Министр Саясат Нұрбек: «Орыс тілі ұйымын қаржыландыруға жылына 43 млн теңге бөлінеді. Бұл — көп емес»

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен халықаралық  орыс тілі ұйымын құру идеясы бір жыл бұрын мақұлданып, Ресей Президенті Путин бұл идеяны қолдайтынын айтқан еді. Бүгін, 20 қарашада өткен мәжілістің жалпы отырысында 84 депутаттың 82-сі мемлекет басшысының идеясын қолдап оң дауыс берді, 1 адам қарсы, 1 депутат қалыс қалды.

Бұл ұйымның неге керек екенін министр мен депутаттар түсіндірді:

«Бұл — халықаралық ойын. Негізгі мақсаты — орыс тілін халықаралық сахнада іргелету. Қазір депутаттар қолдап, радивикациядан өткізді. Ресми процедура біткеннен кейін, заңға президент қол қойғаннан соң, 6 елдің министрлері жиналып, ұйымның қалай жұмыс істейтіні туралы шешім қабылдайды. Келесі жылдың басында негізгі шаралар басталады. Әр мемлекет ұйым бюджетіне қаржы құяды. Қазақстан бөлетін қаржы – 43 млн теңге. Бұл — көп емес», – дейді министр Саясат Нұрбек

Осы тұста мәжіліс депутаты Айдос Сарым қазақ тілінің аясы кең емес екенін айтады:

«Бүгін біз қабылдайын деп отырған шешім өзіміздің мемлекеттік тіліміз бен руханиятымызды төмендету деген сөз емес. Қазақ тілі мықты, бай дегенімізбен оның нарығы аса кең емес. Қалай десек те өзімізді дүниежүзіне таныту үшін әлем тұтынатын 6 тілдің біріне емес, бәріне арқа сүйеп, сол нарықтар арқылы әлемге шығатын боламыз». 

Ал мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи “Балабақшадан бастап, Ақордаға дейін біз орыстың тіліне зерекпіз”, — дейді

«Бұл — ратификациялық заң жобасы, орыс тілі мәселесінен бұрын елдің сыртқы саясатын күйіттейтін құжат деп қабылдау керек. Осы мәселемен айналысатын құзырлы органның қоғамға мәймөңке сөз, құрғақ дидактика айтуының қажеті жоқ. Біз қоғамға турасын айтуымыз керек. Қазіргі теңселіп тұрған геосаяси жағдайда ҚР Президентінің Сыртқы дипломатиялық саясаты тұрғысынан түсіндірген абзал», — деді Бапи.

2023 жылы 13 қазанда Бішкек қаласында өткен ТМД мемлекеттері басшыларының саммитінде орыс тілі бойынша халықаралық ұйым құру туралы шартқа қол қойылды. Осы саммитте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан қазақ тілінің мәртебесін күшейту саясатын жалғастыра береді», — деп мәлімде жасады.

Айта кетейік, халықаралық ұйымға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Беларусь, Ресей және Тәжікстан елдері мүше.

Сурет: gov.kz

Әлеуметтік желілер арқылы бөлісуді ұмытпаңыз