Батыс Қазақстан облысы прокурорының ұсынысымен Жоғарғы сот облыстық теннис мектебін сенімгерлік басқаруға беру туралы шешімдерді заңсыз деп таныды.
Жоғарғы сот прокуратураның пікірін дұрыс деп тауып, жергілікті соттардың шешімдерін өзгерткен. Себебі әкімдік облыстық мәслихаттың келісімін алмаған. Мәслихат қарауына жіберілмеген мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) туралы келісім бюджеттік заңнаманы бұзған.
Құжаттағы негізгі кемшіліктер:
- МЖӘ келісімі мемлекеттің 900 миллион теңгеден астам қаржылық міндеттемелерін қарастырған, бірақ жоба-жоспар мәслихатта талқыланбаған;
- Жобада жеке кәсіпкердің үлесі небәрі 5%-ды құраса, мемлекеттің үлесі 95%-ға жеткен. Бұл мемлекет мүдделеріне және Қазақстан Президентінің МЖӘ бойынша әділдік принциптеріне қайшы келді.
Нәтижесінде облыстық теннис мектебі мемлекеттің құзырында қалды. Жоғарғы сот нысанды сенімгерлік басқаруға беру процесінің заңсыз болғанын және мемлекеттің экономикалық мүдделеріне зиян тигізгенін растады.
Бірнеше жылға созылған дау-дамай
2022 жылы қазан айында Оралдағы теннистен облыстық мамандандырылған олимпиада резервінің балалар-жасөспірімдер мектебі «БҚО теннис» ЖШС-ның басшысы Юрий Ткалунға сенімгерлік басқаруға берілді.
2023 жылы сәуір айында Орал қаласындағы теннис кешенін сенімгерлік басқаруға беру мәселесін облыстық мәслихат депутаттары талқылады. Депутаттар бұл нысанның мемлекет меншігінде қалуын талап етті. Теннис мектебінің әлеуметтік маңызы бар кешен екенін алға тартқан. Балалар тегін пайдаланатын мүмкіндікті жіберіп алмау керек екенін де мақсат етті.
Спорт нысаны 2016 жылы Қарашығанақ кен орнының облысқа әлеуметтік жобаларға бөлінетін қаржысына салынған. Жобаға 1,6 млрд теңге жұмсалған.
Сурет: tdk42.kz