2024 жылғы 1 наурызынан бастап бірыңғай уақыт белдеуіне көшкелі бері халық арасында наразылық көбейді. DEMOSCOPE бюросы жүргізген сауалнама нәтижесі де осыны дәлелдеді. Сауалнамаға қатысқан тұлғалардың 53,1%-і бұл шешімге қарсы, ал 22,1%-і қолдайды, 15,5%-і бейтарап, 7,4%-і хабарсыз.
Қарсылық танытқан азаматтар шығыс, орталық өңірлер мен Алматы, Астана тұрғындары болып шыққан. Азаматтардың бұл реформа туралы ойын анықтайтын негізгі индикатор – респонденттердің тұратын өңірі дейді ұйымдастырушылар. Қазақстанның барлық облысында бұл шешімді қолдамайтын азаматтардың үлесі басым. Әсіресе, уақыт бір сағат артқа жылжыған өңірлерде наразылық айқын көрінеді.
«Шығыс және орталық өңірлердің тұрғындарының басым бөлігі (74,6%) – Абай, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Қарағанды, Ұлытау облыстары – бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы екенін білдірді. Алматы (68,4%) және Астана (55,7%) тұрғындарының көбі де бұл бастаманы құптамайды. Оңтүстік өңір – Шымкент, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облысының 47,8% тұрғындары бұл бастамаға қарсы. Солтүстік өңір – Ақмола, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облысында қарсы болғандардың үлесі – 45,3%» — деп жазылған хабарламада.
Бірыңғай уақыт белдеуін қолдағандардың үлесі Қазақстанның батыс аймағынан көрінген. Атап айтқанда, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары бойынша 31,8%-і бірыңғай уақытқа көшуді құп көрсе, 30,6%-і оған қарсы. Батыс өңірдегі тұрғындар үшін өзгеріс аса сезілмеген болуы да мүмкін.
Халықтың наразылығы мен арыз-шағымына қарамастан үкімет басшысы Олжас Бектенов халық бұл шешімге көндігетінін айтты. Оның сөзінше, ғылыми зерттеулерге сүйеніп жасалған бұл шешім оң өзгерістерге алып келеді.
Сурет: Pexels.com