Соңғы кездері Атырауда жер сілкінісі туралы ақпарат жиі естіле бастады. Кейінгі екі айда кемінде екі жер сілкінісі тіркелді. Бірі – 11 мамыр күні, екіншісі — 10 сәуірде. Екеуі де Теңіз мұнай-газ кен орны орналасқан Жылыой ауданында болды. Жері негізінен шөлді және шөлейтті болып келетін Атырау өңірі таулы аймақтардағыдай сейсмикалық қауіпті емес, мұнда жер сілкінісі болмайды деген пікір бар қоғамда. Олардың арасында жергілікті тұрғындар да бар. Олай болса, жер астындағы дүмпулер нені білдіреді? Тексеріп көрелік.
Теңіз кен орнындағы дүмпулер
11 мамыр күні Теңіз мұнай-газ кен орны аумағында 4,2 балдық жер сілкінісі болды. «Теңізшевройл» компаниясының баспасөз қызметі жер сілкінісі болғанын растап, оның персонал мен өндіріске әсер етпегенін хабарлады. АҚШ-тың геологиялық қызметі жер сілкінісінің сағат 11.44-те Жылыой ауданы Жаңа Қаратон ауылынан 32 шақырым жерде оңтүстік-оңтүстік батыс бағытында болғанын тіркеді. Атырау қаласынан солтүстік-батыс бағытқа қарай 154 км жерде болғаны айтылады. Онда жер сілкіну ошағы 10 км тереңдікте болған делінсе, Еуропа-Жерорта сейсмологиялық орталығы 6 км деп тіркеген.
Ал, Қазақстан ұлттық деректер орталығының сейсмикалық орталық картасында дәл бірдей уақытта Теңіз вахталық қалашығы маңында 3,9 балдық екі жер сілкінісі , екінші мәліметте 4 балдық деп көрсетілгнен.
Бұған дейін Атырау облысында 10 сәуірге қараған түні сағат 01:40-та 4,3 балдық жер сілкінісі болды. Бұл туралы Қазақстан ұлттық деректер орталығы хабарлады. Жер сілкінісі Жылыой ауданы Құлсары қаласынан 120 шақырым жерде, оңтүстік-шығыс бағытта болған.
Облыста 10 сәуір түні 4,3 балдық жер сілкінісі туралы ақпаратты Еуропа-Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығы да Қазақ ұлттық деректер орталығы мәліметіне сүйеніп жариялаған. Бұл орталықта жер сілкінісі Қазақстанның батысында Жылыой ауданы Қаратон ауылынан 82 км жерде болғанын көрсеткен. Тереңдігі 1 шақырым делінген. Қаратон ауылы Құлсары қаласының оңтүстігінде орналасқан. Қаратонның оңтүстігінде Теңіз мұнай-газ кен орны бар. Біз мұны google-дағы жер планетасы картасынан көрдік. Ашық деректерде жер сілкінісі ошағы нақты қай жерде болғаны неге нақты көрсетілмегені түсініксіз. Атырау өңірі маңына жақын жерде жерасты дүмпуі туралы ақпарат былтыр қыркүйек айында 140 шақырым жерде, тағы да сол оңтүстік-шығыс бағытта болған.
Академик Диаров нені ескертіп еді?
Марқұм академик Муфтах Диаров бұған дейін Атырау өңірінде техногендік жер сілкіністерінің қаупі туралы бірнеше рет ескерткен болатын. Ол «Ақ Жайық» газетінде 2010 жылы жарияланған «Апокалипсис с открытой датой» атты мақаласында Қазақстан Ұлттық ғылым академиясы Сейсмология институтының деректеріне сүйене отырып, Атырау облысының аумағы, соның ішінде Каспий теңізінің акваториясы, Рихтер шкаласы бойынша 6 баллға дейінгі жер сілкінісі болуы мүмкін жер қыртысындағы қауіпті аймақтарға жатқызылғанын жазған.
Оның айтуынша, Қашаған, Қайран, Ақтоты, Королевское және Теңіз тұзасты ірі мұнай кен орындары жер қыртысының тектоникалық жағынан белсенді учаскелерінде орналасқан.
2014 жылы Атырау облысының төтенше жағдайлар департаменті өңірдегі табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар каталогын жасаған. Онда соңғы онжылдықтарда Атырау облысында көмірсутек шикізатын қарқынды өндіруге байланысты мұнай-газ кен орындарында күшті техногендік жер сілкінісі қаупі туындағаны айтылады.
