«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы жолаушылар пойызы бойынша жолаушылар тасымалын 7%-ға қымбаттатпақ. Бұл жөнінде LS басылымы жазды.
ҚТЖ темір жол қызметінің құнын өтеу үшін билет бағасын көтеру маңызды екенін хабарлады. Оператордың негізгі кіріс көзі жүк тасымалына арналған тарифтер болып есептелінеді.
Сектордағы құн магистральдық теміржол желісіне күтім жасауға, локомотивті тарту қызметіне, жүк және коммерциялық сервистеріне байланысты белгіленген тарифтер бойынша қалыптасады. Оларды табиғи монополияларды реттеу комитеті белгілейді. Осы қызмет түрлерінен басқа, билет бағасына вагондармен жұмыс істеу ставкалары әсер етеді.
Ұлттық компанияның хабарлауынша, бағаны қатаң реттеу ҚТЖ-ның жүк түрлері бойынша тасымалдауды кросс-субсидиялауға тәуелді болуына алып келді. Тау-кен металлургия кәсіпорындарының өнімдері тасымалы бойынша төмен баға белгілеу де әсер етіп отыр. Осы себепті құны өтелмейтін болғандықтан теміржол саласындағы жобаларға жеке инвесторлар қызыға қоймайды.
Қазіргі уақытта магистральдық желі мен локомотив паркінің 57%-ы тозған.
ҚТЖ инфрақұрылымның тозу себебі қаражаттың жеткілікті деңгейде бөлінбеуінен деп түсіндірді.
«Біз жыл сайын жүк тасымалынан айтарлықтай шығынға ұшыраймыз. 2029 жылға дейінгі теміржол көлігін дамыту тұжырымдамасында қарастырылған магистральдық желіні жаңғырту және кеңейту жобаларына қаражат қарастырылмаған», — деп түсіндірді Ұлттық компания.
ҚТЖ-ға байланысты 2020-2023 жылдардағы мемлекеттік аудит деректері жарияланды. Соған сәйкес жүктерді тасымалдау нәтижесінде өзіндік құннан төмен шығындар 907 млрд теңгеге жетті.
Бұған дейін теміржол вокзалдары тозғаны туралы жазған едік.
фото: pixabay