Ақмола облысы прокурорлары су тасқынына қарсы шараларға бөлінген 300 миллион теңгеден астам қаражатты жымқырған күдіктілерге қатысты тергеуді аяқтады. Бұл қаражат 2021 жылы Атбасар ауданында су тасқыны аймағындағы 200 жанұяны көшіру мақсатында 100 екі пәтерлі тұрғын үй салуға бөлінген.
Тергеу барысында Атбасар ауданы әкімдігіне қарасты құрылыс бөлімінің, «Престиж Строй 7» және «Фундаменталь» ЖШС басшыларының аса ірі көлемдегі қаражатты жымқырғаны анықталды. ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабының 4-бөлігіне (аса ірі көлемде талан-таражға салу) сай күдіктілердің мүлкін тәркілеумен қатар оларға 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылды.
Сот санкциясымен екі күдікті қамауға, үшінші күдікті үйқамаққа алынды.
Тергеу нәтижелері
Тергеу барысында ұсталғандардың Алматы және Астана қалаларында коммерциялық жылжымайтын мүліктері, арнайы техника, құрылыс заттары бар екені анықталды. Банк шоттарынан 50 миллион теңгеден астам ақша табылды. Қылмыстық жолмен алынған мүліктің жалпы құны 335 миллион теңгеден асты.
Күдіктінің бірі заңсыз алынған қаражат пен мүлікті заңдастырғаны анықталды. Бұл әрекеті үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 218-бабының 3-бөлігі (қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлікті жылыстату) бойынша мүлкін тәркілеумен қатар 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Қазір қатысушылар қылмыстық іс материалдарымен танысып жатыр. Соңғы шешімді сот шығарады.
Сурет: Freepik