Сарапшылар 2024 жылғы ең сенімді көліктер тізімін ұсынды. Рейтингте қандай брендтер бар?

Британиялық whatcar.com автобасылымы зауыттан шыққанына бес жыл толмаған, ең сенімді автокөліктердің тізімін жасады. Тізім Ұлыбританиялық нарыққа негізделгенімен, көпшілігі әлемдік автобрендтер және оның басым бөлігі Қазақстанда бар. Sarapshy.info көлік таңдауда қиналып жүрген оқырмандар үшін тізімді талдап, ұсынады.

Mini 

Рейтингте Mini көш бастаған. Сенімділігі 98,3% дауыс алған автокөліктің Countryman және Convertible түрлері сәйкесінше 99,7% және 99,2% сенімді деп бағаланған. Айта кетейік, Mini -дің Mini Hatch, Mini Clubman, Mini Countryman, Mini Jcw атты түрлері Қазақстанда Бавария автосалоны арқылы сатылады. Су жаңа көліктердің бағасы ашық көрсетілмейді. Ал қолданыста болған көліктерге келсек, ең арзаны 2003 жылғы үш есікті, құны 2 млн 700 мың тұратын Mini Hatch-тен бастап, 29 854 000 теңге тұратын Mini Countryman-ға дейін алуға болады. Соңғысы тапсырыспен алдырғандағы бағасы. Жалпы Mini батыс елдерінде сенімділік пен сапа белгісі болғанымен, Қазақстанда сұраныста емес. Тіпті Алматы сияқты ірі қалалардың өзінде сирек кездеседі. Сирек көліктерге сенімсіз деп қарайтын әдет тағы бар. 

Lexus 

Екінші орында – әйгілі Lexus орналасқан. Тойотаның люкс туысы қазақстандықтардың жүрегін әлдеқашан жаулап қойған. Британиялық рейтингте Lexus NX, Lexus RX 100% сенімді көліктер қатарында көрсетілген. Lexus-тің дизайны, моторы мен шанағының сапасы, мультимедиасына Еуропа ғана емес, әлемнің кез-келген бұрышында күмән жоқ. Қазақстанда Лексустың ресми өкілдігі жұмыс істейді, онда су жаңа 68 жиынтықтағы алты түрі сатылады. Ең арзаны седан ES-тің бағасы 27 миллионнан басталса, ең қымбаты LX-тің бағасы 68 миллион теңгеден басталып, 89 миллион теңгеге дейін барады. Ал қолданыста болғандар нарығында ең көп сатылатын маркалардың бірі. Дәл қазір Kolesa.kz-те 6328 Lexus сатылып тұр. Оның ең арзаны – 1994 жылғы, құны –900 000 теңгелік, Lexus GS 300 болса, ең қымбаты – 2024 жылғы, құны – 92 млн теңгелік Lexus LX 600.

 Suzuki

Suzuki британдықтардың сенімді автокөліктер рейтингінде 97,7% -бен, 3-орынға орналасып, маркалар бойынша сенімділігі жағынан Vitara 97,7% , 2017-24 жылғы Swift 95,7% алған. Жапон көліктерінің көбі қазақстандықтардың көңілінен шыққанына қарамастан, Suzuki сүйіктілер тізіміне енбей-ақ қойды. Тіпті елімізде ресми жолмен сатылмайды. Сирек Suzuki-дің көпшілігі сұр жолмен келген. Ескілерінің бағасы 300 мың теңгеден басталып, 2024 жылғы Suzuki Jimny 18 млнға дейін жетеді. Қазақстандықтар көбіне Vitara мен Grand Vitara-ны біледі.

 Honda 

Аты «сенім» ұғымымен байланысты тағы бір жапондық бренд – Honda 96,6%-бен британдықтар рейтингінің 4 сатысына «жайғасқан». Маркалар бойынша Jazz Hybrid бен Civic 97,6% бағамен үздіктер қатарында. Honda да Қазақстанда ресми түрде сатылмайтындар қатарында. Сұр жолмен сирек келетін көлікке сұраныс та аз. Әйтсе да қазақстандықтар Honda Accord, Honda Civic, Honda CR-V, Honda Odyssey-ді жақсы біледі. Сұр жолмен келген көліктердің сапалы екенін сатылымда әлі бар екенінен байқауға болады. Дәл қазір Kolesa.kz-те 1992 жылғы 300 мың теңгелік шығар-шықпас жаны бар Honda-ны да, 26 млн теңге тұратын 2024 жылғы, бірақ сұр жолмен әкелуге болатын бір-екі Honda Ridgeline-ні де табуға болады. Соңғы бір-екі жылдың көлемінде тоқпен жүретін Honda e:NS1-ді жиі кездестіруге болады. Бірақ көпшілік Қытайда құрыстырылатындықтан болса керек, жапон көлігі деп санамайтын сыңайлы.

