Қостанай облысының Жітіқара ауданында тұрғын үй өртеніп, бес бала қаза тапты. Қайғылы оқиға түнде болған. Үй шатыры опырылып құлаған кезде онда ересектердің қарауынсыз қалған 2011, 2016, 2018, 2019, 2022, 2023 жылы туған балалар болған.
«Бүгін таңғы сағат 05:00 шамасында Жітіқара қаласының төтенше жағдайлар бөліміне Клубная көшесі, 52 мекенжайында жеке үйдің өртеніп жатқаны жөнінде хабарлама түскен. Қызыл жалынды сөндіруді ТЖД, «Қостанай минералдары» АҚ, Жітіқара қаласының құтқару бөлімшесі және «Семсер Өрт сөндіруші» ЖШС күштері жүргізді. Барлығы 19 адам және бес бірлік техника жұмылдырылды. Өкінішке орай, өрт салдарынан бес кәмелетке толмаған бала қаза тапты», — деп хабарлады Прокуратура.
Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Өрттің алдын-ала себебі – пешті қараусыз қалдыру болып отыр. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысын Бас прокурор бақылауына алған.
Сондай-ақ бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева қайғылы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады.
«Үйде балалар ата-анасының қарауынсыз отырған. 2011 жылы туған бала зардап шекпеген. Алдын ала мәлімет бойынша, балалардың анасы кешке танысының үйіне кеткен, ал жұбайы – жазасын өтеу мекемесінде. Өңірлік уәкіл оқиға орнында. Психологтар балалардың туыстарына қажетті психологиялық көмекті көрсетіп жатыр. Ата-ана мен жақындарына көңіл айтамын», — деді Динара Зәкиева.
Қазақстанда кейінгі кезде балалардың өрттен қаза болуы жиіледі.
2019 жылы Астананың Көктал-1 елді мекенінде көмірмен жылынатын жер үйде өрт шығып, бір отбасының бес сәбиі көз жұмды.
2021 жылы Жамбыл облысына қарасты Жаңатас қаласында газ баллоны өртеніп, бір отбасының кәмелетке толмаған бес баласы қаза тапты.
Былтыр қазан айында Абай облысының Аягөз қаласында өрт себебінен бір үйден төрт бүлдіршін көз жұмды.
Сонымен қатар биыл қыста Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында жер үйде өрт шығып, балалар қаза болған еді.
Сурет: pixabay.com