AZAL әуекомпаниясының Ақтаудың аймағында құлаған ұшағы бойынша тергеу жұмыстары 2026 жылы қорытындаланады. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев хабарлады.
Қазір апаттың қылмыстық құрамын Бас прокуратура зерттеп жатыр. Ал апаттың техникалық себебін көлік министрлігі қарастырады.
Қанат Бозымбаевтың сөзінше, көлік министрлігі тергеуді келесі жылдың басында аяқтауы мүмкін.
Көлік министрлігі тергеудің соңғы кезеңін бастады. Қазір лицензия берушілер мен технология иелерінен, әуежол навигациялық құралдарынан соңғы қорытынды күтіліп жатыр.
Айта кетейік, таяуда Ресей президенті Владимир Путин өткен жылы Ақтау маңында апатқа ұшыраған Әзербайжан жолаушылар ұшағын ресейлік әуе қорғаныс жүйесі қателікпен атып түсіргенін растады.
Былтыр 25 желтоқсанда Ақтау маңында Бакудан Грозныйға жол тартқан AZAL әуе компаниясының жолаушылар ұшағы құлады. Апат салдарынан 38 адам қаза тапты.
фото: Global Look Press

