«Семей орманы» резерватындағы өртке қатысы бар қызметкерлер сотталды. ҚР Бас прокуратурасы «Семей орманы» өртіне қатысты барлық қылмыстық істің соңғы нүктесі қойылды деп хабарлады.
«Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватындағы (МОТР) өрттің ауыр зардаптар мен шығындарға әсер етуіне байланысты бірқатар уәкілетті тұлғалар қылмыстық және тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Резерваттағы Бас директордың міндетін атқарушы мен Новошулбинск филиалының директоры Қылмыстық кодекстің 292-бабы 3-бөлігі бойынша (өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу) абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне себеп болғаны үшін кінәлі деп танылды. Олар 2024 жылғы мамыр айында әрқайсысы 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
2024 жылғы тамызда Абай облыстық апелляциялық соты алғашқы үкімді өзгеріссіз қалдырды, сондай-ақ сотталғандар мен олардың адвокаттарының шағымдарын қанағаттандырмады.
Басқа лауазымды тұлғаларға қатысты үкімдер
2024 жылғы қазан айында Семей қаласының №2 соты Резерваттың ақпараттық технологиялар және байланыс бөлімінің басшысын Қылмыстық кодекстің 371-бабы 2-бөлігі (абайсызда ауыр зардаптарға әкеп соққан салғырттық фактісі) бойынша кінәлі деп танып, оны 2 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Сонымен қатар, оған 3 жыл бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айыру жазасы қолданылды.
Сол жылдың қазан айында Бородулиха аудандық соты «Қазақ ормандарды авиациялық қорғау және орман шаруашылығына қызмет көрсету базасы» РМҚК бас директорының міндетін атқарушысына қатысты да үкім шығарды. ҚК-нің 371-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ 2 жыл бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан шеттетілді.
Қылмыстық жауапкершіліктен бөлек, Бас прокуратура ұсынысымен Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігінің 10 қызметкері түрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Еске салсақ, 2023 жылы 8 маусымда Қазақстанның Абай облысындағы «Семей орманы» табиғи резерваты аумағында орман өртенді. Өрт тек табиғи ресурстарға ғана емес, адам өміріне де ауыр шығын әкелді. Маусым айының басында болған «Семей орманы» резерватындағы өрт бір аптада 60 мың гектарға тарап, 15 адам қаза болды, оның 14-і орман шаруашылығының қызметкері.
Резерват аумағында өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмауы мен жауапты тұлғалардың салғырттығы апатқа негізгі себеп болды дейді.
Сурет: Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті