Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі әуежайлар мен теңіз порттарының қауіпсіздігін күшейтуді тапсырды. Бұл жөнінде Ақорда хабарлады.
Премьер-министрге, құқық қорғау органдары мен ұлттық компаниялардың басшыларына, «Самұрық-Қазына» қоры мен әкімдерге транспорттық, энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды, соның ішінде аэропорттар мен теңіз және өзен порттарын қорғау деңгейін жоғарылату міндеттелді.
Тапсырмалардың орындалуын бақылау Қауіпсіздік кеңесінің хатшысына жүктелді.
Айта кетейік, 28 ақпанда басталған Ирандағы қақтығыстан кейін Қазақстаннан Таяу Шығысқа ұшатын әуе рейстері тоқтатылды.
Қазір қақтығыс эскалациясы аумағында 9 мың Қазақстан азаматы бар. Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев қазақстандықтарды қайтару жұмыстары басталғанын хабарлады. 1 наурыздан бастап 946 азамат Қазақстанға оралған, бүгін тағы 800 адамды қайтару жоспарланған.

