді қорғау үшін кешенді шараларды жүзеге асыруы қажет. Жастардың діни сауаттылығын арттыру, интернеттегі ақпараттық қауіпсіздік пен қоғамның қолдауы арқылы ғана радикализмнің таралуына тосқауыл қоюға болады.

Нұртай ТЕКЕБАЙ

 

Әлеуметтік желілер арқылы бөлісуді ұмытпаңыз