ҚР Сыртқы Істер министрлігі АҚШ-тан депортацияланатын қазақстандықтар туралы ақпаратты жоққа шығарды.
«АҚШ билігі елден шығарылуы тиіс заңсыз мигранттар тізімін жариялады. Жалпы саны 1,4 миллион адамның ішінде Қазақстанның 369 азаматы бар», — деген ақпараттың ескі екенін ҚР Сыртқы Істер министрлігінің баспасөз қызметі Sarapshy.info редакциясына мәлімдеді.
Fox News бұл жаңалықты 2024 жылғы 11 желтоқсанда жариялаған. Сондай-ақ жаңалықтың ішінде АҚШ-тың Иммиграция және Кедендік Бақылау Қызметінің 2024 жылдың 24 қарашасы бойынша ұсынған құжат бар.
Депортацияға қатысты ақпараттың белсенді тарауына жыл басында АҚШ-тың 47-президенті қызметіне келген Дональд Трамптың бағдарламасы себеп. Ол Америкада заңсыз еңбек етіп жүрген мигранттарды елден шығаратынын мәлімдеді.
Осыған дейін ҚР елшілігі АҚШ-та заңсыз жүрген қазақстандықтарға шекарадан шығып кетуді ескерткен еді. Себебі қазіргі АҚШ билігі елде құжатсыз, баспанасыз, заңсыз жұмыста жүрген азаматтарға өз еркімен елдеріне қайтуға мүмкіндік беріп отыр.