Қазақстан Республикасының «Рәміздер туралы» Конституциялық заңында «Ғимараттарға тұрақты тігілген мемлекеттік Туға тәуліктің қараңғы мезгілінде жарық түсіп тұруға тиіс» деп тайға таңба басқандай көрсетілген. Алайда бұл заңға Орал қаласындағы бірқатар мемлекеттік мекеме салғырт қарайтын сыңайлы. Кейбір мемлекеттік құрылым орналасқан ғимараттың төбесіндегі мемлекеттік Туға жарық түспей тұр. Түнде Тудың бар-жоғы білінбейді. Тіпті кейбіреулеріне жарық қойылмаған. Тудың іліну тәртібін тәуелсіз тілші Есенжол Елекенов шолып шықты.
Батыс Қазақстан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы отыратын ғимаратта мемлекеттік Туға ешқандай жарық түсіп тұрған жоқ. Мұндай кемшілік тек бұл басқарама да ғана емес, заңды жақсы біледі деген облыстық әділет департаменті, қалалық прокуратура, қалалық №2 сот, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті, қалалық мемлекеттік кірістер басқармасы, қалалық білім бөлімінде бар.
Ал БҚО-ның еңбек инспекциясы басқармасы жайғасқан ғимараттың қас бетінен Ту да, Елтаңба да көрінбейді. Ата Заңда әрбір мемлекеттік мекемеде Ту мен Елтаңба болуы қажеттігі міндеттелсе де, бұл басқарма заңға құрметпен қарамайтынға ұқсайды. Басқарма басшысы Асылулан Досжанов мемлекеттік Туды орнатудың өзіндік қиындығы барын айтып ақталды.
– Мемлекеттік Ту жаңбырдан кейін жыртылып қалды. Енді жоғарыға шығып, Туды орнату үшін арнайы кран керек, былай шыға салу қиын, – деді. Ол тілшінің «Сіз айтып отырған жауап Туды орнатпауға нақты фактор бола алмайды ғой. Заң міндеттеп тұр емес пе?» деген сауалына: «Сіз өзіңіз түсінесіз ғой, жалпы Тудың өзін сатып алу үшін мемлекеттік тапсырыстан өту керек. Ол порталда тұрады. Оны күту керек. Біз қазір Туға тапсырыс беріп қойдық» деп қойылған сұраққа нақты жауап бермеді. Және ол мемлекеттік Ту ілінген күннің өзінде оған жарық беретін шам орнатудың өзі қиын деп отыр.
– Мен бір адамды «Сен жоғарыға шық та, Туға жарық шам қой» деп жұмсай алмаймын. Өйтіп жіберетін адамымда жоқ. Бұл – Туға жарық түсірмейміз деген сөзім емес. Жарық болғанын қалаймыз, бірақ ескі ғимарат болған соң, кемшілік болып тұр. Жүргеннің өзінде шайқалады. Қазір бұл ғимараттың сыртын бояп, шағын жөндеу жұмыстарын жүргізейін деп жатырмыз. Бітірген соң, алдағы уақытта мемлекеттік Туды іліп, жарық шам орнатамыз, – деген Батыс Қазақстан облысы еңбек инспекциясының басшысы Асылулан Досжанов Елтаңба орнату жөнінде жақ ашпады.
Ал қалалық білім бөлімінің басшысы Ақжарқын Темірханова болса, өзі отыратын ғимаратта мемлекеттік Тудың бар-жоғын «білмейді».
– Қазір сұрап білейінші.., – деп басқа бөлмеге кетіп қалып, кішкенеден соң келген ол: «Төбеден су кетіп, қазір жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Сол кезде алып тастаған ғой. Негізі Туға жарық түсіп тұр», – деді қысқаша ғана.
Бұл мекемеден шыға сала жоғарыға көз салдық. Ешқандай жөндеу жұмыстары жүріп жатпағанын көрдік. Мемлекеттік Туды ғимарат төбесіне, елеусіз жерге іліп қойған. Түнде Туға жарық түспейтіні анық байқалды.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті БҚО департаментіне де аяқтай барып, мемлекеттік Туға не себепті жарық түспей тұрғанын сұрадық. Аты-жөнін атамаған департамент қызметкері мәселеге қатысты пікір білдіруден үзілді-кесілді бас тартты.
