Референдумда қабылданған Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар бүгіннен бастап күшіне енеді. Себебі өзгерістер мен толықтырулардың күші референдумның қорытындылары туралы ресми хабар жарияланған сәттен бастап саналады. Және референдум қабылдаған шешімнің міндетті күші болады және актілермен қосымша растауды талап етпейді. Бұл жайлы бүгін ҚР Орталық референдум комиссиясында Нұрлан Әбдіровтің төрағалық етуімен республикалық референдумның қорытындысы бойынша ҚР ОРК отырысында хабарланды.
Нұрлан Әбдіров «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 21, 31-баптарында белгіленген өкілеттіктерге сәйкес Қазақстан Республикасының Орталық референдум комиссиясы жалпы республика бойынша референдумның қорытындыларын шығаратынын, бұл туралы хабарды бұқаралық ақпарат құралдарына беруді қамтамасыз ететінін хабарлады.
Облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының аумақтық комиссиялары тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерде референдумның нәтижелерін шығарды. Аумақтық комиссиялар дауыстарды санағаннан кейін екі күн ішінде дауыс беру нәтижелері туралы хаттамалардың түпнұсқаларын Қазақстан Республикасының Орталық референдум комиссиясына жеткізген.
Қанша адам қатысты?
Референдумға қатысу құқығы бар азаматтар саны 11 миллион 734 мың 642 адам болса, бүкілхалықтық дауыс беруге 7 млн. 985 мың 769 адам немесе референдумға қатысу құқығы бар азаматтар санының 68,05% қатысқан. Осылайша, «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 31-бабына сәйкес референдум өтті деп есептеледі.
Республикалық референдумға шығарылған Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар, егер олар үшін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кемінде үштен екісінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы жақтап дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі.
Елдің барлық өңірлерінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың 77,18 пайызы немесе 6 миллион 163 мың 516 адам конституциялық түзетулерді жақтап, дауыс берді.
Конституциялық түзетулерге қарсы дауыс бергендер саны 18,66 пайызды немесе дауыс беруге қатысқандардың 1 миллион 490 мың 470 адамын құрады.
Осылайша, «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 31, 34-баптары негізінде елдің Негізгі Заңына ұсынылған өзгерістер қабылданды деп есептеледі.