Қызылорда облысының бүгінгі әлеуметтік ахуалына қарасаң, екі түрлі шындықпен бетпе-бет келесің. Облыстық басқармалардың есебінде өңір экономикасы 4 пайызға өсіп, жұмыссыздық небәрі 4,5 пайызды, ал кедейшілік деңгейі 5,4 пайызды құрап тұр. Алайда қарапайым халықтың күнделікті дастарқаны мен базардағы баға бұл сандармен қабыса бермейді. Ендеше, ресми есеп пен шынайы тұрмыстың арасы неге алшақтап кетті және облыс аудандарының жағдайы қандай?
«418 мың теңге» мен халықтың қиналысы
Ресми статистика бойынша Қызылорда облысындағы орташа айлық жалақы 418 672 теңге. Қарапайым тұрғындардың көбі бұл соманы естігенде таңғалатыны жасырын емес. Мұның сыры статистиканың есептеу әдісінде жатыр. Бұл цифр мұнай-газ, уран өндірісі және ірі квазимемлекеттік мекемелердегі жоғары жалақы есебінен шығарылады. Оған шағын кәсіпкерлікте жүргендер мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар кірмейді. Ал іс жүзінде облыс халқының 53 пайызы (444,8 мың адам) ауылда тұрады және ондағы көпшіліктің қолына алатын нақты табысы 150 000 – 220 000 теңге шамасында ғана.
Халықтың қалтасына салмақ салып тұрған негізгі үш себеп бар. Ресми дерек бойынша өңірдегі нақты жалақы индексі 95,6%. Қарапайым тілмен айтқанда, жалақы қағаз жүзінде өскенімен, азық-түлік пен коммуналдық қызметтің қымбаттауы салдарынан халықтың сатып алу қабілеті өткен жылмен салыстырғанда 4,4 пайызға төмендеп кеткен.
Мемлекет кедейшілік шегін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызымен (жан басына шаққанда шамамен 32–35 мың теңге) өлшейді. Отбасының табысы осы межеден сәл асса, ол ресми түрде «кедей» емес. Бірақ тапқан табысының 60 пайызы тамаққа, қалғаны тұтынушылық несиеге кететін отбасылар іс жүзінде жоқшылықта өмір сүруде.
Қызылордада туу көрсеткіші жоғары. Үйдегі бір-екі адамның жалақысы бес-алты балаға бөлінгенде шайлықтан артылмайды. Тұрақты әрі жоғары табыс таппағандықтан, соңғы сегіз айдың өзінде облыстан 8 200 адам (көбіне еңбекке қабілетті жастар) Астана, Алматы және батыс өңірлерге көшіп кеткен.
Аудандардың қайсысының көші ілгері, қайсысы тұралап тұр?
Сыр бойындағы 7 аудан мен Қызылорда қаласының табысы да, тіршілігі де бірдей емес. Ресми жұмыссыздық барлық ауданда 4,5–4,9% шамасында біркелкі көрсетілгенімен, тұрғындардың ауданнан көшу қарқыны кімнің қалай өмір сүріп жатқанын дәл көрсетеді.
Қызылорда қаласында облыс халқының 43,7%-ы (368,9 мың адам) шоғырланған және халық саны көбейіп жатқан (+1,2%) жалғыз аймақ. Бұнда ірі компаниялар, жаңа зауыттар мен құрылыс болғасын ресми жалақы жоғарылау. Алайда ауылдан жұмыс іздеп, көшіп келген ағайынның көбі қала шетіндегі саяжайларда тұрып, такси, базар саудасы мен жалдамалы жұмыс арқылы күнелтеді.
Өндірісті оңтүстіктегі Шиелі мен Жаңақорған ауданында уран өндіруші кәсіпорындар, цемент зауыты мен кеніштер бар. Соның арқасында Шиеліде жұмыспен қамту деңгейі аудандар ішінде ең жоғары (61,1%), ал Жаңақорғаннан халықтың сыртқа көшуі ең азын құрайды (-0,2%). Бірақ мұнда табыс теңсіздігі қатты байқалады, уран мен зауытта істейтіндер 400-700 мың теңге алса, өндіріске кіре алмаған қарапайым ауыл тұрғындары шағын егін мен малға ғана қарап отыр.
Солтүстіктегі қос аудан Арал мен Қазалы халқының жағдайын бюджеттік сала мен ресми мекемелерде төленетін 30–50 пайыздық экологиялық үстемақы демеп тұр. Қазалыда ірі теміржол торабы жұмыссыздықты 4,5% деңгейінде ұстаса, Аралда «Аралтұз» бен балық зауыттары тірек болуда. Соған қарамастан, қуаңшылық пен шалғай ауылдардағы жұмыс тапшылығынан екі ауданның да халқы жылына 0,8–0,9 пайызға азайып келеді.
Орталықтағы Жалағаш, Қармақшы және Сырдария аудандарының басты дерті маусымдық жұмыссыздық. Көктемнен күзге дейін егіс даласында жұмыс болғанымен, қысқы бес айда ауыл халқы табыссыз қалады. Сырдария ауданында мұнай мен ірі күріш шаруашылықтары болса да, егістікті механикаландыру қол еңбегін қысқартып, жұмыссыздық облыстағы ең жоғары межеге (4,9%) жеткен. Ірі зауыттары жоқ Жалағаш пен Қармақшыда халық саны жылына 1,4 пайызға кеміп, жастар қалаға үдере көшуде.
Қорыта айтқанда, Қызылорда облысында тақыр кедейлердің саны қағаз жүзінде өспегенімен, қымбатшылық пен несие салдарынан табысы тек ішіп-жемге ғана жететін отбасылар көбейген.
Бұл мәселені уақытша қоғамдық жұмыстармен немесе жәрдемақымен шешу (жәрдемақының «жыры» келер жылы басталады) мүмкін емес. Сыр өңірінің еңсесін тіктеу үшін әр ауданның өз ерекшелігіне сай тұрақты өндіріс қажет. Күрішке тәуелді Жалағаш, Қармақшы мен Сырдарияда қысы-жазы тоқтамайтын ет, сүт, тері өңдеу цехтарын ашу, Шиелі мен Жаңақорғандағы ірі кен орындарының айналасына жергілікті шағын бизнесті тарту, ал Арал мен Қазалыда балық пен химия өнеркәсібін тереңдету керек. Сонда ғана ресми есептегі «418 мың теңге» ауылдағы қарапайым еңбеккердің қалтасындағы нақты табысқа айналғанда, Сыр бойындағы көш тоқтап, халықтың тұрмысы да түзеледі деген сенім бар.
Нұрбек Дәуренбеков,
Қызылорда облысы

