2024 жылғы 21 желтоқсанынан бастап Қазақстанда микроқаржы омбудсманы өз қызметін бастайды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарлауынша, бұл бастама қарыз алушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған.
Микроқаржы омбудсманының негізгі мақсаты – азаматтардың құқығын қорғау және микрокредиттерге байланысты дауларды сотқа дейін реттеуге көмектесу. Омбудсман Қазақстан азаматтарының мерзімі өткен қарыздарын реттеу, сондай-ақ коллекторлық агенттіктермен туындаған мәселелерге жауапты.
Омбудсман қалай жұмыс істейді?
Біріншіден, омбудсманның көмегіне тек микроқаржы ұйымдарының (МҚҰ) клиенттері – жеке тұлғалар жүгіне алады.
Егер қарыз алушы микрокредит бойынша қарызын уақытында төлей алмаса және төлем мерзімі өтіп кетсе, ол мәселені шешу үшін алдымен микроқаржы ұйымына жүгінеді. Мақсаты – қарызды қайта құрылымдау (төлем шарттарын өзгерту) және бейбіт келісімге келу. Бірақ кей жағдайларда МҚҰ-мен келісімге келе алмайды.
Бұрын мұндай мәселені шешу үшін қарыз алушы:
- Қаржы реттеушісіне шағымданатын;
- Сотқа жүгінетін.
Енді 2024 жылдың желтоқсанынан бастап жаңа мүмкіндік пайда болады, яғни микроқаржы омбудсманына жүгіне алады. Омбудсман:
- Мәселені бейбіт жолмен шешуге көмектеседі.
- Егер шешім қабылдаса, оны микроқаржы ұйымы да, қарыз алушы да орындауға міндетті болады.
- Шешімді орындау мерзімі – 30 күн (егер екі тарап басқа мерзімге келіспесе). Бұл процесс сотқа жүгінбей-ақ тез және тегін мәселені шешуге мүмкіндік береді.
- Омбудсманның құзіреті сотқа жолданған немесе заңды күшіне енген сот актілеріне қатысты істерге жүрмейді. Сондай-ақ дәлелсіз немесе жаңа мән-жайлар анықталмаған өтініштерді қабылдамайды. Тек тәуелсіз төреші ретінде екі жақты дауды сотқа жеткізбей шешуге ықпал етеді.
«Микроқаржы омбудсманының қызметі микрокредит беру нарығын құқықтық алаңда дамытуға ықпал етеді. Бұл институт микроқаржылық ұйымдарды заңнаманы сақтауға және қызмет көрсетудің озық тәжірибелерін енгізуге ынталандырады. Айта кетейік, қазіргі уақытта елде банк және сақтандыру омбудсмандары жұмыс істейді», – деп хабарлады агенттік.
Fingramota.kz сайтының мәліметінше, 2024 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша Қазақстанда микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын 220 ұйым, 215 кредиттік серіктестік және 497 ломбард бар.
Сурет: Pexels.com