Toyota

Британ басылымының рейтингіндегі 5-орынға 96,1% дауыспен – Toyota орналасқан. Егер бұл рейтинг Қазақстанда жасалса Toyota-ның бірінші орында тұратынына күмән жоқ. Ағылшындар Aygo X пен Yaris-ті 100%, RAV4-ті 98,8% дауыспен сенімді көлік қатарына кіргізген. Toyota-ның Қазақстанда 64 жиынтықтағы жеті үлгісі сатылады. Ең арзаны 12 млн.-мен басталатын 16 млн аралығында сатылатын Corolla мен 51-66 млн теңге аралығындағы Toyota Land Cruiser 300-дің ортасында RAV4, Land Cruiser 250, Toyota Highlander, Toyota Hilux, ұлттық көлік атанған Toyota Camry бар. Еске салайық, бұған дейін ескі де жаңа Camry-ге жан-жақты шолу жасадық. Танысып шықсаңыз болады: Ескі және жаңа Toyota Camry-дің артықшылығы мен кемшілігі неде? Camry 80 сұранысқа ие ме?

Dacia 

96,0% сенімділікпен алтыншы сатыда орналасқан Renault-тің бюджеттік нұсқасы Қазақстанда сатылмайды. Ал Renault-тің өзі үш жиынтықтағы Koleos атты кроссовері ресми сатылымда бар. 16-17 млн аралығындағы көлікті сұранысқа ие, барлық қазақстандық біледі деу қиын. Ал қолданыста болғандарының арасынан Renault Duster, Renault Sandero, Renault Logan, Renault Arkana танымал, бюджеттік бағада болғандықтан сұранысқа ие болған. Алайда сапасы көңілден шықпады ма, ресми сатылым тоқтағандықтан ба, сирек кездеседі, сұраныс аз. Ал британдық басылым тізіміне енген румындық Dacia-ны Қазақстаннан таппайсыз. Мысалы, Kolesa.kz-те жалғыз тал 2017 жылғы Dacia Lodgy 9 млн теңгеге саттыққа шығарған. Түрі, дизайны қазақстандықтарға ұнай қоймайды. Ортасында экраны бар, жарқылдаған қытай көлігімен салыстырсаңыз, біздің отандастарымыз Dacia-ға бұрылып та қарамайтын сыңайлы.

Citroën

Қазақстанның жолдарында жыл құсындай сирек кездесетін Citroën 94,1% дауыспен сенімді көліктер тізімінің 7-орнына «жайғасқан». Ең қызығы биылдан бастап елімізде Citroën-нің ресми дилері пайда болды. Дәл қазір құны 10 млн теңгеден басталатын Citroën C3 Aircross сатылымда бар. Алдағы уақытта С4, С4х, Jumper, Berlingo Multispace, Berlingo Fourgon сатылымға шықпақ. Жалпы бұл автокөлік сұранысқа ие болмаған. Мүмкін жаңаларын еуропалық исі үшін алып қалар.

BMW 

BMW – қазақстандықтар арасында ең танымал әрі тәуелсіздік жаңа алған тұста Opel, Mazda-лармен қатар ең алғаш әкелінген көліктердің бірі. Қазақстанда ресми де, қолданыстағы көліктер нарығында да көп сатылады. Мысалы, қазір ресми автодилерден 18 жиықтықтағы 12 үлгісін алуға болады. Ең арзаны электрлі BMW iX 46 млннан басталса, ең қымбаты BMW M8 Cabrio-ның бағасы 94 млннан басталады. Ал қолданыстағы BMW Kolesa.kz-те ең көп сатылатын автоның бірі. Дәл қазір 250 мың теңгеден бастап, 160 млн теңгеге дейінгі бағада 6978 көлік тұр. Халық арасында жиі бұзылатынын меңзеп, «BMW-ның жаңасы ғана бас ауыртпайды» деп айтылса да, ескілері сұраныста.

Renault

Француздық Renault 93,6% дауыспен рейтингтің 9-орнында. Renault туралы туысы Dacia жайлы жазғанда кеңірек тоқталдық. Алтыншы орындағы көлік туралы оқыңыз.

Hyundai 

Кореялық Hyundai қазір Қазақстанда «жұлдыз». Ресми де, «сұр жолмен» де әкелінеді, қолданыстағы көліктер нарығында да сатылады. Тіпті елімізде құрастырылады. Жаңаларынан сатылымда 78 жиынтықта 11 үлгісі бар. 8 млндық Bayon-нан бастап, 17 млннан басталатын Santa Fe-ге дейінгі Hyundai-ларға сұраныс көптігі соншалық, жарнамасына сеніп, барсаңыз салоннан таппайсыз. Тіпті жеткізу мәселесі жоқ деген қазіргі кездің өзінде 1-2 ай күтуге тура келеді. Ал сұраныстағы, қолданыста болған көліктер нарығында Toyota-дан кейін тұр. Сапа, сенім жағынан өзін 100 пайыз дәлелдеп үлгермесе де, сұраныс бар. Мүмкін еліміздегі ең ірі автохолдинг ресми сатушысы болғандықтан шығар?!

Қазақстандық автоәуесқойлар бұл тізімнен Lexus, Toyota, Hyundai-ды ғана қалдыратын шығар. Өйткені Ұлыбританияда сатылатын көліктің көбі бізде жоқ немесе аз. Ал Қазақстанда сұранысқа ие көліктер талғампаз әрі үнемшіл еуропалықтарға қызық емес. Мысалы, біздің сүйікті Camry немесе дүңкиген Land Cruiser-ді олардың рейтингінен көру қиын. Ал рейтингтегі көліктің көбін қазақстандықтар ең сапасыздар тізіміне қосары анық.

Ақбота Ахмет

Sarapshy.info

Сурет: freepik.com

Әлеуметтік желілер арқылы бөлісуді ұмытпаңыз