«Ұзаққа созылған қоштасу»

«Ұзаққа созылған қоштасу». Қазақстандағы билік транзитін «Analysing Kazakhstan’s Foreign Policy. Regime neo-Eurasianism in the Nazarbaev era» («Қазақстанның сыртқы саясатына сараптама. Назарбаев дәуіріндегі неоеуразияшылдық») атты кітап жазған Глазго университетінің Орталық Азияны зерттеу бойынша профессоры Люка Анчески бір сұқбатында осылай деген болатын.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясының төрағасы өкілеттігін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсыратын болды. Партияның саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында осындай шешім қабылданды. Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Назарбаев бәрібір де Ұлт көшбасшысы болып қала беретінін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі шешім – билік транзитінің қисынды жалғасы.

Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай: «Атқаратын лауазымдары мен құқықтарына қарамастан Нұрсұлтан Әбішұлы ұлтымыздың көшбасшысы – Елбасы, қазіргі заманның көрнекті саясаткері, әлем қауымдастығы мойындаған беделді тұлға болып қала беретінін ұғыну керек. Қазіргі Қазақстанның бастауында тұрған, өз еліне жанын салып, бар ғұмырын арнаған адам әрқашан халық мүддесін ойлап, ұлт пен елдің болашағына алаңдайтынын бәрі түсінеді деп ойлаймын. Елбасының бұл ұстанымы өзгермейді», — деді.

Партия Жарғысына сәйкес, төрағаны сайлау және қызметінен босату үшін Nur Otan партиясы съез өткізуі керек. Оған дейін Нұрсұлтан Назарбаев партия төрағасы болып қала береді.

2019 жылдың 19 наурызында тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев республикалық телеарналардың эфирінен үндеу жасап, отставкаға кететінін мәлімдеді. Десе де ол президент ретінде өкілеттігін тоқтатқанымен, Қауіпсіздік кеңесі мен «Nur Otan» партиясын басқара беретінін айтты. Бұған қоса Елбасы күні бүгінге дейін Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы қызметін де атқарды.

Биыл 28 сәуірде Елбасының ҚХА басшысы қызметінен кететіні хабарланып, орнына Тоқаев тағайындалды.

Nur Otan – Қазақстанның жетекші саяси партиясы. 1999 жылы  негізі қаланған. Партияны Нұрсұлтан Назарбаев басқарып келді. Еске сала кетсек, 2021 жылы 10 қаңтарда Қазақстанда Парламент сайлауы өтті. Оның қорытындысы бойынша Мәжіліске үш партия өткен болатын:  Nur Otan (71,09%);  «Ак жол» (10,95%); Қазақстан халық партиясы (9,1%).

Sarapshy.info

Әлеуметтік желілер арқылы бөлісуді ұмытпаңыз

Добавить комментарий