Бүгін, 28 желтоқсан Ақтаудағы ұшақ апатына үш күн болды. Естеріңізге сала кетейік, 25 желтоқсан күні, сағат 11.30-да Ақтау қаласының Azerbaijan Airlines әуе компаниясының Embraer 190 жолаушылар ұшағы Бакуден Грозныйға ұшу кезінде Ақтау қаласынан 3 шақырым жерде құлады. Апат ауданы 4 200 шаршы метрді алды. Ұшақтың бортында 67 жолаушы, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болды. 67 адамның 38-і қаза тапты, 29-ы Ақтаудағы ауруханаға жеткізілді.
Әуе кемесінде Қазақстанның 6 азаматы болды, оның біреуі — бала. Қазақстан азаматтарының барлығы да қаза тапты. Қаралы оқиғадан қабырғасы қайысып, жақынынан айырылған жанның бірі – Гүлдара Темірханова.
Гүлдара Темірханова Ақтаудағы ұшақ апатынан қазақ тапқан мұнайшы Сәндібек Төлесіновтың қайын апасы.
«Артында 3 ұл, бір қызы мен жұбайы қалды»
«Адамның көкесі еді – ол. Еңбекқор, отбасы мен балаларына мейірімді. Салмақты, сабырлы, тап-таза, өте ұқыпты адам болды. Жұмысында сыйлы, мықты маман. Ешкімге артық ауыз сөзі жоқ. Артында 3 ұл, бір қызы мен жұбайы қалды», — деп еске алды күйеу баласын жоғалтқан Гүлдара.
«Папасының дочасы» деп қызын еркелететін. Кенже баласының есімін Хамза деп өзі қойды, оны «папасының аққояны» деп еркелетті. Қайын апасы болсамда інімдей жақсы көремін. Бұл жағдай жаныма батты. Бауырым қан жұтып қалды. Соңғы рет 23 желтоқсан күні маған аудио жіберіп, балаларына сыйлық алып келгенін айтып, мәз болып отыр еді. Соңғы хабарласуы екен ғой», — дейді ол.
Сәндібек Екібайұлы «Өзенмұнайгаз» компаниясында инженер болып жұмыс істеген. Сәндібектің әріптесімен еңбек демалысына шығып, демалуға бара жатқан кезі екен.
Экипаж ұшақты Ақтауға бұруға мәжбүр болған
Көлік министрі Марат Қарабаевтың мәлімдеуінше, Embraer-190 әуе кемесі туралы алғашқы сигнал сағат 10:43-те Ақтөбе аудандық диспетчерлік орталығына Ростов аймағының диспетчерінен түскен. Сол сәтте 8243 рейсі Грозныйдан қосалқы аэродромға бағыт алған.
Ұшақтың ҚР әуе кеңістігіне кірер алдында басқару жүйелері, рөлі және элерондары істен шыққан. Экипаж тұрақты курс пен биіктікті ұстап тұруға мүмкіндігі болмаған. Ростов диспетчері Махачкала мен Бакудың ауа райы туралы деректерді ұсынғаннан кейін экипаж Ақтауға ұшуға шешім шығарған.
Сағат 10:53-те Ростовтың ұшу жетекшісі Ақтау мұнарасындағы ұшу жетекшісіне қосымша ақпарат жеткізді. Ақпарат бойынша, әуе кемесінде жолаушылар кабинасында оттегі баллоны жарылып, жолаушылар есінен танып жатқанын және келгеннен кейін шұғыл реанимация қажеттігін хабарлайды. Сәйкесінше «Қазаэронавигацияның» ұшу жетекшісі барлық апаттық қызмет мамандарын – өрт сөндіру тобы мен медициналық қызметкерлерді Ақтау қаласының әуежайына апатты әуе кемесін қабылдауға дайын болуға ескертті.
Бортсеріктер кей болжамды жоққа шығарды
Алайда Azerbaijan Airlines әуе компаниясы ұшағының бортсерігі, апаттан аман қалған Айдан Рагимли оттегі баллонының жарылғаны туралы нұсқаны жоққа шығарды.
Ұшақ бортсерігі Айдан Рагимли Грозный үстінен ұшу кезінде ұшаққа екі рет соққы жасалғанын, сол сәтте жолаушылар салонында оттегі маскалары түскенін айтты. Ол әріптесімен жағдайды тексеріп жатқанда, екінші соққы әсерінен бортсерік Зулфугар Асадов жарақат алған.
