Ақтөбеде спорт мектептерінің басшылары бюджет қаражатына бәс тіккен

Ақтөбе облысында балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің басшылары бюджет қаржысын жымқырған.

«Соңғы үш жылда Ақтөбеде кәсіби клубтарды дамытуға арналған қаржы екі есеге көбейді. Спортшылар үшін республикалық, халықаралық жарыстарға дайындалуға және қатысуға бюджеттен 13 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Тексеріс барысында спорт мектептерінің басшыларының алты миллион теңгеден астам бюджет қаражатын заңсыз жұмсағаны белгілі болды», – деп хабарлады Прокуратура.

Жоғалған қаржы мектеп басшыларының жеке қажеттіліктеріне, соның ішінде букмекерлік кеңселерде бәс үшін жұмсалған.

Сонымен қатар «Ақтөбе» футбол клубы командасын ұшақпен тасымалдауға есепсіз қаржы жұмсалып, әуе билеттерін бірнеше делдал арқылы сатып алу фактілері анықталды. Ол үшін 165 млн теңгеден астам қаржы төлем жасалған.

Аталған барлық фактілер бойынша прокуратура ҚК-тің 189-бабының 4-бөлігімен (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) үш іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

Соңғы алты жылда спорт саласын қаржыландыруға бюджеттен 1,4 триллион бөлінді

Жақында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен Туризм және спорт министрлігі бірлесіп спортты қаржыландыру саласындағы жемқорлық әркеттеріне сыртқы талдау жүргізді.

Антикордың ресми мәліметінше, соңғы алты жылда спорт саласын қаржыландыру шамамен 1,4 триллион теңгені құрады.

  • 2018 жылы – 165 млрд теңге
  • 2019 жылы – 204 млрд теңге
  • 2020 жылы – 177 млрд теңге
  • 2021 жылы – 223 млрд теңге
  • 2022 жылы – 296 млрд теңге
  • 2023 жылы – 340 млрд теңге

Бюджеттен осы және алдағы екі жылға тағы 1,3 триллион теңге бөлу жоспарланған.

Отандық спортқа бөлінетін қаржы Орталық Азия және алыс шет елдердің (Канада, Норвегия, Нидерланды) бюджеттерінен бірнеше есе артық.

Сонымен қатар Қазақстан Олимпиада ойындары бойынша медальдық есепте (2020 жылы – 83 орын (8 қола), 2022 жылы – 0 медаль, 2024 жылы – 43 орын (1 алтын, 3 күміс, 3 қола)) және Дүниежүзілік спорт рейтингінде (2014 жылы – 25 орын, 2018 жылы – 47 орын, 2023 жылы – 42 орын) төменгі орындарда көрінген. Бұның себептерінің бірі ретінде мемлекеттік қаржыны ұтымсыз жұмсауға және жымқыруға ықпал ететін жүйелі жемқорлық тәуекелдері негіз болып отыр.

«Отандық спортты дамытудың қолданыстағы саясаты отандық спортшыларды тиімді даярлауға бағытталмаған. Шетелдік ойыншыларды натурализациялау арқылы қол жеткізілген қысқа мерзімді жетістіктерге назар аударылады, ал жеке спорттық кадрларды дамыту бойынша жүйелі жұмыс жеткіліксіз болып отыр», – делінген еді ресми ақпаратта.

Сонымен қатар тәуелсіздік жылдары Қазақстан олимпиадалық спорт түрлеріне 126 шетелдік спортшыны сатып алғаны белгілі болды. Олар кейін өз еліне оралған.

Сурет: Ұлттық банк

Әлеуметтік желілер арқылы бөлісуді ұмытпаңыз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған