Фермерлерге субсидияның орнына жылдық ставкасы 5%-дан аспайтын несие беріледі

Ауыл шаруашылығы саласына 2025 жылдан бастап қаржылық субсидия берілмейді дейді вице-премьер Серік Жұманғарин. Жыл сайын миллиардтаған теңге бөлінсе де, бұл салада мәселе азаяр емес.

Оның сөзінше, ауыл шаруашылығы саласына 10 жыл бұрын 100 млрд, биыл 453 млрд теңге бөлінген. Бұл – бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш. Соған қарамастан шаруашылықтың дамуына айтарлықтай ықпла етпей отыр. Оған қоса, мұндай шешімді үкімет қаржы тапшылығына байланысты қабылдаған.

«Келесі жылдан бастап, қаржылық субсидия бермейміз. Кеше президент тапсырма берді. Фермерлерге берілетін несие 5 пайыздан астам болмасын», — деді Жұманғарин.

Демек бұдан кейін елдегі фермерлерге ақшалай берілетін субсидияның орнына, аз пайызбен несие беріледі. Бұл осы салада туындайтын қаржылық мәселелердің шешімі болатынына сенеді.

Осы уақытқа дейін субсидияға бөлінген қаражаттың 50%-ы банктер мен қаржы институттарының пайыздық мөлшерлемелері сияқты қаржы құралдарына бағытталғанын айтады.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы Айдарбек Сапаров несиеге қатысты келесідей пікір қосты:

«Біз оны үшінші жыл ұзартып келеміз. Ақша бюджеттен беріледі және қайтарылуы керек. Біз әр шаруаны жеке қарастырамыз», — деді ол.

Еске салайық, қыркүйек айында үкімет шаруалардың мемлекеттен 1,4 трлн теңгеге дейін көмек ала алатынын мәлімдеген еді.

Cурет: dairynews.today

 

Әлеуметтік желілер арқылы бөлісуді ұмытпаңыз