Ескі және жаңа Toyota Camry-дің артықшылығы мен кемшілігі неде? Camry 80 сұранысқа ие ме?

Қазанның төртінен бастап елімізде ресми түрде жапондық Camry 80 сатыла бастады. Бұған дейін Қазақстанға Camry Ресейден келетін. Алайда 2007 жылы іске қосылған, жыл сайын 100 мыңға жуық RAV4 мен Camry құрастыруға қауқары бар зауыт 2022 жылдың 4 наурызында санкциялар мен бөлшектерді жеткізу мәселесіне байланысты жабылды.

2023 жылдың наурыз айында басы бүтін Ғылыми автомотор институтына (НАМИ) берілді. Сәл үзілістен кейін Camry Қазақстанға Жапониядан ресми жолмен, Қытайдан «сұр» жолмен жеткізіле бастады. «Сұр» жолмен жеткен қытайлық көлік таза қытай нарығына лайықталған.

Көлемі 2 литрлік жанармай немесе гибрид мотормен жабдықталған көліктің ерекшелігі – арзан әрі ресми Camry-ге қарағанда жылдам келді. Ал кемшілігі – ресми кепілдігі жоқ, мультимедиасы қытайша, кейбір бөлшектері жапондық «туысымен» сәйкесе бермейді. Әрі автоәуесқойлар шанақ бояуының қалыңдығы, темірдің жұқалығы біздің нарыққа бейімделмегенін айтады. Сапасы күмәнді.

Ал кешігіп жеткен ресми Camry-дің кемшілігі – баға мен дизайн жағынан аса көп өзгере қоймағаны. XV 70-тің 2017 жылы шыға бастағанын (2020 жылы сәл өзгеріске ұшырағанын) ескерсек, 7 жылдан кейінгі Camry мүлдем басқаша болуы тиіс еді. Алайда шанақтың алдыңғы бөлігін, ішкі мультимедиа жағын, гибрид мотормен ресми түрде сатыла бастағанын ескермегенде жалпы аса қатты өзгеріс жоқ. Бағасы алдыңғы 70 немесе 75-пен салыстырғанда (бағалары 20 млн теңгеден аспаған) қымбат болып келді. Ал 5 жиынтықта сатылатын жаңа Camry-дің бағасы 18,8 млн теңгеден басталып, ең қымбаты 23,8 млн теңге тұрады.

Бұған дейін ерекше сұранысқа ие болған Camry-дің жаңасын көпшілік көңілінен шыға ма, белгісіз. Өйткені қазір қазақстандық нарықта қытай көліктері сұранысқа ие. Сапасына күмәні болғанымен бағасы, көліктің жабдықталуы көпшілікті қатты қызықтырады. Мысалы, ең арзан Monzo-да жаңа Camry-ге жетеқабыл мультимедиалық монитор тұр. Соңғы кезде тіпті «сұр» жолмен келген көліктерді несиеге, бөліп төлеуге алу мүмкіндігі іске қосылды. Сондықтан ертеңгі күннен гөрі бүгінін көбірек ойлағандар жаппай алып жатыр.

Бұған статистика да дәлел. 2024 жылғы жеті айдың қорытындысы бойынша сатылым жағынан ТОП-10 тізімде Toyota алтыншы орынға жайғасты, ал Camry ТОП-20 тізімге әрең кірді. Бұл – жаңа көліктердің жағдайы.

Бұрынғы Toyota бүгін де сұраныста

Ал қолданыста болған көліктер нарығында Toyota әлі де дес бермей тұр. Мысалы, Kolesa.kz көлік іздеу жүйесінің жазуынша қыркүйекте сайтта сатылымға шыққан 178 мың автоның 34 мыңы Toyota өнімдері, ал жапон көліктерінің жалпы саны — 66 мыңнан асқан. Бұған елге жаңа жапон көліктерінің, оның ішінде Toyota-ның көп әкелінгені, қазіргі кезде ескі жапон көліктерінің де көбірек әкелінетіні себеп. Тамыз айының қорытындысы бойынша елімізге қолданыста болған 36,72 мың көлік әкелінсе, оның 54,3%-ы Күншығыс еліне тиеселі.

Бұған мамандардың сөзінше жапон көліктерінің құнының түспеуі, бөлшек пен сервистің салыстырмалы түрде арзандығы, ең бастысы – сапалы болуы себеп.

