Ақмола облысында алаяқтықпен айналысқан қылмыстық топқа қатысты тергеу аяқталды. Белгілі болғаны, топ құрамына еліміздің түрлі өңірінен 25 адам кірген.
Ұйымдасқан қылмыстық топ табыс-кірісі аз, көмекке мұқтаж азаматтардың атына несие рәсімдеп, алдап келген. Адам ұрлаудан да тайынбаған. Бас прокуратура олардың арасында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі орталық аппаратының, сондай-ақ бірқатар банктердің, оның ішінде «Kaspi Bank», «ForteBank», «Еуразиялық Банк», «Jusan bank» қызметкерлері болғанын хабарлады. Қылмыстық топтың қатысуымен бес жылдан астам уақыт бойы алаяқтық әрекеттер жасалған.
Елдің 348 азаматы қылмыс құрбаны болған. Ал келтірілген шығын көлемі — 3,7 млрд теңге.
«Тергеу барысында қылмыстық жолмен табылған мүліктер анықталды. Оның ішінде Алматы қаласындағы пәтерлер мен жер телімдері, қымбат автокөліктер, ірі көлемде қолма-қол ақша бар. Тәркіленген мүліктің жалпы құны – 2,7 млрд теңге», — делінген бас прокуратураның хабарламасында.
Қазір топтың барлық мүшесі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық іс процесс қатысушыларына танысуға берілген, түпкілікті шешімді сот шығарады.
Осыған дейін алаяқтардың 1414 нөмірі арқылы хабарламаны қалай жіберіп жатқанын Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевтің түсіндіре алмағанын жаздық. Министрдің ойынша, ең әуелі кибергигиенаны үйрену қажет.
Ұлттық банк алаяқтар халықтың қалтасын қағудың жаңа тәсіліне көшкенін хабарлады. Олар өздерін коммуналдық қызметтің немесе ұялы байланыс операторының қызметкері ретінде таныстырады. Алаяқтар БЖЗҚ салымшыларына қоңырау соғып, алдауға көшкен. Зейнетақы қоры да ел азаматтарына маңызды ескерту жасады.
Фото: Freepik.com

