Sarapshy.info хабарлауынша, Ресейге жұмыс іздеп барып, Украинадағы соғысқа тап болған қазақстандықтар елге оралды. Олар екі топпен: төртеуі 22 қазанда кешке, қалғаны 23 қазанда таңертең жетті. Әуежайда оларды бірнеше апта бойы балаларын қайтаруға тырысқан ата-аналары қарсы алды.
Оралғандардың арасында шымкенттік Айнабек Келдебек те бар. Жігіттер күзетші болып жұмыс істеуге барғанын, бірақ майданға тап болғанын айтып, бейнеүндеу жолдаған еді.
Осы мәселемен айналысып жұрген адвокат Мейірман Шекеевтің мәліметінше, сол үндеудегілердің бәрі елге қайтты, олардың жасы 18-24 аралығында.
Қазақстан заңы шетелдегі қарулы қақтығыстарға қатысқаны үшін жауапкершілікті көздейді. Алайда Шекеев жігіттер соғысуға ниеттенбегенін, алданып барғанын айтып, әрқайсысының ісі жеке қаралуы керек деп санайды. Түпкілікті құқықтық бағаны құқық қорғау органдары береді.
Қазан айының басында жігіттердің аналары Астанаға келіп, Сыртқы істер министрлігіне жүгінген. Туыстарының айтуынша, құжатқа қол қойғаннан кейін келісімшарттың әскери қызметке қатысты екені анықталған. СІМ Ресей тарапына дипломатиялық нота жолдады, келіссөздер жалғасып жатыр, өзге қазақстандықтар да оралуы мүмкін.
сурет: Росмедиа