Әлемдік iSeeCars сайты 250 мың миль (402 мың шақырым) жүрген 402 млн автокөлікті зерттеп, ең сенімді 30 автоның тізімін жасаған. Ол жердегі 30-дың 20-сы Жапонияда жасалған, оның ішінде алғашқы ТОП-10 көліктің 5-і Toyota-ға тиеселі. Тізімде Toyota Tundra, Toyota Sequoia, Toyota 4Runner, Toyota Tacoma, Toyota Highlander Hybrid, Toyota Camry де бар.

Knopka.kz хабарландырулар сайтының зерттеуінше, 2024 жылғы қыркүйекте Қазақстанда ТОП-5 ең көп сатылатын ескі көліктер тізімін Toyota Camry мен Land Cruiser бастап тұр. Автоәуесқойлар бұған себеп – сенімділігі, бөлшектерінің қолжетімді болуы, таңдаудың болуы және инвестиция құралы деп жауап берген.

Ескі Camry әлі де инвестиция ма?

Toyota Camry — талай жыл культтік автокөлік болып келді. Тіпті халық арасында «қазақтың ұлттық машинасы» деп те аталып кетті. 2022 жылы Ресейдегі зауыты жабылғанда әлеуметтік желі қолданушылары «басқа, басқа Camry Қазақстанда құрастырылсын», деп бастама көтерген. Алайда бизнесте халық емес, нарық шешеді. Жапондар назарды Қытайға көбірек аударуды шешкен сыңайлы. Қазақстанда Camry талай жылдар бойы көлік қана емес, инвестициялық құрал да болып келді. Мысалы, 5 млн теңгеге алған көлігіңді 5-6 жыл мінгеннен кейін 7-8 млн теңгеге сату мүмкіндігі болатын.

Бұған басты себеп – доллардың қымбаттап отыруы. Соңғы жылдары доллар бағамы еркін айналымға жіберілгелі әрі Қытай көліктері көбейгелі, бұл мүмкіндік азайған. Camry-инвестицияның соңы халық 70 деп атайтын, ресми аты Camry XV 70-пен аяқталған сыңайлы. Бұған себеп – 2021-22 жылдары логистикалық жеткізу тізбегі бұзылып, Қазақстанға 6 айдан 1,5 жылға дейін көлік жеткізілмеді. Camry-дің бағасы 14,9 млн.-нан 19 млн.-ға дейін бір-ақ жетті. Оның өзінде 6 ай – 1 жыл күтуге тура келетін. Соған дейін 70 сатып қалғандар, сатқан жағдайда 1-2 млн теңгеден бастап 4-5 млнға дейін пайда тапты.

Ал қазір 80-ді алып, үстіне қосып сату мүмкіндігі жоқ. Өйткені нарықта таңдау көп. Мысалы, 10 млн теңгеге дейін қытайлық су жаңа Jetour, Changan, Chery, Geely, Omoda, Kaiyi, JAC-тарды таңдап аласыз. Мысалы, JAC JS5 шағын кроссовері 9 690 000 теңге тұрады.

Сапасы сенім ұялатпайды, бірақ ортасындағы 2.3-дюймдік экранды көрген кез келген адам, ойланбастан ескі көлік алғанша, жаңасына жүгіретіні анық. Әрі қытайлық автосатушылар кепілдігі мен бөліп төлеу мерзімін ұзақтау, несиесінің пайызын төмендетіп, клиентті тарта біледі. Сондықтан, әзірше ескі Camry, жаңа қытайлыққа жеңіліп жатыр.

Ескі Camry әлде жаңа Қытай көлігі?

Алайда көлік тілін білетіндер ескі Camry-ді екі қытайлыққа айырбастамайды. Себебі, тағы да сапа, оңайлықпен бұзылмайды, бөлшектің жеткілікті әрі арзан болуы, моторды немесе жүріс бөлігін кез-келген ТЖО-да жөндей алатын мамандар бар. Ал қытайлықтардың бөлшегі мен «тілін білетін» маман тауып көріңіз. Кейбір арзан түрінің өзінде бір ғана бөлшегі жарты құнына барады. Ал Camry-де мүлдем басқаша. XV50-ке дейінгі Camry мүлдем ескірді, сондықтан біз XV50, XV70-ті мысалға аламыз. Бұл екі үлгі де 2,0 немесе 2,5, 3,5-тік V6 мотормен жабдықталған. 2,0 немесе 3,5-тік Қазақстан, жалпы ТМД нарығында сирек таралды. 2,0 мысалы, XV50 -де 1AZ, кейін рестаилинг жасалған 55-те 6AR, XV70-тегі Dynamic Force сериясындағы моторларда болды. Тартылыс күші аз, моторының май жейтіні, помпа, тікелей бүрку жүйесі және желдету жүйесінде мәселелер болатын. Ал кең таралған 2,5-те «сальниктер», фазалық ауыстырғыштар, май жеу дроссель корпусын, су сорғысын және VVT-i муфталарын жиі ауыстыру сынды проблемалар кезігеді. Сондай-ақ мотордағы діріл жиі кезігетін. Оның емін көшедегі ТЖО-лар түгілі ресми дилердің мамандары да таппады, зауыттағы ақау деп ескертетін. Жалпы бұл қозғалтқыштың кез келгенін Қазақстан нарығынан 100 мыңнан 1 млн теңгеге дейінгі аралықта ескі не жаңасын, орнатып беруімен еш қиындықсыз таба аласыз.

