Түркістан облысының прокуратурасы Мақтаарал ауданының білім беру бөліміне қатысты 43 лауазымды тұлға мен жауапты қызметкерлерге бюджет қаражатын жымқыру бойынша қылмыстық іс қозғады. Жымқырған қаржының жалпы көлемі 2,4 млрд теңгеден асады.
Қылмыстық іс білім беру жүйесінде жұмыс істемейтін адамдардың шоттарына жалақы аудару арқылы жүзеге асқан.
Қазіргі жағдай бойынша, күдіктілер мемлекетке 333,5 млн теңге көлемінде шығынды қайтарды. Сондай-ақ заңсыз жолмен алынған жалпы құны 649,7 млн теңге болатын мүлікке тыйым салынды.
Өзге өңірлердегі жемқорлық деректері
Білім беру саласындағы жемқорлық әрекеті жиі кездеседі.
Мәселен, Түркістан облысы Шардара ауданы білім бөлімінің лауазымды тұлғалары 3,7 млрд теңге ұрлаған. 12 қатысушыдан тұратын ұйымдасқан топ, оның ішінде бөлім басшылары мен олардың бухгалтерлері білім беру саласында нақты жұмыс істемеген жеке тұлғаларға, сондай-ақ өздерінің жеке шоттарына жалақыны заңсыз аудару жолымен2020-2023 жылдар кезеңінде бюджет қаражатын жымқырған.
Жалпы сомасы 639,8 млн теңгеге залал өтелді және мүлікке тыйым салынды.
Қызылорда облысы Жаңақорған аудандық соты «Жаңақорған ауданының білім бөлімі» ММ басшысы Б. Ибрагимовқа, бас бухгалтері К. Аязбаеваға және 24-мектептің бухгалтерлеріне қатысты үкім шығарды. Олар жалпы сомасы 1 млрд теңгеден аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды.
Жетісу облысы Кербұлақ ауданының білім бөлімінің есепшісі мұғалімдерге жалақы мен демалыс ақысын жоғарылатып заңсыз төлеу арқылы, сондай-ақ бұл ұйымда мүлдем жұмыс істемейтін адамдарға 34 миллион теңге бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді.
Түркістан облысы Келес ауданының білім бөлімі бухгалтерлерінің 2021-2023 жылдар аралығында жалған мәліметтер енгізу арқылы 400 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқыру фактісі анықталды. Мектеп қызметкерлерінің карт-шоттары мен ЖСН-дері күдіктілермен байланысты азаматтардың мәліметтеріне ауыстырылғаны белгілі болды.
Алматы облысы Іле ауданының білім бөлімі басшысынаа 680 млн теңге бюджет қаражатын жымқыру бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Ол мектептерде жұмыс істемеген адамдарға жалақы аударып, лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланған. Сондай-ақ, өзінің жүргізушісін жалған қызметке орналастырып, оған 4.9 млн теңге заңсыз жалақы төлеген.
Антикор: Білім беру саласы бойынша 302 қылмыстық іс тіркелді
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 2024 жылдағы соңғы мәліметінше, білім беру саласында 2023 жылдан бастап 302 қылмыстық іс тіркелген. Қылмыстық істердің келтірген залалы 17 млрд теңгеден асқан.
«Қазірдің өзінде 230 адам сотталды, 100-ден астам іс сотта қаралуда» — деп хабарлады агенттік.
Оған қоса, 2023-2024 жылдары бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалану фактісі бойынша 24 балабақша меңгерушісі анықталып, олардың келтірген залал сомасы 171,4 млн теңге болды.
Сурет: Pixabay.com