Орал қалалық прокуратурасының ұйымдастыру бақылау тобының прокуроры Әсел Зайдуллина өздері орын тепкен ғимаратта мемлекеттік Туға не үшін жарық түспей тұрғанын:
– Екі апта бұрын біз ғимараттың барлық жарығын тексерткен едік. Мүмкін техникалық ақау болып Туға түсетін жарық шам істемей қалған шығар. Олқылықты дереу дұрыстаймыз, – деп түсіндірді.
Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі №2 қалалық соттың ғимаратында Мемлекеттік Туға жарық түспегенін «техникалық ақаумен байланыстырды».
– Электр сымдарының үзіліп қалуына байланысты уақытша жарықтандыру түспей тұр. Жөндеу жұмыстарынан кейін іске қосылады, – делінген жазбаша жіберген жауапта. Әділет департаментінің баспасөз хатшысының жіберген жауабы да осыған ұқсас.
Ал Батыс Қазақстан облысы мемлекеттік кірістер департаментінің ұйымдастыру қаржы басқармасының басшысы Ерболат Ғайнешев қалалық кірістер басқармасының ғимаратында күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатырғанын, мемлекеттік Туға сол себепті жарық түспей тұрғанын айтты.
– Ғимаратта толықтай жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Қазір ол жерде ешкім жоқ. Бос тұр. Қызметкерлер басқа жерде отыр. Енді құрылыс жүріп жатқасын Тудың жарық шамы айырылып қалған шығар. Ескертіп, қостыртамыз,– деді.
Ерболат Ғайнешевтың айтқан сөзінің рас-өтірігіне көз жеткізу үшін қалалық кірістер басқармасына аяқтай бардық. Ішкі жөндеу жұмыстарының жүріп жатырғаны рас болғанымен, «Ғимаратта ешкім жоқ. Бос тұр» дегені жалған болып шықты. Бұл мекеменің қызметкерлі қаздай тізіліп, өз жұмыстарын істеп отыр.
Батыс Қазақстан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бисенғали Хайруллин мемлекеттік Туға жарық түспей тұрғанына бұрынғы басшы жауап беру керек екенін айтады.
– Мен бұл басқармаға басшы болып тағайындалғаныма бүгін екінші күн. Енді сіз қойып отырған сұраққа бұрынғы басшы жауап беру керек деп ойлаймын. Алайда біз кемшілікті бір аптаның ішінде дұрыстаймыз, – деді.
Мемлекеттік рәміздердің дұрыс орналасуын қадағалайтын бірден-бір орган – Орал қалалық ішкі саясат бөлімі. Бұл бөлімнің бас маманы Ерлан Нағимов соңғы рет қашан мониторингке шыққандарын «есіне түсіре алмады». Ұялы телефонына үңілген ол «17-19 мамыр күндері шыққан екенбіз. Бірақ сол кезде барлық мемлекеттік мекемеде Туға жарық түсіп тұрды. Біз енді олқылық бар мекемелерге дұрыстауларын сұрап ресми хат жібереміз» деді.
Бұл материалды дайындау барысында біз жоғарыда аты аталған мекемелердің ғана емес, облыстың бас ғимараты саналатын — БҚО әкімдігінің ғимаратында да мемлекеттік Туға жарық түспей тұрғанын көрдік. Әу баста материал облыстық «Орал өңірі» газетіне шығуы тиіс болатын. Облыстық газеттің облыс әкімдігін сынаған материал шықпайтыны екі бастан белгілі болған соң, Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы Нұрхат Жанбозға мессенджер арқылы жіберіп, кемшілікті дұрыстауларын сұрадық. Олар бірнеше сағаттың ішінде олқылықты жөндеп, мемлекеттік Туға жарық түсіп тұрған суретін жіберді.
Есенжол Елекенов