Орал автобекетінен 62 адам қызметтен кеткен

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлiгi Көлiк комитетінің төрағасы Самат Ғилымов қатысқан жиында «Батыс Қазақстан автобус паркі» ЖШС-ның бас директоры Марат Абдрахманов жолаушы тасымалына қатысты туындаған қиындықтар туралы айтты.

2019 жылы Орал қаласында жаңа «Hazar» автобекеті пайдалануға берілді. Автобекет бойынша 6 халықаралық, 2 облысаралық, 40 ауданаралық маршрут іске қосылған. Бірақ пандемия кезінде автобус паркі елеулі қиындыққа тап болды. Карантиндік талапқа сай халықаралық, қалааралық маршруттар бойынша көлік қозғалысы бірнеше мәрт шектелді. «Барлық көлік жүргізуші қызметінен босап, Ақсай, Атырау қалаларындағы кен орындарындағы вахталық жұмысқа орналасты. Халықаралық машрутты енді қалай жандандыруға болатынын білмеймін. Елдің шекарасы жабық тұруына байланысты автобустар әлі күнге қаңтарылып тұр. Карантиндік шектеуге қарамастан  көлік және жылжымайтын мүлікке қатысты 15 миллион теңгеге жуық салық төлеуге мәжбүрміз. Бүгінге дейін автобекеттен өз еркімен 62 адам жұмысынан кетті. Қызметкерлер құрамы арасында наразылық күшейіп келеді. Күні кеше «Қаңтар қасіреті» болды деп жатырмыз. Наурызда осы оқиға қайталанбасына кім кепіл? Жұмысшылар өздерінің отбасын асырауы керек. Екінің бірі тұтынушылық несие төлеуге мәжбүр. Одан қалса коммуналдық төлем күтіп тұрады. Енді біреуі баспана жалдап тұрады. Сондықтан барлық бағыттағы көлік қозғалысын жандандыру мәселесін қайта қарау керек», – деген Марат Абдрахманов заңсыз жолаушылар тасымалмен айналысатындар көлігін техникалық тексерістен өткізбей, жол жүру парағынсыз, сақтандыру төлемінсіз емін-еркін жолға шығып жатқаны әділетсіз екенін айтты.

– Халықаралық бағыттағы маршруттар карантин талаптарына сәйкес уақытша шектелгені белгілі. Бұған қатысты барлық шешімді орталықтағы ведмствоаралық комиссия қабылдайды. Ақпанның 17-сінен кейін ғана рейстерді ашуға рұқсат берілді. Салық төлемін азайту, халықаралық маршруттарды субсидиялау мәселесін шешуді ел үкіметінің назарына ұсындық. Автобекеттер мәртебесін көтеру мәселесін құзырлы органдармен қайта қарастырамыз. Бұған қатысты заңдар жобасын талқылау жылдарға созылатыны мәлім, – деді көлiк комитетінің төрағасы Самат Ғилымов.

 Нұртай ТЕКЕБАЙ

Әлеуметтік желілер арқылы бөлісуді ұмытпаңыз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған