Электр тоғының қуатымен жүретін автокөлік саны 1,6 есе өсті. Бұл туралы ҚР Ұлттық статистика бюросының жылдық есебінде жазылды.
2024 жылғы 1 желтоқсанда елде 12 587 көлік болған. Ал 2023 жылы тіркелген электромобильдер саны – 7 680. Бұл тізімде автомобильдер де, жүк көліктері, автобус та бар. Соның ішінде жеңіл автокөліктер арасында өсім ең жоғары: олардың саны 7 383-тен 12 119-ға дейін көбейген.
Қалалар бойынша Алматы көш бастап тұр. Ол жақта 7 309 автомобиль тіркелген. Одан кейін Астанада тоқ күшімен жүретін 1 510 көлік бар. Сондай-ақ Алматы облысында 638 автомобиль электр қуатының көмегімен қозғалады.
Бүгінгі таңда жүк тасушы электромобильдер саны – 338 бірлік, автобустардікі – 130 бірлік.
Әлемде электромобильді көліктерге сұраныс жоғары. Қазақстанда да таза көлікке сұраныс артып келе жатқан соң, былтыр елде электромобильдерге арналған инфрақұрылым дамыту мәселелері бойынша заң қабылданды.
Жаңа заң жобасына сәйкес көлік құралдарының түрлерін нақты анықтау үшін «гибридті автомобиль» және «электромобиль» ұғымдары заңнамалық деңгейде бекітілді.
Электромобильдерге қатысты негізгі өзгерістердің бірі – тұрақтар мен паркингтерде арнайы орындармен қамтамасыз етілуі. Сонымен қатар, электромобиль иелері үшін автотұрақ ақысын төлеуден босату тәртібі енгізіледі. Бұл шаралар экологиялық таза көлік құралдарын пайдалануды ынталандырып, олардың санын арттыруға ықпал етеді деп күтілуде.
Электромобильдер экологиялық жағынан тиімді. Көлік иелеріне де жеңілдіктер қарастырылған. Соған қарамастан жасыл көліктердің жалпы құны қымбат. Қазақстанда олардың тұрағы, қуаттау қондырғылары дамымаған.
Әлемдік электромобильдер нарығында Қытай көш бастап тұр.
Сурет: Pixabay.com