Оның алдында Атырау қаласында 2000 жылдың 6 желтоқсаны мен 2011 жылдың 21 ақпанында Жылыой ауданы Теңіз кен орны аумағында жер сілкінісі болған. Теңіздегі жер сілкінісінің күші 4,1 балл деп тіркелген. Сол күні кен орнының оңтүстік бөлігінде жұмыс істейтін қызметкерлер жер дүмпуін сезген. Бұл жер сілкінісін Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданында орналасқан «Ақбұлақ» сейсмостанциясы тіркеген.
2011 жылы академик Муфтах Диаров Теңіз кен орны екі тектоникалық жарықтың үстінде орналасқанын айтқан. Сол кезде ол қолындағы бақылау мәліметтеріне сүйеніп, «Теңіз кен орнындағы жер қыртысы жылына 5 сантиметрге көтеріледі» деген ақпаратпен бөліскен.
Атырау қаласындағы жер сілкінісі
2000 жылдың 6 желтоқсанында Атырау қаласында болған жер сілкінісі туралы кезінде «Ақ Жайық» газетінде жарық көрді. «Ақ Жайық» газетінің 2000 жылдың 7 желтоқсаны күні №50 санында «Городской парк» қосымшасының бірінші бетіне «Земля под Атырау задрожала в 21.15» деген тақырыппен материал жарияланған. Онда облыстық төтенше жағдайлар департаментінің кезекшісі Алматыдағы сейсмоорталыққа 15 минут сайын хабарласып отырғанын, жер сілкінісі ошағы қайдан екенін анықтай алмай отырғанын айтқан. Дегенмен, жер дүмпуі Атыраудан бөлек, Орал, Ақтау, Қызылордада тіркелгенін хабарлаған.
Ал газеттің келесі санында – 14 желтоқсанда «Когда поджилки трясутся сильнее земли…» деген материалында жер сілкінісінің магнитудасы 3,5 балл болғаны жазылған.
Одан соң жер сілкінісі ошағы Маңғыстау облысы шекарасына жақын жерде Түркіменстанның батысындағы Небит-Даг қаласынан оңтүстік бағытқа қарай жатқан 50 км қашықта болғаны келтіріледі.
Материалда әлем баспасөзіне сүйеніп, Небит-Даг жер астында Рихтер шкаласы бойынша 6 немесе 7 балдық жер сілкінісі болған делінеді.
Сейсмологиялық бақылаулар және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығының директоры Дәулет Сәрсенбаевтың сәуір айында ресми сауалымызға берген жауабында 2000 жылы 6 желтоқсанда болған жер сілкінісі ошағы Батыс Түркіменстанда тіркелген және бұл елдегі жер сілкінісінің магнитудасы 7,4 балл болған деп көрсеткен.
«Жер сілкінісі Түркіменстанның, Әзірбайжанның, Орталық Азияның көптеген қалаларында, сондай-ақ Ресейде және Атырау аумағында да сезілді» дейді Сәрсенбаев.
Өңірдегі табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар каталогы
Ал 2014 жылы Атырау облысының төтенше жағдайлар департаментінің өңірдегі табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар каталогында көмірсутек шикізатын қарқынды өндіру кезінде мұнай-газ кен орындарында жасанды, яғни техногенді жер сілкінісі болған мысалдарды былай деп келтіреді. Онда Небит-Даг қаласында 2,5 баллдық жер сілкінісі тіркелді деп жазылған: «Мұндай апаттар бұған дейін Газлиде (1976 және 1984 жж.) және Сахалиндегі Нефтегорск қаласында (1995 ж.) орын алған. 2000 жылы қараша айында Баку қаласына жақын Каспий теңізінің маңында магнитудасы 1,5–2 баллдық жер сілкінісі сезілді. Ал желтоқсан айында Түрікменстан аумағындағы Небит-Даг қаласында 2,5 баллдық жер сілкінісі тіркелді. 2000 жылғы 6 желтоқсанда Атырау қаласында, ал 2011 жылғы 21 ақпанда Жылыой ауданындағы Теңіз кен орнында жер сілкінісі сезілген».
2014 жылы Атырау облысының төтенше жағдайлар департаментінің өңірдегі табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар каталогында көзге түскен тағы бір дерек бар. Онда 2016 жылы Атырау облысының аумағында 17 жер сілкінісі тіркелген деп жазылған.
