Орал қаласының әуежайына «ашық аспан» режимі енгізілді

Мемлекет басшысының ұшу географиясын кеңейту және халықаралық ұшулар санын ұлғайту тапсырмасы аясында Орал қаласының әуежайында «ашық аспан» режимі енгізілді. Яғни 5-ші дәрежелі «әуе еркіндігін» пайдалану құқығы берілді.

Тиісті құжатқа Көлік министрі Марат Қарабаев қол қойды. Демек қазіргі таңда елде 15 әуежай «ашық аспан» тәртібіне сәйкес жұмыс атқарады.

Олардың қатарында Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау, Ақтөбе, Қарағанды, Өскемен, Павлодар, Көкшетау, Тараз, Петропавл, Семей, Түркістан, Қостанай және Орал қалаларының әуежайлары бар.

«Ашық аспан» тәртібін енгізу жаңа шетелдік тасымалдаушыларды тартуға, жаңа халықаралық бағыттарды ашуға, бәсекелестікті арттыруға ықпал етеді. Бұл ұшулар шетелдік әуе компаниялардың Қазақстан қалалары арқылы үшінші елдердің қалаларына ұшуын білдіреді. Сонымен қатар Орал қаласы тұрғындарының өтініші бойынша авиарейстерді орындау кестесі түнгі уақыттан күндізгі және кешкі уақытқа қайта жоспарланды. Қала тұрғындарының өтініші назардан тыс қалған жоқ. Естеріңізге сала кетейік, бүгінгі күні Орал қаласы әуежайында бес ішкі (Астана, Алматы, Түркістан, Атырау, Ақтау) және бір халықаралық бағыттағы (Франкфурт) рейстер қарастырылған. Бір аптада 32 рейс орындалады», – деп хабарлады Көлік министрлігі.

Аптасына 778 халықаралық рейс

Қазақстан халықаралық рейстер географиясын кеңейтіп жатыр. Бүгінгі таңда біздің елден 32 елге тікелей ұшуға болады. Қазіргі уақытта 132 халықаралық әуе бағыты бар.

Қазақстандық және шетелдік әуе компаниялары аптасына 778 халықаралық рейс орындайды.

Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі шет мемлекеттердің авиациялық билік органдарымен ынтымақтастықты кеңейту бойынша үнемі келіссөздер жүргізіп жатыр. Бұл қолжетімді бағыттардың санын одан әрі арттыруға мүмкіндік береді.

Биыл Алматыдан Мумбай, Бейжің, Куала-Лумпур, Иркутск, Эль-Алаймен, сондай-ақ Ақтөбе–Шарм-эль-Шейх қалаларына жаңа әуе бағыттары ашылды. Оңтүстік-шығыс Азиядағы ең ірі лоукостердің бірі – малайзиялық «Air Asia X» әуе компаниясы Астанадан Душанбе, Прага, Сеул, Ақтау–Минеральные воды қалаларына тұрақты рейстерді қалпына келтірді, ал қытайлық «China Southern Airlines» әуе компаниясы Алматы–Үрімші бағыты бойынша рейстер санын көбейтті.

Австрияға тікелей рейс ашылады

Қазақстан мен Австрия арасындағы тікелей рейс 2025 жылдың көктемінде іске қосылады.

Қазақстан-Австрия іскерлік кеңесінің 9-шы отырысын өткізу кезеңінде ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаев бастаған қазақстандық делегацияның құрамында СКАТ авиакомпаниясының вице-президенті Владимир Сытник пен ҚР Австриядағы елшілігінің өкілдері, Австрияның туризм жөніндегі мемлекеттік хатшысы Сюзанна Краус-Винклер және Вена әуежайының бас директоры Юлиан Йегермен кездесті.

Кездесу барысында Қазақстан мен Австрия арасында 2025 жылдың көктеміне жоспарланған СКАТ әуекомпаниясының аптасына екі рет жиілікпен тікелей рейсін ашу, сондай-ақ туризмді дамытуды визалық қолдау мәселелері талқыланды.

Нұртай Текебай

Сурет: gov.kz

Әлеуметтік желілер арқылы бөлісуді ұмытпаңыз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған