2024 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында ел ішінде 5 млн 973 мың Қазақстан азаматы саяхаттаған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 562 мың адамға көп. Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитеті хабарлады.
Ресми деректерге сәйкес, былтыр ішкі туристер саны 5,4 миллион болған.
Ішкі туризмнің ең танымал бағыттары – Алматы, Астана қалалары мен Ақмола облысы.
“Бұл аймақтар туристерді әсем табиғатымен, дамыған инфрақұрылымымен және қызықты саяхат мүмкіндіктерімен баурайды”, — делінген хабарламада
Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаевтың айтуынша, ішкі туризмнің өсуі халықтың саяхатқа қызығатынын, өз елін танып-білуге ашық екенін көрсетеді.
«Ішкі туризмді әр азамат үшін қолжетімді, тартымды және жайлы етуге жұмыстар жасалуда. Осы мақсатта инфрақұрылымды дамытып, жаңа бастамаларды қолдап келеміз», – деді Кәріпбаев.
Айта кетейік, жыл сайын туризмге салынған инвестиция да артып келеді. 2024 жылдың алғашқы 10 айында Қазақстан туризміне бөлінген инвестиция мөлшері 668,1 млрд теңгеге жеткен. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 33,6%-ға көп.
Салыстырып қарасақ:
- 2023 жылы туризмге 787 млрд теңге,
- 2022 жылы 513 млрд теңге инвестиция құйылған.
Елімізге ең көп турист қай елден келеді?
ҚР Туризм және спорт министрлігінің дерегінше, 2024 жылдың қаңтар-маусым айларында Қазақстанға 566,5 мың шетелдік турист келді, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 50,7 мың адамға көп.
Елімізге ең көп турист келетін елдер:
- Ресей Федерациясы: 186,1 мың турист
- Қытай: 69 918 турист
- Үндістан: 53 695 турист
- Түркия: 30 312 турист
- АҚШ: 19 597 турист
Сурет: ult.kz