Атырауда төрт сейсмикалық қауіпті аумақ бар
Еліміздегі сейсмикалық қауіпті аймақтар мен Атыраудағы жер сілкіністері бойынша ресми сауалымызға төтенше жағдайлар министрлігі елімізде сейсмикалық қауіпті аймақтар қатарына республикалық маңызы бар екі қала мен 13 облыс жатады деп жауап берді. Сейсмикалық қауіпке бейім деп аймақтар мыналар: Алматы және Шымкент қалалары, Алматы, Абай, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау, Атырау және Ұлытау облыстары.
Ал, Атырау облысының аумағында төрт сейсмикалық қауіпті аймақ бар деп, Аққыстау, Атырау, Индербор, Махамбетті көрсеткен.
Атырауда қанша жер дүмпуі болған?
2 балдан төмен жер сілкінісі төмен магнитуда саналады. Ресми сауалымызға жауап берген Атырау облысының төтенше жағдайлар департаменті бастығы Нұрлан Жаңабаев Қазақстан Республикасының аумағында жүргізілген сейсмологиялық бақылау деректеріне сүйеніп, Атырау аумағында тіркелген магнитудасы 2 балдан жоғары жер сілкіністері туралы мәлімет берді. Оның мәліметі бойынша, мұндай жер сілкіністері өңірде 1970 жылдан бастап тіркелген. Бірақ олардың арасында 2000 жылы Атырау қаласында және 2001 жылы Жылыой ауданы Теңіз кен орнында болған жер сілкіністері туралы ақпарат жоқ.
-1970 жылы Атырау аумағында магнитудасы 3,9 балдық, 1974 жылы — 3,1 балдық, 1974 жылы — 4,1 балдық, 1976 жылы — 4 балдық, 1998 жылы — 3 балдық жер сілкіністері болған. Ал 2005 жылы магнитудасы 2,1 балдық, 2011 жылы — 2,8 балдық, 2013 жылы — 2,1 балдық, 2013 жылы — 2,3 балдық жер сілкіністері болған. Бұның бәрі әлсіз жер сілкіністері. Атырау облысында күшті жер сілкіністерінің болғандығы туралы мәлімет жоқ, — дейді Жаңабаев.
Бұдан бөлек, ТЖД бастығы «Сейсмологиялық бақылаулар және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы» ұсынған ақпаратқа сүйеніп, былтыр 2024 жылғы 8 тамызда Атырау облысының аумағында сейсмикалық станциялар желісі тереңдігі — 5 км, 3.9 балдық жер сілкінісін тіркегенін хабарлады. Координаттары — 48.130, 54.217. Yandex карта бұл координаттарды Қызылқоға ауданы аумағына тиесілі далалық жер деп шығарып берді. Ал биыл 10 сәуір мен 11 мамыр күндері тіркелген 4,2 және 4,3 балдық жер сілкіністерінен бөлек, жыл басында — 2 ақпан күні 4,7 балдық жер сілкінісі болған. Тереңдігі — 10 км. Оның 46.333, 54.383 координаттарын Yandex карта Жылыой ауданы Майкөмген ауылы маңы деп көрсеткен.
Атырау облысында бір сейсмостанция жұмыс істейді
Бүгінде Атырау облысы бойынша жер сілкіну дерегін тіркейтін бір ғана сейсмологиялық бақылау станциясы бар. Оны Индер ауданында осыдан үш жыл бұрын — 2022 жылы орнатқан. Мамандар бір станция Атырау аймағының сейсмикалық жағдайын толық бақылауға жеткіліксіз дейді.
Облыстық ТЖД бастығы Нұрлан Жаңабаев «Атырау облысында біздің тек бір станциямыздың болуына байланысты жер сілкінуі туралы мәліметтерді көршілес елдердің және Қазақ ұлттық деректер орталығының мәліметтеріне сүйене отырып талдау жасалынады. Бұл әрине аймақтың сейсмикалық жағдайын сипаттауға аздық етеді» дейді.
Ал, Сейсмологиялық бақылаулар және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы директоры Дәулет Сәрсенбаевтың сөзінше, жер сілкінісінің параметрлері (ошағы, уақыты, координаттары, энергетикалық классы, магнитудасы) кем дегенде үш станциямен анықталады. Ол 2000 жылы Атырау қаласында және 2001 жылы Жылыой ауданы Теңіз кен орнында болған жер сілкіністерінің тіркелмеу себебін «ол кезде Қазақстанның батыс аумағында сейсмикалық станциялар болмады» деп түсіндіреді.
