Қазақстанда қазір 3,5 млн азамат міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға (МәМС) жарна төлемегендіктен онкологиялық скринингтен өте алмай отыр. Сол себепті енді МӘМС-ке жарна төлемеген азаматтар да онкологиялық скринингтен өтетін болды. Бұл туралы депутат Асхат Аймағамбет мәлімдеді.
«Адамгершілік тұрғысынан бұл — дұрыс шешім. Ал экономикалық тұрғыдан бұл — прагматикалық қадам. Себебі қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтау мемлекетке кеш анықталған жағдайларды емдеуге жұмсалатын шығындарды азайтуға мүмкіндік береді», — дейді депутат.
Депутаттың сөзінше, бұл түзетулер заңды күшіне енген жоқ, келесі жылға жоспарланып отыр. Бұл түзетулер заңды түрде қабылданғаннан кейін, сақтандырылмаған азаматтар да онкологиялық скринингтерден өте алады.
Осыған дейін онкологиялық скринингтерден өту үшін азаматтар МӘМС жүйесінде сақтандырылған болуы қажет еді. Сақтандыру мәртебесін алу үшін өткен 12 айға немесе алдағы 12 айға жарналарды төлеуі міндетті.
Сақтандыру мәртебесіне ие халықтың санаттары
- Балалар, жүкті әйелдер, зейнеткерлер, студенттер, мүгедектігі бар жандар, жұмыссыздар, тағы осы сияқты барлығы 15 санат бойынша халық сақтандыру жарнасын төлейді.
- Бұл санаттарды мемлекет қамтамасыз етеді, яғни олар сақтандыру мәртебесіне қарамастан медициналық көмекке қол жеткізеді.
- Жалпы алғанда, Қазақстан халқының 83%-ы (17 млн адам) сақтандыру мәртебесіне ие.
2025 жылы денсаулық сақтау саласына 2,4 триллион теңге қарастырылған. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 180 миллиард теңгеге артық.
2025 жылы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне 1,6 триллион теңге. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 675 миллиард теңге қарастырылған, оның ішінде 668 миллиард теңгесі мемлекеттік жарналарға жұмсалады.
Сурет: yusupovs.com