Рагимли оттегі баллонының жарылуы туралы нұсқаны жоққа шығарып, егер ондай жарылыс болғанда, ешқандай адам тірі қалмайтын еді дейді.
«Ұшаққа сынықтар тиді. Оттегі баллонының жарылуы шындыққа жанаспайды. Егер оттегі баллоны жарылса, біз тірі қалмас едік», – деді бортсерік.
Әзербайжан тарапы орын алған оқиғаға қатысты әлі ресми мәлімдеме жасамады. Соған қарамастан Әзербайжан шенеуніктері бұл Ресейдің әуе қорғанысының кесірінен құлады деді. Парламент депутаты Расим Мұсабеков «Ресей жағы әрекет етіп, кешірім сұрауы керек» десе, Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитирий Песков «Тергеу қорытынды жасағанша қандай да бір болжам жасау дұрыс емес» деді.
Осы тұста тәуелсіз сарапшы Абыл Кекілбаев ұшақ апатынан қаза тапқандардың туыстарына көңіл айта отырып, авиациялық тергеу кінәлі адамды емес, жағдайға не себеп болды дегенді зерттейді дейді.
«Қазіргі кезде үш бағытта тергеу жүргізіледі. Біріншісі — адами фактор, техникалық ақау немесе сыртқы фактор деп айтуға болады. Ресми тергеуге осы ұшақтың тіркелген елі, авиакомпанияны тіркеген, құрастырған елдің мүшелері мен халықаралық ұйымдар қатыса алады. Авиациялық тергеу болған соң бұл жақта кінәлі адамды іздемейді. Тек осы жағдайға не алып келді, не себеп болды, осыны болашақта қайталамау үшін қандай әрекет жасау керек дегенге мән береді. Кінәлі адамды немесе басқа да қылмыстық себептерді авиациялық тергеуден кейін өткізеді. Қазіргі кезде жалған ақпаратқа сенбей, мемлекеттің ресми мәліметін күту керек», — деді сарапшы.
Бүгін Ресей президенті Владимир Путин бұл қайғылы оқиғаның Ресей әуе кеңістігінде орын алғанына байланысты кешірім сұрап, қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, жарақат алғандарға тезірек сауығып кетуін тіледі. Әңгіме барысында кесте бойынша ұшып келе жатқан әзербайжандық жолаушылар ұшағы Грозный қаласының әуежайына бірнеше рет қонуға тырысқаны атап өтті. Сол уақытта Грозный, Моздок және Владикавказ қалаларына украиналық ұшқышсыз әуе аппараттары шабуыл жасап, ресейлік әуе қорғанысы бұл шабуылдарға тойтарыс беріп жатқанын айтты.
«Ресейдің соңғы ұстанымы маңызды рөл атқарады»
Саясаттанушы Ғазиз Әбішев бұл оқиғада Әзірбайжан БАҚ-тары билік өкілдеріне жақын анонимді дереккөздердің пікіріне сілтеме жасайды, бірақ олардың анонимділігі олар ресми ұстанымын жариялағысы келмейтінін көрсетеді дейді. Мүмкін екі ел арасындағы өтемақы мен келіссөздер жүріп жатқанын білдіреді.
«Қазақстанның ұстанымы қарапайым: бұл трагедияның қандай себептері болса да, Қазақстанның оған қатысы жоқ. Қазақстан азаматтары да сол ұшақта қаза тапты, сондықтан Қазақстан ақпаратты анықтауға, қаза тапқандарға өтемақы төлеуге және болашақта мұндай жағдайларды болдырмауға бағытталған профилактикалық шаралар қабылдауға мүдделі. Мұндай шаралар қазірдің өзінде жүзеге асырылуда», — деді Әбішев.
Саясаттанушының айтуынша, бұл мәселеге Әзірбайжан тарап мүдделі болуы керек. Қазақстан қолындағы ұшақ қалдықтары мен қара жәшікті зерттегеннен кейін барлық деректі Ресей мен Әзірбайжанға тең дәрежеде тапсырады. Бұл тараптардың бір-біріне деген құрметі мен ашықтығын көрсетеді.
«Мұнда конспирологияға орын жоқ. Президенттер Тоқаев, Әлиев және Путин – тәжірибелі саясаткерлер, олар бұл мәселені ашық талқылай алады деп ойлаймын. Мұнда бір-біріне қарсы сөз байласу немесе ақпарат жасыру деген болмайды. Олар бір-біріне деген құрмет пен шындықтың бәрібір ашылатынын түсіне отырып, адал әрекет етеді», — дейді.
Саясаттанушы бұл мәселеде соңғы шешуші сөз Әзірбайжан тарапынан болады дейді. Олар кімге қандай талаптар қояды және не талап ететінін анықтайды.
«Қазақстан бұл жағдайға тікелей қатысы болмаса да, Әзірбайжанға барлық қажетті ақпаратты береді. Бұл ешкімге қарсы әрекет ретінде қарастырылмайды, себебі халықаралық авиациялық қауіпсіздік ережелері мен Әзірбайжанмен одақтастық қарым-қатынастардың талабы. Бұл мәселеде Қазақстан мен Әзірбайжан, ал белгілі бір дәрежеде Ресей де бірдей ұстанымда деп ойлаймын. Мұнда Ресейдің соңғы ұстанымы маңызды рөл атқарады» — деп баса айтты Әбішев.
Осы тұста саясаттанушы Аман Мамбеталиев те Әзербайжан мен Қазақстан құрған мемлекеттік комиссияның ресми жауабын күту маңызды екенін айтады.
Әзербайжан тараптан депутат берген пікірді бүкіл елдің позициясы деп қабылдау қате дейді.
«Қазақстанның жағдайы меніңше түсінікті. Апат бізде болғаннан кейін тексеру комиссиясы біздің мойынымызда. Ол ашық өтуі керек. Нәтижесі брифингте жарияланады деп сенемін. Оқиға кезінде Қазақстандағы төтенше жағдайлар, медицина мамандары, өрт сөндірушілер қызметі жоғары бағаланды. Апат болғаннан кейін біздің мамандар өте жылдам әрі тез көмек көрсетті. Адамның өмірін құтқаруда әр минут, әр секунд маңызды. Әзербайжанның ұшқыштарын да өте жоғары бағалап отыр. Ешқандай ақпараттық арандатушылыққа ермей, ресми жауапты күту керек деп ойлаймын», — дейді ол.
Қазір Ақтаудағы ауруханада 6 адам ғана қалды
Оқиға орын алған күннен бері Ақтау қалалық ауруханасындағы адамдардың біразы Ресейге, Әзербайжанға оралды. Соңғы мәлімет бойынша, қазір Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасында 6 адам ғана қалды. Оның төртеуі реанимация бөлімшесінде, екеуі травматологияда. Олардың жағдайы тұрақты.
Ұшақ апатының Қазақстан аумағында болған елдегі азаматтарды біраз есеңгіретіп тастады. Соған қарамастан алғашқы көмек көрсетуге ерекше ықылас білдірген қала тұрғындары, жұмысшыларға Ресей, Әзербайжан азаматтары алғыс білдіруде.
Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, екі күннің ішінде республика бойынша қан орталықтарында 1,5 мыңнан астам адам 800 литр қан тапсырған.
«Ақтаудың өзінде донорлық пункттерге 490 адам келді, Астанада – 600 – ден астам адам, Шымкентте – 125, Ақтөбеде – 109, Жетісуда – 49, Қарағандыда – 40, ШҚО-да – 34 адам қан тапсырды және басқа өңірлерде де адамдар бұл апатқа бей-жай қараған жоқ», — делінген мәлімдемеде.
Ұшақ Ресей әуе кеңістігінде басқару жүйесінен ақау шығып, Қазақстан аумағында апатқа ұшырады. Алғашқы болжам бойынша жолаушылар кабинасында оттегі баллоны жарылды делінді, бірақ бортсеріктер бұл нұсқаны жоққа шығарды. Олар ұшаққа сырттан соққы жасалғанын мәлімдеді. Ресей бұл уақытта Грозный маңында украиналық дрондардың шабуылына қарсы ПВО жүйелерін қолданғанын хабарлады, бұл апатқа әсер етуі мүмкін деген болджам бар. Қазіргі кезде тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл қайғылы оқиға халықаралық деңгейде үлкен резонанс туғызды және үш елдің – Қазақстан, Әзербайжан және Ресейдің жауапкершілігін бірдей талап етеді.
Сурет: ҚР Төтенше жағдайлар қызметі