Сейсмостанциялар жеткіліксіз болуынан жер сілкінісінің неден болғанын анықтау мүмкін болмай отыр. Мәселен, 2001 жылы Жылыой ауданы Теңіз кен орнында тіркелген жер сілкінісі туралы ақпарат Ресей ғылым академиясының геофизикалық зерттеулерінің федералдық ғылыми орталығының каталогынан алынған. Зардаптар туралы мәлімет жоқ.
«Сондай-ақ, Теңіз кен орнын өндіруші компания өз кен орнында геодинамикалық бақылау жүргізеді. Алайда олардың ақпаратын біз ала алмаймыз» дейді орталық директоры Сәрсенбаев.
2022 жылы Атырау облысында (Индербор) сейсмикалық станция орнатылғанға дейінгі Атырауда тіркелген жер сілкіністерінің тізімі:
Год | Мес | День | Час | Мин | Сек | Широ-та | Долгота | Глубина | Энергети-ческий класс, К | Магни-туда, Ms |
1970 | 5 | 17 | 10 | 6 | 500,0 | 48.1 | 47.8 | 33 | 11,3 | 3,9 |
1974 | 9 | 3 | 13 | 55 | 429,0 | 47.6 | 47.1 | 0 | 9,9 | 3,1 |
1974 | 10 | 13 | 9 | 56 | 8,0 | 48.4 | 53.6 | 5 | 10,7 | 4,1 |
1976 | 2 | 6 | 14 | 50 | 1,9 | 47.3 | 53 | 115 | 10,3 | 4,0 |
1998 | 11 | 1 | 3 | 56 | 120,0 | 46.93 | 53.73 | 0 | 9,1 | 3,0 |
2005 | 9 | 9 | 5 | 7 | 130,0 | 48.23 | 54.35 | 0 | 5,3 | 2,1 |
2011 | 2 | 18 | 8 | 56 | 43,0 | 46.75 | 53.31 | -1 | 6,0 | 0,9 |
2011 | 2 | 21 | 9 | 3 | 23,0 | 46.05 | 53.27 | 8 | 8,4 | 2,8 |
2011 | 3 | 10 | 12 | 32 | 43,0 | 46.19 | 53.76 | -1 | 6,2 | 1,8 |
2011 | 4 | 30 | 15 | 37 | 22,0 | 46.7 | 53.37 | -1 | 6,1 | 1,7 |
2013 | 1 | 31 | 16 | 8 | 57,0 | 46.84 | 53.42 | -1 | 6,9 | 2,1 |
2013 | 5 | 29 | 3 | 52 | 38,0 | 46.44 | 53.85 | -1 | 6,0 | 1,7 |
2013 | 8 | 5 | 9 | 59 | 49,0 | 46.45 | 53.46 | -1 | 6,2 | 1,8 |
2013 | 10 | 6 | 1 | 4 | 56,0 | 46.59 | 53.79 | -1 | 6,1 | 1,8 |
2013 | 10 | 17 | 19 | 4 | 3,0 | 48.44 | 52.34 | -1 | 7,3 | 2,3 |
2022 жылы Атырау облысында (Индербор) сейсмикалық станция орнатылғаннан кейін Атырауда тіркелген жер сілкіністерінің тізімі:
Год | месяц | день | час | минута | секунда | широта | долгота | класс | глубина | Магнитуда
MPV |
2023 | 2 | 13 | 2 | 10 | 4.1 | 46.833 | 54.333 | 9.2 | 20 | 4.0 |
2023 | 4 | 25 | 7 | 24 | 58.1 | 45.600 | 54.050 | 11.3 | 5 | 5.1 |
2024 | 4 | 22 | 19 | 9 | 3.2 | 45.967 | 54.033 | 9.8 | 10 | 4.7 |
2024 | 8 | 8 | 4 | 1 | 409 | 48.133 | 54.217 | 7.8 | 5 | 3.9 |
2024 | 12 | 2 | 9 | 40 | 35.2 | 45.183 | 53.767 | 9.5 | 10 | 4.3 |
2025 | 2 | 2 | 9 | 52 | 21.4 | 46.167 | 54.233 | 9.6 | 35 | 4.7 |
*Назар аударыңыз, екі тізімдегі магнитуда екі түрлі әдіспен есептелген.