19 ақпанда Оралда «Сервис» технологиялық колледжі базасында даму ерекшеліктері бар жасөспірімдерге арналған алғашқы оқу-өндірістік комбинат ашылды.
«Киім және аксессуарлар декораторы» бағыты бойынша ашылған ОӨК ерекше білім беру қажеттіліктері бар жастарға кәсіби білім беруге, практикалық дағдыларын дамытуға және жұмысқа орналастыруға бағытталған.
Жоба «Bolashak Charity» қоғамдық қорының қолдауымен ашылды.
«Биыл «Болашақ-Charity» қоғамдық қорына 15 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында қор елімізде инклюзивті білім беру жүйесін енгізу мен дамыту бағытында жүйелі әрі белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Қор бастамасымен Қазақстанның 24 қаласында инклюзияны қолдау кабинеттері ашылды. Бүгінде сол балалар мектепті тәмамдап жатыр.
Уақыт өте келе ата-аналар тарапынан «Мектептен кейін қайда барамыз? Қандай қолдау шаралары бар?» деген сауалдар жиілей түсті. Осы сұранысқа жауап ретінде қор екі жыл бұрын «Оқу-өндірістік комбинаттар» (ОӨК) жобасын іске қосты. Жоба аутизмі және өзге де менталдық ерекшеліктері бар жасөспірімдер мен ересектерге арналған», — деді қордың әлеуметтік-инклюзиялық бағдарламалар жетекшісі Самал Албілекова.
Қазір Оралда бағдарлама бойынша 14-19 жас аралығындағы 10 жасөспірім білім алып жатыр. Оқу мерзімі — алты ай, курс соңында мемлекеттік үлгідегі куәлік беріледі.
Қор өкілдерінің мәліметінше, жоба 2024 жылы Астана қаласында бастау алып, бүгінде Орал және Қарағанды қалаларында жалғасып жатыр. Қазір 100-ден астам жас кәсіби оқумен қамтылып, 20 түлек колледжге түскен, 12 қатысушы тағылымдамадан өткен, 3 адам жұмысқа орналасқан.
Жобаның үйлестірушісі, мінез-құлық бағдарламаларының кураторы Екатерина Таженовның айтуынша, балалар колледжде белгіленген ережелерге сәйкес оқиды.
«Әр бала жеке ерекшеліктеріне қарай топтарға бөлінген. Бір ұстазға екі оқушы бекітіледі. Олар өз шеберханаларында жалпы бағдарлама аясында жұмыс істейді, алайда тапсырмалар баланың қабілеті мен дағдысына қарай жеке іріктеледі.
Қазір үш топ бар. Олардың бірі – болашақта осы колледжге түсуі мүмкін оқушылар. Ал екі топтағы балалар үшін жоба ең алдымен қарым-қатынас және қоғамдық ортада өзін ұстау дағдыларын қалыптастыруға бағытталған», — деді маман.
Гүлмирам Қазиева – ерекше баланың анасы. Оның айтуынша, бұл колледждің ашылуы ата-аналар көптен күткен маңызды қадам болған.
«Қызымның білім жолы оңай болған жоқ. Бірінші және екінші сыныпты үйден оқыдық. Одан кейін үшінші сыныптан бастап жалпы білім беретін мектепте коррекциялық-түзету бағыты бойынша арнайы сынып ашылып, «Болашақ» қорының бастамасымен сол сыныпқа қабылдандық.
2025 жылдың 25 мамырында қызым 9-сыныпты тәмамдады. Алайда 10-сыныпты сол мектепте жалғастыру мүмкін болмаған. Балалардың диагнозына байланысты арнайы білім беру ұйымына ауыстырылып, қазір №15 мектепте оқып жатыр», – дейді ол.