Ал Aisin беріліс қорабы – мызғымайтын жанартау сынды. Бұзылған жағдайда 120 мың теңгеден бастап – 250 мың теңгеге дейінгі аралықта ескі немесе жаңасын табуға болады.

Жүріс бөлігінде – қозғалыс кезінде рөлдегі діріл, артқы суппорттардың тотығуы, шанақтағы хром бөлшектердің коррозияға ұшырауы мәселелері бар. Алайда мұның барлығы уақытында қызмет көрсетілсе, еш мәселе туындамайды. Мысалы, шанақтағы хром бөлшектерін ауыстыру жеңіл, неміс көліктерімен салыстырғанда коррозияға ұшырауы баяу, қытай немесе кәріс көліктерімен салыстырғанда шанақ бояғы берік. Мысалы, Camry 50, 70-тердің шанағына, соңғысының БАӘ немесе Ресейде құрастырылғандарының бояуы әлсіз деседе, ондаған жыл бойы бронды пленка тартудың қажеті жоқ, ал Қытай көліктеріне бірінші күннен пленка тартып, қорғау қажет.

Жас қазақстандықтарға жапон көліктерінің ішінде ұнамайтын тұсы – салонның әрленуі, мультимедиасы ескі көрінеді. Мысалы, су жаңа, 23,8 млн теңге тұратын ең қымбат Camry 80 мен бұған дейін біз мысал ретінде айтқан, 9 690 000 теңгелік JAC JS5 кроссоверінің мультимедиасы шамалас, қытайлық тіпті сапалы болмаса да бірінші салыстыруда жақсырақ. Алайда қашан, қайкүні істемей қалатынын ешкім білмейді? Ал жапон көлігін бөлшектеп, тастаған кезде ескі мультимедиасы істеп тұруы мүмкін.

Бұған дейін айтып өттік, Camry-лердің 70 тіпті 75-тері де ескіре бастады. Мысалы, соғылып, сырланбаған немесе жүрілген шақырымы артқа айналмаған, қытайлық, сапасыз бөлшек салынбаған Camry табу қиын. Өйткені халықтың махаббатына ие көлік қолдан-қолға жиі өтіп, тез сатылатындар санатынан. Сондықтан сатып алар кезде міндетті түрде мұқият тексеріңіз.

Camry-ді сапа ғана ұстап тұр

Мамандар, автоәуесқойлар да XV70 -тен бастап Camry-дің сапасы төмендеп барады дегенді айтады. Егер енді сатыла бастаған Camry 80-де сапаға селкеу түссе, қазақ нарығының басым бөлігі түбегейлі қытай көліктеріне көшетіні анық. Өйткені қазіргі кезде көпшілігін сапаға сенім ғана ұстап тұр.

Биылғы жылдың соңында елімізге Қытайда Tesla-мен тайталасып жүрген BYD ресми келсе, автонарықта жапон бренді сәл «ары жылжитыны» анық. Жалпы жыл басынан-ақ Жапония көлік жеткізу жағынан «төмен сырғып» барады.

Мысалы, қаңтар мен тамыз арылығында елімізге жалпы құны 1,5 млрд долларлық 94 154 жеңіл көлік әкелінген. Оның да  көбі Қытайға (44 536 машина) тиесілі. Одан кейінгі орында АҚШ (21 027) пен Жапония (13 328) тұр.

Ақбота Ахмет

Sarapshy.info

суреттер Camry 80-нің Қазақстандағы ресми тест-драйвы

кезінде түсірілді, авторы Ахтанберді Олжас

Әлеуметтік желілер арқылы бөлісуді ұмытпаңыз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған