Ақтөбе облысындағы Ақтөбе — Қарабұтақ — Қостанай, Қандыағаш — Шалқар, Шалқар — Ырғыз бағытындағы жол сапасының сын көтермейтінін Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова үкімет сағатында мәлімдеген болатын.
Қарабұтақ — Қостанай жолына күрделі жөндеу соңғы рет 2003 жылы жүргізілген деді Сүлейменова. Sarapshy.info редакциясы Көлік министрлігіне қарасты Автомобиль жолдары комитетіне сауал жолдаған еді.
Комитет депуттатың сөзін растады. Аталған жолға соңғы күрделі жөндеу 2003-2006 жылдары жүргізілген, одан кейін тек жолдағы шұңқырларды жамаған.
«Ақтөбе облысындағы ұзындығы 234 шақырым болатын А-22 «Қарабұтақ — Комсомольское — Қостанай» автожолының учаскесі 2003-2006 жылдары салынған. 2023 жылы «ҚАЖсервис» ЖШС мердігерлік ұйымы 7,5 мың шаршы метр болатын учаскедегі шұңқырларды жөндеу жұмыстарын жүргізген. Қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін күнделікті уақытша материалдармен шұңқырларды «жамау» жұмысы жүргізілуде, — деп хабарлады мекеме.
Ал депутат айтқан келесі бағыт – Ырғызға дейінгі жол сапасы. Сүлейменованың сөзінше, жеңіл көлік Ақтөбеден Ырғызға дейін 11 сағат жүрген. «Сонда бір күніміз жолда жүрумен аяқталды» деді ол.
Комитет бұған қатысты былай деп жауап берді: «Ұзындығы 401 шақырымды құрайтын А-26 Қандыағаш — Ембі — Шалқар — Ырғыз автожолы республикалық маңызы бар жолдарды орташа жөндеу бойынша ауқымды жобаға енгізілген. Айта кетейік, 2023-2024 жылдары ұзындығы 20 шақырым болатын 239-259 шақырымдар аралығындағы учаскеге орташа жөндеу жүргізілген».
Жауапта Ақтөбеге қарасты жолдарды жөндеу алдағы жылдарда ғана аяқталатыны жазылған. Жолды жөндеу жұмыстары, құбыр салу, орташа жөндеу — барлығы келесі жылдардың еншісінде.
Сурет: Pexels.com